САЙРАМ: ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

0
3

«AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының мәжіліс залында «Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті.
Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында көтерілген өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесуді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы ашып, жүргізіп отырды.
Кеңес отырысына аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков және мүшелері, ауданның мәслихат депутаттары, кәсіби медиатор Сайера Даванова және кәсіби емес медиаторлар, Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
Кеңес отырысында А.Қабылбеков сөз сөйлеп, құрылтайда айтылған маңызды мәслелерге тоқталып өтті.
– Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек – деді ол.
Келесі сөз алған Арыстан Оразалыұлы кітап оқудың маңыздылығына тоқтала келе, күш – білімде, білім – кітапта екенін атап өтті.
– Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру керек, – деді ол.
Жарыссөзге шыққан ауданның Құрметті азаматы А.Құрманбеков: «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтыламыз. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа бірге жетеміз» деп, өз ойын ортаға салды.

Leave a reply