Thursday, November 21

САУРАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

0
64

Сауран ауданында әлә де «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудан көлемінде сенбілік жасалуда. Ауданда тазалық аптасы ұдайы жүргізіліп келеді. Тазалықты жанына серік еткен саурандықтар бүгін де сенбілік жұмыстарына белсенді қатысып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Қызу тазалық жұмыстарына 12 ауыл округтегі барлық мекемеден 164-ке жуық қызметкер бір кісідей атсалысты. Әр ұжым өздеріне бөлінген аумақтарға, көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, «Түркістан-Қызылорда» бағыты бойынша жол бойындағы қураған ағаштар, арам шөптер шабылып, нәтижесінде 100 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды. Оған 6 техника жұмылдырылды.

Сенбілікте елді мекендерде жол бойлары мен айналасын тазартып, ағаштардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтау, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту шаралары қолға алынды. Ескірген қоршауларды қайта сырлау жұмыстары да жүргізілді. Аудан көлемінде сенбілік жұмыстары алдағы күндері де тұрақты жүргізілетін болады.

Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Алғашқы аптаға – «Таза өлке» деген атау берілген. Бұл апта жалпы республикалық сенбілікпен байланысты. Әр өңірдегі мекемелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғындар өздері тұрған аумақты қоқыстан тазартты.

Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар. Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!

Leave a reply