САУРАНДЫҚ КӘСІПКЕР «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДА
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде балық шаруашылығын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданының шаруалары балық шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.
Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Жасур Муминов 240 шаршы метр жерге балық шаруашылығын дамтуды қолға алған. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шаруа қожалығының жұмысымен танысып, кәсіп иесіне табыс тіледі.
Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алған кәсіпкер, былтыр қыркүйек айында өз ісін бастаған. Бүгінгі таңда төрт бассейнде форель балығын өсіріп отырған кәсіп иесі жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Мұнда 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы өз ісін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жалпы балық шаруашылығы — халық шаруашылығының балық аулау, тасымалдау, қорғау және өсірумен, өңдеумен, су өсімдіктерін жинаумен шұғылданатын саласы.Балық шаруашылығы бағалы тағамдар, балық ұны, майы, теңіз өсімдіктерінен йод, маннит, агар, т.б. емдік заттар, мал азығы мен техникалық өнімдер өндіреді. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашылығын дамыту ісі ерекше қолдауды қажет етуде. Шаруашылықтың бұл бағыты өз болмысынан экспортқа бейім және валюталық қордың негізі бола алады. Алайда балық өнімдерінің көп бөлігінің көлеңкелі айналымға кетуінен және істің қырын білетін білікті мамандар тапшылығынан туындайтын қиындықтар мемлекеттік деңгейде көңіл аударатын мәселеге айналды. Жалпы, еліміздегі балық өңдеу кәсіпорындары ірі су айдындарына жақын орналасқан.