САУРАННАН ШЫҚҚАН ШЕБЕРЛЕР
Елімізде бүгінде жаңа «Әділетті Қазақстан» қоғамын құру қозғалысы бастамасы жүзеге аса бастады. Осындай қоғам, мемлекет құру жолында денсаулығы мықты салауатты өмір салтын ұстанған тұлғалардың өнегелі өмірлік істерін паш ету керектігі білініп тұрады.
Сондай бір салауатты отбасы туралы әңгіме еткенде алдымен ауызымызға Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында туып өскен Ерген Найманбаевтың отбасы туралы айта кеткен жөн.
Ергеннің әкесі Ыбырай Найманбаев ақсақал Кеңес Одағы кезінде Шорнақ ауылы Фрунзе ауданының орталығы болып тұрған шағында Өнеркәсіп комбинатының директоры болып қызмет атқарған. Ол кісі 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан сұрапыл соғыс жылдары кезінде партиялық бронмен тылда қалдырылып, Ресейдің Магнитогорск қаласындағы авиация моторын шығаратын зауытта цех бастығы болып қызмет атқарған. Жұбайы Қадырхан анамыз да Алматы облысының Нарынқол өңірінен әскери шақырумен сол зауытқа жұмысқа тартылып, жұмысшы болып істеп жүрген кезінде бір-бірін кездестіріп, көңіл жарастырып, үйленген екен. Қазіргі кезде бұл отбасыдан өсіп-өрбіген жандардың бәрі салауатты өмір салтын ұстанып бұхаралық және жоғары деңгейдегі спортты өмірлеріне өзек еткен жандар болып саналады. Айтар болсақ, Ерген ағамыздың үлкен ағасы Тілеген Ибрагимов осы Шорнақ елді мекенінде туып, мектептің 9-сыныбында оқып жүргенде-ақ волейболдан облыс құрамасының сапында Қарағанды қаласында өткен ҚазССР ауыл село спартакиадасына қатысып, көзге түскен жан. Шымкент қаласындағы педагогикалық институтының Дене тәрбиесі факультетіне оқуға түскен ол 1973 жылы осы оқу орнын ойдағыдай бітіріп, арнайы жолдамамен көршілес Қызылорда облысындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтында ұстаздық етті. Ол студент болып жүрген кезінде-ақ талай ҚазССР чемпионаттарына, республикалық студенттер сайысына қатысып, жүлдегер атанды. Ол өзінің мол спорттық тәжірибесін, шеберлігін өзінің шәкірттеріне үйретіп, Қызылорда облысының құрама командасын сегіз жыл басқарған адам. Тілеген Ибрагимов волейболдан Қазақстан Республикасының жоғары Ұлттық дәрежедегі төрешісі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің төс белгісінің иегері, атақтары оның кәсіби маман ретіндегі шынайы шеберлігінің дәлелі болса керек.
Тілеген ағамыздың отбасындағы Рамазан, Асқар атты ұлдары да волейбол ойынымен кәсіби түрде айналысады. Әсіресе, кіші ұлы Асқар Түркістан қаласының «Тұран» командасының белді ойыншысы әрі жаттықтырушысы болып ойнап жүр. Ол волейболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Қазақстан Республикасының сегіз дүркін чемпионы.
Салауатты отбасының мүшесі осы Шорнақ ауылының тұрғыны Ерген Найманбаев ағамыздың жасы жетпістен асса да, спорттық тұғырдан түсе қойған жоқ. Ол параволейболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Еліміздегі үлкенді кішілі сайыстарда талай мәрте топ жарды. Әрі футбол ойынын да шебер меңгерген жан. Сондықтан болса керек замандастары оған футболдың хас шебері аргентиналық Диего Марадона лақап есімін беріп жүргені.
Салауатты өмір салтын ұстанған отбасының тағы бір мүшесі бүгінде бақилық болып кеткен Марат Найманбаевты атап кетпеске болмайды. Ол Қызылордадағы политехникалық техникумда оқып жүргенде Қазақстан Республикасының техникумдары арасында өтетін арнайы жарыстарға талай қатысып, оқу орнының намысын қорғаған, шеберлігін шыңдаған, қайнаған спорттық жарыстардың ортасында топ жарған жан еді.
Қазіргі таңда ауылдық жерлерде бұқаралық спорт түрлерін дәріптеп, дамытып, жастар арасында насихаттау мақсатындағы бұл мақаламызға арқау еткен салауатты отбасының яғни Шорнақтан шыққан шеберлерді басқа отбасыларына үлгі, өнеге ретінде айту еді.