САУРАНДА ЗАМАНАУИ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

0
21


Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округі аумағынан ішкі туризмді дамыту мақсатында заманауи демалыс орны салынуда. Нысанда жобада көзделген құрылыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс алаңына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы барды. Жоспарлы жобалармен танысып, нысанды аралады.
Бас мердігер «Болашақ Құрылыс-2020» ЖШС құрылыс барысының бірінші кезеңіне 0,5 млрд теңге салып, дәл сол аумақтан жайлы және әр түрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Жоба құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар мұнда 200 адамға арналған 4 коттедж, қонақ үйлер, глемпинг, моншалар, көне стильде салынатын Сақ моншасы, 150 адамды тамақпен қамтамасыз етуге арналған мейрамхана, техникалық және сервистік нысан, үлкен және орташа бассейн, ашық демалыс орындары салынбақ.
Облыс тұрғындары мұнда тұмса табиғатты тамашалай алады. 60 азаматты жұмыспен қамтитын демалыс аумағы 1,2 гектар жерді құрайды. Орталық бір мезетте 200 адамды қабылдайды деп жоспарланып отыр. Тек жазда ғана емес, жыл он екі ай демалуға жағдай жасалынады.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылған. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру көзделген.
Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда. Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.
Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

Leave a reply