Понедельник, 16 сентября

САУРАН: АТАҚТЫ КЛУБПЕН МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

0
55


Түркістан облысындағы бір ғана аудан қол күресінен бүгінде әлемді мойындатып отыр. Құрыш білекті қол күрес шеберлерінің көпшілігі Шардарадан шыққан. Талай оғландардың томағасын сыпырған Shardara Armsport клубының спортшылары талайларды тамсандырып келеді. Сонау 2001 жылы негізі қаланған клуб осы уақытқа дейін 50-дей әлем чемпионын, 150-ге жуық Азия чемпионын тәрбиелеп шығарған. Олардың талайы әлемдік додаларда шашасына шаң жұқтырмаған нағыз дарабоздар. Шойын білекті, бармағынан күш саулаған шардаралық спортшылардың алды бүгінде өздері де шәкірт тәрбиелей бастады. Бір ғана спорт түрімен талай жетістікке жеткен клубтың тәжірибесімен танысуға талайлар ынтық. Shardara Armsport клубының негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі спортшыларды даярлаған білікті бапкер – Арман Қарсыбаев. Түркістан облысының түкпіріндегі кішкене ғана аудан орталығын ғана емес, күллі қазақтың атын әлемге танытқан қол күрес шеберлерін шашасына шаң жұқтырмайтын шын жүйрік етіп шыңдап шығарды. Жуырда аталмыш спорт клубының чемпиондар легінің тізімі тағы да жаңарды. «Shardara Arm» спорт кешенінен бүгінге 120 әлем чемпионы, соның ішінен 230 спортшы 2-3 дүркін әлем чемпионын шығарып отыр. Сонымен қатар, 26 әлем кубогы иегері, 209 Азия чемпионы, 50 Азия кубогының иегері, 359 Қазақстан Республикасының чемпионы шыққан. Чемпиондар легі мұнымен де шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта дарабоз ұстаз Арман Қарсыбаевтың шәкірттері талай додада сынға түсіп, алтынна алқа тағады деген үміт басым. Өйткені тек чемпиондарды ғана тәрбиелейтін спорт шеберханасының мақсаты да тек үздіктерді тәрбиелеп шығару болып табылады. Осыған орай жуырда Сауран ауданында да дәл осы спорт түріне ден қойылып, қол күресшілерді даярлап, армрестлинг спортын дамыту көзделуде. Осыған орай, Шардара қаласына ауданнан 4 спортшы азаматты алып барып, қол күрестен жолдастық кездесу өткізілді. Тәжірибе алмасу жоғары деңгейде өтті. Әлемді мойындатқан шын шеберлерден үйренер тұс көп. Сауран ауданында алдағы уақытта аудан көлемінде қол күресін дамытуға күш салынуда. Бұйыртса, жаңа тарихи Сауран ауданынан да әлем чемпионын шығару ниеті басым. Осыған орай, саурандық спортшылар жолдастық кездесу өткізіп, тәжірибе алмасып, арнайы мемормандум жасалды. Алдағы уақытта екі аудан тарапынан аталмыш спорт түрінен сайыстар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасатын болып келісім жасалды. Шардара Армрестлинг клубының құрылғанына биыл 23 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай алдағы уақытта түрі шаралар ұйымдастыру жоспары бар. Аталмыш спорт түріне қызығушылардың қатары артып келеді. Білекті де жүректі түркістандық жастардың дені аталмыш спорт түріне ден қоюда.

Leave a reply