Wednesday, December 4

САЙРАМ: Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы аудандық Аналар кеңесі мүшелерінің қатысуымен ІV тоқсандағы отырысы өтті

0
34

«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының ғимаратында бекітілген жылдық жұмыс жоспарға сәйкес, «Салауатты сана» жобасын іске асыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы аудандық Аналар кеңесі мүшелерінің қатысуымен ІV тоқсандағы отырысы өтті.

Кеңес отырысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы: Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесімен әзірленген «Салауатты сана» жобасының мақсаты – отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықты, жасөспірімдер арасындағы ойынқұмарлықты (лудомания), нашақорлықты, вандализм мен ысырапшылдықты қоғамның қабылдамауына иммунитет қалыптастыру.

Мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақты, этнос жастарын ынталандыру шаралары арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамыту деп, ойымен бөлісті.

Сондай ақ, сөз алған аналар кеңесінің белсенді мүшесі, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Ерназарова Раушан Пердебекқызы: қоғамда бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде ата-ананың жауапкершілігін арттыру мақсатында, 2025 жылы аудандағы 11 ауыл округінде жоспарлы түрде көшпелі отырыстар өткізу қажеттілігіне тоқталды.

Отырыс барысында қатысушылар Р.Ерназарованың ұсынысын қолдап, аудан көлемінде бала тәрбиесінде нәтижелі жұмыстарға бағытталған іс-шараларда белсенділік танытамыз деп шешті.

Бұл бастамаға мұрындық болған Аналар кеңесі жайында айта кетейік. Тарихына тоқталайық. Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Олардың құрылуына түрткі болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2013 жылдың 4 сәуірінде өткен XX сессиясында сөйлеген сөзі.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы тапсырма берілді.

Сол кезде елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Елбасының Қоғамдық келісім кеңестерін құру жөніндегі тапсырмасы сол ұйымдардың Аналар кеңесі деген атаумен қоғамдық бірлестік ретінде ресімделуі үшін негіз болды.

ҚХА жанындағы Аналар кеңестері елімізде ұйымшылдықпен бір мезгілде, шамамен бір-екі ай ішінде құрылған болатын. Бірден олардың қызметін бірыңғай форматқа келтіру, жұмыстарының бағытын айқындау бойынша ой-пікірлерді ортаға салып, бір арнаға тоғыстыру қажеттігі байқалды. Сөйтіп, 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы болып өтті.

Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге шектеу жоқ. Қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай – ақ этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды және белсенді жұмыс істейді.

Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.

Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналды. Жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді, бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысады. Соңғы жылдары үлкендер үшін де, жастар үшін де әсіресе «Қазақтану», «Төркіндеу» сияқты жобалар тартымды болды.

Мүшелікке кіргісі келгендердің саны артып келе жатыр. Жыл басында олардың қатарында шамамен 11 мың адам болды.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде атап өтіледі. Отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас: ең басты мәселе – жас ұпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Аналар үшін біздің жеңістерімізді, жетістіктерімізді, ең бастысы, біздің аса зор құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді кімге табыстайтынымыз аса маңызды мәселе.

Адамның көптеген көзқарастары мен ұстанымдары отбасында тәрбиеленеді. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие мәселе. Біз бала кезден басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қараушылықты, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін тәрбиелеуге тиіспіз. Бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз.

Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе.

Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасайды. Аналар кеңесінің әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде ұсынылған көптеген қоғамдық маңызды бастамалар мен жобалар осы серіктестіктің нәтижесі болып табылады.

ҚХА Аналар кеңесі жұмысының ерекше бағыты – қайырымдылық қызметі. Бұл, әсіресе, өткен жазда, Арыс трагедиясы күндері ерекше айқын көрінді. Жарылыстан кейін бір күн өткен соң ҚХА Аналар кеңесі «Арыс балаларына – Детям Арыси» республикалық акциясын жариялап, ол оқу жылы басталғанға дейін жалғасты.

Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және басқа облыстардың Аналар кеңестері Арыс балаларының демалысын ұйымдастыруға шешім қабылдады. Барлық өңірлердегі аналар балаларға көмек көрсетудің бастамашылары мен белсенділері болды: олар қаражат, керекті заттар жинап, бірнеше мәрте гуманитарлық көмек жіберді.

Аналар кеңесінің мүшелері өз ұйымдарының түпкі мақсаты қазақстандық қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау, дамыту және нығайту екенін жақсы біледі. Бұл – үлкен рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс.

Іс жүзінде барлық өңірлік кеңестер ерлі-зайыптылардың ажырасуының алдын алуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған жұмыстарды жүргізеді. Мұндай жұмыстың өте жақсы, нәтижелі мысалдары да баршылық. Алматы облысында «Ана медиатор» жобасы жүзеге асырылуда. Күзде өткен Республикалық аналар форумында олар осы жобаның нәтижесінде 2 жыл ішінде 1000-нан астам бала тәрбиеленіп жатқан 500-ге жуық отбасы сақталғанын мақтанышпен мәлімдеді.

Ал 2018-2019 жылдары «Ақ отауға ақ бата» жобасы аясында ұлттық дәстүрлерге сәйкес үйлену тойлары өткізілді. Бас құраған 50-ден астам отбасы аналардың тікелей қамқорлығына алынды. Енді аналар алғашқы жылдары осы отбасыларды рухани сүйемелдеп, кеңес беріп, ақыл айтып, дағдарыстық жағдайларда қолдау көрсетеді. Мұндай жұмыс өңірдегі ажырасудың азаюына ықпал етері анық. Қазір бұл тәжірибе облыс бойынша таратылауда.

Өткен форумда аналар тағы бір маңызды мәселеге ерекше тоқталды: олар өз жұмыстарында ұлдарға тиісті тәрбие беру ісін күшейту керектігіне назар аударды. Шындығында да біздің бәріміз жабылып, қыздарды тәрбиелеуге кіріскеніміз құпия емес, ал болашақ ер адамды тәрбиелеу назардан тыс қалып келді. Содан кейін: бізде ажырасудың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейі қалай көбейіп кеткен? – деп таң қаламыз.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың «батырлары» қайдан шығады? Неге жыл сайын ажырасу саны артып келеді? Жас жігіттер арасындағы масылдық көрсеткішінің өсу себебі қандай? Мұның бәрі жас ұрпақпен жұмыс істеуде жіберілген кемшіліктердің салдары. Форум қатысушылары Аналар кеңестерінің тек қыздарға ғана емес, сонымен қатар болашақ әкелер мен отбасы басшыларына да көңіл бөлулері керектігін атап өтті. Ұлдарды тәрбиелеу ісі жақсы әкелердің өнегелерін насихаттаумен ұштастырыла жүргізілуі керек.

Елде төтенше жағдайдың енгізілуі – бұл бұрын-соңды болмаған жағдай, бүкіл халық үшін үлкен сынақ болды. Алғашқыда адамдардың сасқалақтап, абыржып қалғаны рас. Дәріханаларда маскалар жоқ деп, ашу шақырғандар да болды. Міне, осы кезде біздің белсенділеріміз, аналар кеңесінің мүшелері жергілікті теле, радио арналар арқылы сөйлеп, әлеуметтік желілерде посттар жазып, сабырға шақырды.

Алматы облысы Алакөл ауданының Аналар кеңесінің мүшелері округтік аналар кеңестеріне үндеу жариялап, маскаларды өздеріміз тігейік деген бастама көтерді. Бірден жедел топтар құрылып, маскалар тігіле бастады. Олар өз өнімдерін ауыл тұрғындарына тегін таратты. Алакөл аудандық Аналар кеңесінің бастамасы бүкіл облысқа тарады.

Осыған ұқсас ақпараттар барлық өңірлердегі көптеген басқа да аналар кеңестерінен келіп түсті. Ақтөбе облыстық Аналар кеңесінің мүшелері «Бірлік» еріктілер тобымен бірге халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсете бастады: азық-түлік, дәрі-дәрмек, 200-ге жуық маскалар ардагерлерге, тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға таратылды. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ арнайы автобус беріп, бұл неғұрлым көп адамды қамтуға септігін тигізді. Облыстық Аналар кеңесі жанындағы «Құрақ көрпе», «Аялы алақан» сияқты әйелдер клубтарының мүшелері де игі істерден тыс қалған жоқ.

Шалқар аудандық аналар кеңесі «Біз біргеміз!» акциясы аясында 300 маска тігіп, таратты, тұрмысы нашар отбасыларға құны 100 мың теңгелік азық-түлік жеткізілді.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының аналар кеңесі үйде отырып, 500 дана маска тігіп, оны еріктілер арқылы тегін таратуды ұйымдастырды. Тұрғындардың тиісті санатына ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» қозғалысына қатысушылардың көмегімен азық-түлік жиынтығы мен дезинфекция жасайтын сұйықтықтар жеткізілді. Мұқтаж адамдар хабарласуы үшін «Қоғамдық келісім» КММ жанынан жедел байланыс телефоны орнатылды.

Солтүстік Қазақстан облысында этномәдени орталықтар мен Аналар кеңесінің мүшелері Петропавл қаласы ауруханасының медицина қызметкерлері үшін обаға қарсы киімдерді сатып алғанын хабарлады. Облыс көлемінде Аналар кеңесінің мүшелері көп балалы отбасылар мен жағдайы төмен азаматтарды қолдау мақсатында «әлеуметтік маскалар» тігуге кірісіпті.

Павлодар облысы Ақсу қаласы Аналар кеңесінің төрағасы Рымкеш Сламбекова бір өзі 100 дана маска тіккен. Бұдан кейін аналар кеңесінің мүшелері Достық үйінің базасында көп рет киюге болатын маскалар тігуге кірісті.

Түркістан облысы Аналар кеңесінің мүшелері кезекпен ыстық тамақ дайындап, блокпосттарда күнделікті вахтада жүрген әскери, полицейлерді тамақтандырды. Мұндай мысалдар өте көп.

Коронавирустық инфекцияның таралуы жағдайында Аналар кеңесі азаматтық татулық пен келісімді нығайту, тұрмысы төмен жандарды қолдау, халықты карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етуге және төтенше жағдай режимінің талаптарын орындауға жұмылдыру жөніндегі жұмысты жалғастырды.

Карантинге байланысты аналар кеңесінің жоспарланған барлық іс-шаралары онлайн-форматқа көшті.

Ең маңыздыларының бірі – аналардың #бізбіргеміз, #бізүйдеміз акцияларына атсалысуы. Этномәдени бірлестіктердегі әйелдер #үйдетамақістейміз телевизиялық сабақтарын жүргізді.

Қостанай облыстық Аналар кеңесінің бастамасымен кейіннен барлық Аналар кеңестері қолдап, #Абай175қха хэштегі бойынша бейне-челлендж басталды.

Аналар кеңесінің көптеген мүшелері өнердің әртүрлі түрлерін зерттеу бойынша бейне сабақтар өткізеді. Мысалы, Ақтөбе аналар кеңесінің мүшесі Лаура Бердібекова құрақ көрпе тігуді үйрету бойынша онлайн сабақтар өткізеді. Қарасай аудандық Аналар кеңесінің өкілі Ақылия Бекбаева «Абай – психолог» тақырыбында семинар өткізді, Жамбыл ауданынан Күміс Кемелбекова қыз жасауын дайындау бойынша тігіншілер арасында онлайн-конкурс, Мария Ордабайқызы Талғар ауданының кәсіпкерлері әйелдермен онлайн-кездесу өткізді.

Ұлттық домбыра күні әжелер бейне қоңыраумен жас аналарды ұлды немесе қызды болуымен құттықтап, жаңа туған нәрестелерге домбырада сүйемелдеумен ән жолдап, баталарын берді.

Павлодар облыстық Ассамблеясының Аналар кеңесі «Үкілі домбыра» челленджінің бастамашылары болды, оған Ертіс өңірінің ауыл, аудан, қалаларының аналар кеңесінің мүшелері түгелдей қатысты. Челендж эстафетасы Солтүстік Қазақстан облысының Аналар кеңесіне, ал олар өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің барлық мүшелерінің жалғастыруын ұсынды.

Аналар кеңесі Абай күнін өткізуге белсенді қатысты: екі облыста аналар кеңесі онлайн конференцияны өткізуге бастамашы болды; бірнеше өңірлерде аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері ұйымдастырылған конференцияларда, дөңгелек үстелдерде сөз сөйледі. Алматы облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Қасымбекқызы Баймадиева «Абай: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн конференция спикерлерінің бірі болды.

Аналар кеңестері «Отбасымызбен Абайды оқимыз», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың өлеңдері бізді тәрбиелейді» тақырыптары бойынша челендждер өткізді… Бұл челендждерде Аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері: Қалиева Жұмабике, Бернеева Зульфия, Воронцова Алевтина, Ақжан Алтыбаева, Миражапова Мухаббат, Жанар Кенжеғалиева және облыстық ҚММ-нің көптеген қызметкерлері белсене атсалысты.

Естеріңізде болса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» атты жобасы таныстырылған болатын. Іс-шараға ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко, мемлекеттік органдардың, қоғамдық қорлардың өкілдері, республикалық және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемелерінің басшылары қатысты. ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи таныстырылым модераторы болды. Өз кіріспе сөзінде Леонид Прокопенко Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру аясында ҚХА Хатшылығы Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе, ҚХА-ның 13 арнайы жобасын және оларды іске асыру жоспарларын әзірлеп, бекіткенін айтты. Аталған жобалар Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының Парламентпен, мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға арналған. Бүгін таныстырылып отырған «Салуатты Сана» жобасы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған. Сонымен қатар, жиын барысында ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай «Салауатты сана» жобасы аясында аталған дерттердің алдын алу және олармен күресу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Атап айтқанда өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден, қоғамдық дерттерден сақтандыру, рухани тәрбие беру және ұлттық, отбасылық құндылықтарды насихаттау, қажетті заңнамалық өзгерістер туралы ұсыныстар әзірлеу бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылады. Іс-шара соңында қатысушылармен ҚХА Аналар кеңесінің салауатты өмір сүретін саналы қоғам қалыптастыру, Адал азамат тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобаның жүзеге асыру бойынша идеялар мен міндеттері талқыланды делінген еді. Бүгінде жоба жүйелі жүзеге асуда. Берер мол бастама болып тұр.

Leave a reply