Thursday, November 21

САЙРАМ: ЖАТ АҒЫМДАРДАН ҚАЛАЙ САҚТАНАМЫЗ?

0
19


ХХІ ғасырда интернеттің дамуымен қатар, виртуалды әлемдегі теріс деструктивті ағымдардың да белсенділігі артып отыр. Бұрын көше кезіп өз сенімдерін таратқан олар бүгінде толықтай ғаламторға көшті десе болады. Алайда, белгілері өзгерген жоқ. Мұндай деструктивті ағымдарды тану үшін адамға дін ғұламасы болу керек емес. Жат ағымдардың негізгі белгілерін тани білсе, кез келген адам теріс идеологияны таратқан дінбұзарлардың қақпанынан аман қалуы мүмкін екені баршамызға аян. Осы орайда Сайрам ауданының тұрғындарының назарына жат ағымдар және дін саласындағы саясаттар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз.
Дiни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмағаны баршамызға белгілі. Алайда, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жер-жерден бой көтере бастады. Кешеге дейiн еліміз бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болған. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер – кертартпа-жатпиғылды ағымдар көбейіп, дiнiмiзге әртүрлі жаман атаулар таңылуда.
Осындай жат ағым, қарапайым халықты сонау ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында қаншама айлы-шарғыларын жасауда. Асылы Ислам дінінің атын жамылған ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта өз мүдделерін жүзеге асыруда. Әсіресе, ұлттық дүниетанымына сай келетін Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндері анық. Мұндай жатпиғылды ағымдардың шырмауына түскен елдің болашағы болып саналатын жас буынды бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал. Сол себепті елімізді паналаған кез келген ағымды «жақсы-жаман» деп бөлуге болмайды. Неге? Өйткені, олардың түпкі мақсатында: «бөліп ал да, билей бер»-деген ұстаным жатқаны анық.
Еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында, сондықтан жастарымызға барынша көңіл бөліп, дұрыс тəлім-тəрбие алуына, дұрыс діни білім алуларына көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Сол себепті де, тəлім-тəрбиені ең алдымен отбасымыздан, балабақшадан, мектептен жəне оқу орнынан бастағанымыз жөн. Балабақша тəрбиешілері, мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тəрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тəлімін айтса – бала көргені мен естігеніне амал ететін болады.
Сөздің соңын қорытындылай келе жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан ұлттық құндылығымыз бен болмысымыздың қадір-қасиеті адамзат үшін басты құндылық. Екінші ұстаз атанған Әбу насыр Әл-Фараби «Адамға ең бірінші – білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы. Ал келешекте оның барлық өмірін апат етеді» –дегендей әрбір отбасы өз жанұясынан бастаған жөн.
Халқымыз ерте кезден – ақ адамгершілікті, әдепті бағалай білген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі – өнеге көрген қыз бала қайда болса да, келін болғанда да көрегенділігін көрсетеді. Ал жақсы тәрбие алған ұлдар жау келгенде жайдақ атқа міне шабатын өжет, батыл, адал, жеріне, туған халқына ыстық ықыласты, үлкенге де, кішіге де қамқор бола біледі. Ұлттық ізгі дәстүрімізді ескіліктің қалдығы деп мұрын шүйіре қарамай, осы заманға лайықтысын таңдап алып, инабатты қыз, ұлағатты ұл тәрбиелеу ата – ананың міндеті. Ұлт ұлысы М.Әуезов «Ұлыңды тәрбиелей отырып халықты тәрбиелейсің, қызыңды тәрбиелей отырып ұлтыңды тәрбиелейсің», – деп бекер айтпағаны анық.
Ұят жүрген жерде абырой төгілмейді,
Абырой бар жерде ар шапаны сөгілмейді.
Қ.САЛЫҚБАЕВ,
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің басшысы.

Leave a reply