САЙРАМ: ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МҮШЕЛЕРІ САЙРАМДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кезекті кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының 2024 жылы бекіткен «Түркістан облысының этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған ведомствоаралық жоспарына» сәйкес, өңірдің этникалық топтар тығыз шоғырланған елді мекендерінде ақпараттық-түсіндіру және әлеуметтік зерттеу жұмыстарын іске асыру мақсатында маусым айының 03-19 күндері аудан, қалаларда кездесулер өткізу жоспарланған.
Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлт болып ұйысуда бірлік пен ынтымақтың алатын орны?», «Зайырлылық және діндарлық. Діндар зайырлы болуы мүмкін бе?» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.
Осы орайда, жоспарға сәйкес, Сайрам ауданындағы Манкент және Қарабұлақ ауылдарында кездесулер өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ-нің этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хамит Исақов, “Қоғамдық келісім” КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, Түркістан облысының дін істер басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Жанкелді Битанов, ҚХА жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі, Сайрам ауданының құрметті азаматы Әлібек Байназар, кәсіби медиатор Сайера Даванова, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Салт-дәстүрлер – сан ғасырлар бойы әр ұлттың, халықтың өзіндік дүниетанымына, тұрмыс-тіршілігіне, өмір салтына сәйкес жинақталып, қалыптасқан рухани байлығы. Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен жөн-жоралғылары бар, бірақ олардың бірқатары ұқсас та болады. Қазақ халқы ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеп, оларды қалтқысыз орындау арқылы барлық әлеуметтік қарым-қатынасты реттеп отырған, яғни, ел ішінде туындайтын әлеуметтік мәселелерді ата дәстүрі жолымен шешкен.Қазақ халқының салт-дәстүрлері заман ағымына сай бірқатар өзгерістерге ұшырағанымен, олардың мақсаты мен мән-мағынасы сақталған – деді қария Байназар Әлібек ата.
Жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.