САЙРАМ: ДІН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

0
16


Сайрамдықтардың назарына еліміздегі дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларды ұсынамыз.
Дәстүрлі діни құндылықтардың рухани күші ұлттың бірегейлік пен рухани, ұлттық құндылықтарды сақтауға мүмкіндік береді. Дәстүрлі діндер мемлекеттің діни саладағы саясатына қолдау көрсетуі және оны діндарлар арасында түсіндіруі бүгінгі күнде өте маңызды. Елдегі діни сананың өсуі, жастар санасында діни құндылықтарды орнату мәселесі, түрлі жат діни ағымдардың миссионерлік қызметінің белсенділігі, діни жағдайды ғылыми тұрғыда талдап, зерделейтін дінтанушы мамандарды қажет етеді. Дінтанушы мамандарды кәсіби тұрғыда дайындау және оларды жұмысқа орналастыру маңызды. Сондай-ақ мектептерде дінтану пәнін жүргізетін ұстаздардың білімін жетілдіру, дін істері саласында қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлердің діни білімін арттыру үшін түрлі деңгейдегі оқу-ағарту курстарын ашу өзекті. Қазақ елі – жүзі жарқын, болашаққа қарай ұмтылған жас тәуелсіз мемлекет. Қазақстан демократиялық, зайырлы құндылықтарды ұстанатын ел және еліміздегі этностар өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мен дамытуына барлық жағдайлар жасалған. Дінаралық келісім мен сұхбаттастықты қалыптастыруда дінтану пәннің өзіндік орны болмақ. Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында дүниежүзінің өркениетті елдерімен саяси және экономикалық әріптестік орнатты.
Қазіргі таңда әлемде жүріп жатқан жаһандану үдерістері ел тәуелсіздігіне, ұлттық мәдениетке экономикалық дербестікке, жалпы алғанда халқымыздың болашағына қалай әсер ететіндігі баршаны толғандырып келеді. Тәуелсіздігімізді алғалы бері жалпы халқымыз, әсіресе жас ұрпақ дінге ерекше ден қойды. Себебі адамзат қоғамы пайда болғалы бері адамзат баласының дінге деген қатынасының маңыздылығы ешқашан жойылған емес. Дін адамзат баласының ең терең рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын күш болып табылады. Сондықтан дінді дұрыс, жете түсінбеу қоғамда түрлі сенім негізінде адамдар арасындағы, конфессия арасындағы, халықтар арасындағы қайшылықтарға алып келеді. Асылында бір де бір шынайы дін адамзатты зұлымдыққа, жамандыққа шақырмайды. Керісінше қиын кездер де адамға рухани азық беріп, қолдау болып, қоғамның ұйытқысына айналады. Сол себептен діннің негізін, ішкі рухани дүниесін, шығу тарихын, даму барысындағы түрлі ағым бағыттарындағы көзқарасын, ерекшеліктерін зерттеу маңызды. Сонымен қатар, сол діндегі құндылықтарды әр қырынан тану қажет. Осы орайда Қазақстан халқының тарихи және мәдени діні Исламдағы құндылықтар жүйесін, оның ішіндегі төзімділік мәселесіне бір шама зерттеу жүргізгеніміз мақұл. Себебі тілі мен діні әртүрлі көпэтносты мемлекетімізде татулық пен бірліктің негізгі ұйытқыларының бірі – қазақ халқы, қазақтың жомарттығы мен меймандос көңілі.
ҚР Статистикалық агенттігінің мәліметтеріне сүйенер болсақ Қазақстан халқының жетпіс пайызы мұсылман. Демек біздің полиэтникалық қоғам өмірінде татулық пен төзімділік доктриналарының етек алып, қанат жаюына Ислам мәдениетінің рөлі айырықша деген сөз.
Бұған қоса еліміз ЕЫҚҰ-ға төрағалық етуімен бүкіл әлемге жария еткен төрт «Т» Сенім (trust), Дәстүр (tradition), Ашықтық (transparency), Төзімділік (tolerance) ұрандары исламдағы адамгершілік құндылықтармен үйлесіп жатырған тұстары жетерлік. Мысалы бүгінде БАҚ-та жиі айтылатын «төзімділік» (tolerance) сөзін алайық.Көптеген мәдениеттерде төзімділік (толерантность) латынның – tolerantia; ағлышынның – tolerantion; немістің – toleranze; француздың – tolerance сөздерінің синонимы ретінде қалыптасқан. Біздер осылардың баламасы ретінде «төзімділік» сөзін алып жүрміз. Ресей энциклопедиялық сөздіктерінде толерантность сөзін – шыдау деп берген яғни, басқалардың пікіріне, іс-әрекеті мен қимылына шыдамдылық таныту, сабырлық көрсету деген мағынаны білдіреді. Ал енді ислам мәдениетінде төзімділік сөзін – әт-тасамух сөзімен баламалайды.Әт-тасамух араб тілінде бірнеше мағынаны білдіреді. Мұның төзімділікке қатысты мағынасы: өзгенің пікіріне, іс-қимылына сабырлық таныту, оған кешіріммен қарай білу.Әт-тасамух сөзінің жасалу формасының өзі араб тілі білімінде бірнеше адамдардың арасында болатын іс-әрекетті білдіреді. Адамдар өзара жұмсақ мінезді, мейірімді, бір-біріне кешіріммен қарап, сабырлық танытулары керек деген сөз.
Исламда төзімділіктің мән-мағынасын аша түсетін бұл құндылықтардың әрбірінің мән-мағынасы терең. Мәселен, мұсылманшылықтағы сабырлық сипатына тоқтала кетейік. Сабырлық адам бойындағы адамгершілік құндылықты құрайтын көркем сипаттардың бірі. Оның мынадай түрлері бар:1. Ислам бұйырған әмірлерге сабырлы болу;2. Ислам қайтарған әмірлерге сабырлық таныту;3. Алланың тағдырға жазған қайғы-қасіретіне сабырлы болу.Ислам тарихында «бабу әл-ильм» (ғылымның есігі) атанған ірі тұлға Әли Ибн Әбу Толибтің адамды сабырлыққа жігерлендіретін мынадай сөздері бар: «Өмірде сабырлық қасиетін, денедегі баспен теңеуге болады. Егер денеден басты айыратын болса, онда дене өледі. Сол сияқты өмірде сабырлық болмаса, іс-әрекет те бұзылады». Мұсылман дініндегі төзімділіктің маңызы мен орнын осы сөзден байқауға болады. Расында да адамның басы болмаса, адам өледі. Егер біздің бойымызда сабырлық болмай, басқалардың пікірі мен ұстанымдарына төзімді бола білмесек, онда біздің қоғамдағы татулық пен ауызбіршіліктің берекесі кетеді.
Қазақстандық көпэтноконфессиялы мемлекеттегі бейбітшілік пен келісімді, мәдениеттер мен діндердің бірегей диалогын бүкіл әлемдік қауымдастық, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Өркениеттер альянсы, ИЫҰ, БИЛ, ЮНЕСКО сияқты жетекші халықаралық өзара іс-қимыл құрылымдары/институттары мен әлемдік және дәстүрлі діндердің беделді көшбасшылары мойындағаны белгілі.
Қазіргі уақытта 130-дан астам этнос пен 18 конфессия өкілдері Қазақстанда татулық пен келісімде өмір сүруде. Конфессияаралық келісім саласындағы қазақстандық тәжірибе көп жағдайда бірегей. Республикада дәстүрлі діни бірлестіктерден (ислам және христиан) бастап елде бұрын болмаған жаңа діни нанымға дейінгі діни бірлестіктердің кең ауқымы бар. Түрлі көзқарастардың, дәстүрлер мен мәдениеттердің сан алуан болғанына қарамастан, Қазақстан діни тұрғыдағы қақтығыстар туындамайтын мемлекет болып қалады. Қоғамдағы тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі, Қазақстандағы діни дәстүрлердің жаңғыруы мен дамуы, діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге, қоғамдық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған салмақты әрі сындарлы мемлекеттік саясаттың нәтижесі болып табылады. 2019 жылғы әлеуметтік сауалнамалардың деректері көрсеткендей, респонденттердің 76 %-ы елдегі діни ахуалды «қолайлы», «тұрақты» деп бағалайды. Дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты азаматтардың 89 %-дан астамы қолдайды.
Бұл көрсеткіштер дін саласында мемлекет қабылдап жатқан шаралардың діни ахуалдың тұрақтануына ықпал ететін және қоғамда кеңінен қолдау табатын шаралар ретіндегі тиімділігі мен нәтижелілігін айғақтайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген, өзінің дін саласындағы саясатын мемлекет бүгінде соған сәйкес іске асырады.

Leave a reply