САУРАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ШАРДАРАҒА БАРЫП, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫН ҮЙРЕНДІ
Түркістан облысында балық шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау күшейтілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы орайда Сауран аудандық шаруалар балық шаруашылығын дамытуды қолға алмақ. Ауданның кәсіпкерлері арнайы Шардара ауданында орналасқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне арнайы барды. Оқу орталығында 5 күн қатарынан балықты өсіру, қолдан ұрықтандыру әдістері үйретілмек. 2021 жылы ашылған өндіріс орны, бүгінгі таңда балық шаруашылығымен жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Оқу орталығына Сауран ауданынан арнайы делегацияны аудан әкімінің кеңесшісі Бекзат Абубакиров бастап, ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы мен 15 кәсіпкер қатысты. Онда нысанның директоры Рысмұрат Оразхан делегация құрамына оқу орталығын көрсетіп, оқу курсымен толық таныстырып өтті. Балық шаруашылығын дамыту саласы бойынша арнайы технологиялармен таныстырып, саланың барлық қажетті фунцияларын көрсетіп, тәжірибе алмасты.
Жалпы, Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айданы тіркеліп, оның 84-і табиғат пайдаланушыларға берілген. Түркістан облысы жасанды көлдерде балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Солардың бірінде болған журналистер Сайрам ауданындағы балық өнімдерін өндіру шаруашылығының жұмысымен танысты. «Көмеш Балық» иелігіне үлкен 17 көл және кіші 14 көл кіреді. Әрқайсысынан күз айларында 50-60 тоннаға дейін балық өндіріледі. Балықтың сан алуан түрін өсірумен айналысатын мекеме былтыр 700 тонна тауырлы балық өндірген. Биылғы жоспар 1 мың тоннаға жеткізу.
Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың айтуынша облыс аумағында балық шаруашылығын жүргізу мақсатында барлығы 112 су айдыны, оның ішінде республикалық маңызы бар 8, жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылып, 94 су айдыны табиғат пайдаланушыларға бекітілген. Жүргізілген тексеру және анықтау жұмыстарының нәтижесімен 4 көлдің ұлтаны мен айналасындағы жер жеке меншікте болуына байланысты, жер иеленушілерге бекітіп беру шаралары жүргізілуде, 14 көл табиғат пайдаланушылардан қайтарылып, резервке алынды. Алдағы уақытта заңға сәйкес конкурсқа қойылады. Аудан, қала әкімдіктері мен балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күнге облыс бойынша 10400 тонна тауарлы балық өндіріліп, тапсырма орындалған. Сонымен қатар облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеді («Хамит» Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 2023 жылға бекітілген «Балық өнімін өндіру» индикаторы толығымен орындалды.
Саланың дамуына мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, өткен жылы облыстық бюджеттен акваөсіру бойынша 31 кәсіпкерге 500 млн. теңге, республикалық бюджеттен 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге инвестсубсидия берілді. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкермен 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 35 кәсіпкер 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, шаруашылықтарын дамытуда. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, Қазығұрт ауданында – 4, Бәйдібек, Мақтарал, Жетісай аудандары мен Арыс қаласында бір-бірден, Төлеби ауданында – 3 және Созақ ауданында – 7 шаруашылық ашылып, Сырдария өзенінің бойынан Шардара, Сарығаш аудандарындағы бұрынғы балық тұқымбақтары (466,7 га) іске қосылса, тауарлы балық өндірушілердің саны 250-ге жетіп, облыс тұрғындарын балық өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.