Вторник, 17 сентября

САУРАНДА БИЫЛ ЕКІ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРДІ

0
53

Биыл Түркістан облысындағы елді мекендерде бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың саны артуда. Ғимараттардың құрылыс сапасы мен орындалу мерзімі жіті бақылауда тұр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сауран ауданы, Ораңғай ауылында екі бірдей салынып жатқан оңалту орталықтарының құрылыс басында мердігерлермен кездесіп, жұмыстарды пысықтады. Жауапты тұлғалардың жұмысын сынға алып, оларға нақты тапсырмалар берді.

Оранғай ауылындағы 200 орындық оңалту орталығының құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. «Шымкент Құрылыс» ЖШС жұмыстарды бекітілген кестеден кешіктіруде. Құрылысқа республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары мен құрал жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы алаңының абаттандырылуы 98%-ға аяқталған.
Бүгінде құрамында басқарма өкілдері, облыстық маслихат депутаты және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар жұмысшы топ нысанды қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Орталық қазан айынан бастап толық іске қосылып, мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді бастайды деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Ораңғай ауылындағы 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. «KAZ Intel Group» ЖШС өткен жылдың шілде айында құрылыс жұмыстарын бастаған. Нысанды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру көзделіп отыр.

Осы күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығындағы Еңбек мобильділігі орталығында болды. Облыс әкімінің орынбасарына атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды.

Орталықтың аудан, қалаларда 17 филиалы — «Мансап» орталықтары халыққа қызмет көрсетеді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын іске асырады.
Биыл «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 33 005 адам субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, қажетті қаржы қаралды.

Биылғы жылдың І жартыжылдығында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 1793 азаматқа 2,6 млрд теңге қаржы жоспарланып, бірінші лек бойынша 897 азамат комиссияның қорытындысымен оң шешімін алды. Соның ішінде, 893 азаматқа мемлекеттік грант 1 млрд 318 млн қаражат ұсынылды. Олардың қатарында 27 АӘК алушы, 623 көпбалалы отбасы, 139 мүмкүндігі шектеулі азамат, 86 мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар және асыраушысынан айрылған 22 отбасы бар. Грант иелері қаражаттарын мал, құс, бал және балық шаруашылықтарын жүргізуге, қолөнер және тігін, техника жөндеу, құрылыс материалдарын шығару, шаштараз өнері және косметогиялық қызметтер көрсету сияқты кәсіптермен айналысуға бағыттаған.
Ақылы қоғамдық жұмысқа 13605 адам жұмыспен қамтылса, жастар практикасы бағытымен 2329 жас жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 3846 адам жолданса, алғашқы жұмыс орындарына 1396 адам орналасты. «Күміс жас» жобасы бойынша 2208 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 2299 адамға жолдама берілді. Жоспар 104%-ға орындалды. Жалпы бағадарламалар бойынша мүмкіндігі шектеулі 2169 азамат жұмыспен қамтылды.
Түркістан облысында Ұлттық жобалар негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы бойынша 397 инфрақұрылымдық жоба аясында 3671 жұмыс орнын ашу жоспарланып, нақты 1259 жұмыс орны ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 36 жоба бекітіліп, қазіргі таңда 16 жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 246 жұмыс орыны ашылды.

Орталық жұмысымен танысқан Бейсенбай Тәжібаев жауапты басшыға өңір халқын жұмыспен қамту шараларын жандандыруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Leave a reply