САЙРАМ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА ЭТНОС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
«AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының мәжіліс залында «Этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі кешенді ведомствоаралық жоспарының » 41, 42, 43 тармақтарының талаптарын орындау мақсатында аудандық этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің қызметкерлері, өзбек, түрік, күрді, әзірбайжан, неміс, кәріс этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен өкілдері, ауылдық округ әкімшіліктерінің жауапты мамандары қатысты.
Кездесуді ақын, жазушы, «Мәртөбе» газетінің редакторы Нұрғиса Төремұратов жүргізіп отырды.
Басқосуда сөз алған Базарбай Мамадиярұлы: Һәкім Абайдың 19-шы қара сөзінде былай делінген: Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады – деді.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім». Тілге жан бітіретін де, тілге қуат беретін де, тілдің мәңгілік жасауына себепші де біз, ағайын! Тіл арқылы еңсеміз көтеріліп, тұғырымыз биіктей берсін – деп тілегін білдірді.
Кездесу барысында қатысушылар пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауаптарын алды.