Thursday, November 21

САРЫАҒАШТЫҚ ТҰРҒЫН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КӘСІБІН ДАМЫТЫП ОТЫР

0
88

Сарыағаш ауданына қарасты Құркелес ауылдық округінде жұмыртқа салуға арналған қорап шығаратын цех жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер Қ.Лайбекова «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін дамытып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде «SADYK-BEREKE» ЖШС-і тәулігіне 35 мың дана қорап өндіреді. Қазіргі таңда цех «Сарыағаш-Құс» ЖШС, «Бесқара» ЖШС, «Шымкент-Құс» ЖШС, «Яссы-Құс» ЖШС және «Тассай-Құс» ЖШС сынды ірі жұмыртқа өндіруші мекемелерге өз өнімдерін жеткізіп беруде. Ең бастысы, құс фабрикалары үшін қораптың бағасы тиімді. Айта кетсек, жұмыртқа салуға арналған қорап өндіретін цех өз жұмысын 2021 жылы бастап, бүгінде 16 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Түркістан облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше қызығушылық танытып келеді. Осылайша, ауылдық жерлердің тұрғындары өздері қадаған кәсіпті ашуға қол жеткізіп қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік ахуалдың түзелуіне де үлес қоспақ. Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – ендігі кезекте ауылдардың ғана емес, шағын қалалардың тұрғындары да аталған бағдарлама арқылы несие алмақ. Бұл тұрғыда бағдарлама арқылы бөлінген қаржының жартысынан аспайтын бөлігі балық, құс және мал алуға бағытталмақ. Ол үшін ел қазынасынан 13,2 миллиард теңге бөлініп, алпыстан астам елді мекенде кооперативтер құрылады деп жоспарланған. Жалпы, екі жарым мыңнан астам жобаға қаржы қаралып, төржарым мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай Түркістан өңірінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланып, кәсіп бастап жатқан тұрғындар саны күн санап көбейіп келеді. Ал, өткен жылы республикалық бюджеттен бағытталған 19,7 миллиард теңге үш мың екі жүзден астам өтініш берушіге үлестірілген. Нәтижесінде үш жарым мыңнан асам жаңа жұмыс орны құрылған. Соның арқасында, ауылдық елді мекендерде екі қолға бір күрек таппай жүргендердің саны азайып, ауыл халқы тұрақты табысқа қол жеткізіп, уақыт өте келе кәсіпорныдар кеңейе түсіп, Түркістан облысындағы агрокешеннің ауқымы ұлғайып келеді. Осы ретте, аталған бағдарламаны жүзеге асыруға ел президенті Қ.К.Тоқаевтың ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған ұзақмерзімді тұжырымдама туралы Жарлығы да ықпал етіп жатқанын атап өту қажет. Өйткені, сол Жарлықтың негізінде ауыл азаматтарының тіршілігін түзетіп, көптеген қордаланған мәселелерді шешуге септігі тиетін «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып келе жатыр.

Leave a reply