САУРАНДЫҚ ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ШИРАҚ ҚИМЫЛЫ
Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округі бойынша шағын және орта бизнес базалары 2021 жылы есепті кезеңіне 8 жеке кәсіпкер тіркелген және 8 кәсіпкер жеке дүкендері арқылы халыққа қызмет көрсетуде. Бабайқорған ауылдық округінде 2021 жылы жүргізілген құрылыс жұмыстары көңілден шықты. Бабайқорған ауылдық округінде 7 көшеге «Энергия ВЕС» ЖШС арқылы 173120,0 теңгеге асфальт жол салынды. Тапсырыс беруші Кентау қалалық жол бөлімі.
Бабайқорған ауылдық округінде спорт зал құрылысы 173600,0 теңгеге жүргізілуде. «Элит Инвест–Б» ЖШС жеңімпаз атанып, құрылыс жұмыстары басталуда. Бабайқорған елді-мекеніне демеушілердің есебінен 500 орындық имандылық асханасының құрылысы жүргізілуде.
Соңғы жылдары бұл өңірде қиындыққа қарамастан кәсібін дөңгелентіп отырғандар бар көрінеді. Бірі шлак құйса, бірі егін егіп, бірі бау-бақша өсіруде. Оны таяу тұрған Түркістанға жеткізіп, саудасын қыздыруда. Солардың бірі бұрын құрылыс саласында қызмет етіп, енді зейнетке шыққан соң, өзінің зоотехникалық мамандығына қайта оралған Сабыр Қуандықов. Ол немерелері атынан «Саян-Аян» ЖШС-ін ашқан. Жеке кәсіпкер ретінде үй маңын алма баққа айналдырған. Үндік, тауық өсіруде. Жиырмаға жуық қара малы бар. Биыл көктемде жүгері егіп, оны жинап алған соң, күздік бидай еккен. Оны мал азығы ретінде пайдаланбақ.
Сабыр Қуандықов таяу жылдары қаржы көзін тауып, асыл тұқымды мал бордақылауды жоспарлап отыр. Қазіргі әкімдерге берілген тапсырма міне осындай кәсіпкерлер мен бастамашыл жандарды қолдай отырып, жергілікті бюджеттің қоржынын толықтыру. Ол қаржыға ауылдың инфрақұрылымын дамыту. Жергілікті бюджетке бұған дейінгі түсіп жатқан қаржы теңізге түскен тамшыдай ғана еді. Осы орайда, ауыл әкімі Әбдімүтәліп Әбдрайымов ауыл маңынан кешенді демалыс аймағын құру туралы жобаның но-байын қағазға түсірген. Оған серіктес бола алатын инвестор іздеуде. Індеттен енді ес жиып, ауыл бұйығы қалпынан ояна бастаған. Алайда, мемлекеттің нақты қамқорлығынсыз ел бесігі ауылдың жер бауырлап қалған еңсесінің жедел көтерілуі өте қиын.
Ауылдық округтегі 10 азық-түлік дүкендердің барлығы әйел азаматшалардың басқаруында. Ауылшаруашылық жұмыстарымен 3 азаматша кәсібін ашып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.