Вторник, 17 сентября

САУРАН: АУДАНДАҒЫ ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

0
52


ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қалаларда тұрақты түрде кездесу өткізіп келеді. Бұл үрдіс Сауран ауданында жалғасты. Жұмыс сапарымен барған өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы жоспарларды пысықтап, ауданды дамыту жұмыстарына тоқталды.
– Халықпен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі проблемалық мәселелерді шешу. Бүгін өздеріңізбен маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 45 маманға 15 млн. теңгеге бірреттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несиелер берілді. Сондай-ақ елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатқанын білесіздер. Сіздерді күнделікті үйіміздің айналасын көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Әркім ортақ іске өз үлестерін қосатын болса, өңіріміз көркейе түседі. Барлығымыз бірлесе отырып, қоғамда экология мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, – деген облыс әкімі аудан әкіміне «Таза ауыл», «Үздік көше» секілді экологиялық байқауларды өткізуді тапсырды.
330 МЕКТЕП «STARLINK» ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛДЫ
Жиын барысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2023-2024 жылдары атқарылып отырған жұмыстар туралы баяндады. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сауран ауданында 2023 жылы 5 елді мекенде 16 жобаны іске асыруға 3,2 млрд.теңге бөлінді. Ал биыл 5 елді мекенде 12 жобаны іске асыру үшін 2,1 млрд.теңге қаралды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 33 пайызға өсіп, 2023 жылы 120 млрд. теңгеге жеткен. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 2 есеге өсіп, өткен жылы 7 мыңға жуықтаған.
Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Сауран ауданында 13 мектепте толық іске қосылды. Бұған дейін интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған, қазіргі кезде 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр.
Кездесуден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелерін тыңдады. Ашық форматтағы қабылдауға құқық қорғау органдары мен жауапты басқарма басшылары да қатысып, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.
САУРАНДА 39 ИНВЕСТ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Сауран «аудан» мәртебесіне ие болғаннан бастап инвестициялық әлеуеті көтеріліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Жеке инвесторлардың аудан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығы артқан. Өткен жылы ауданға 34,6 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, биыл инвестиция көлемін 42 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының аудан тұрғындарымен кездесуінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров баяндады.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Сауран ауданы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны 61,4 млрд. теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде, жиһаз жасау бағытында 12 цехті іске қосу жоспарланса, бүгінгі таңда 9 цех өз жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін тағы 3 жиһаз жасау орны пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін, трансформатор құрастыру және жөндейтін, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында, жаңбырлату қондырғыларын өндіретін, тері, мақта және мақта шитін өңдейтін, жылыжай жабдықтарын өндіретін, тігін цехтары мен өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады.
ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ
Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша 22 нысан салу жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы аяқталады. Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында 41 жоба бар. Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша 3 жобаны жүзеге асыру көзделсе, сүт тауарлы фермасы бойынша 3 жоба іске асырылмақ.
Ауданда мал шаруашылығын дамытуға да ден қойылған. Бұл бағытта мал бордақылау және мал сою алаңдары мен құс фермасын салу, балық шаруашылығы мен мал азығын дайындайтын комбикорм цехын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар 4 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектарға фермерлік жылыжай салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.
САУРАНДА ЖИҺАЗ ЦЕХЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы бірнеше нысанды аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Сауран ауданында жиһаз өндірісі жақсы дамып келеді. Өңір басшысы ауданға қарасты Оранғай ауылдық округінде «RICH HOME FURNITURE» жиһаз цехының жұмысымен танысты. Жаңа өндірістік цех заманауи технологиялармен жабдықталған, жылына 500-ден астам үй жиһаздарын шығаруға қауқарлы. Экспорттың негізгі көлемі Орал, Ақтөбе сондай-ақ Қызылорда, Түркістан қалаларына жіберіледі.
Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды шетелден алдыртады. Жиһаздардың бірегей үлгісі Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италияның сапасы мен дизайны бойынша жасалынуда. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
– Облыста шағын кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде өңірде жиһаз кластерін дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін арнайы жер бөлініп, жеңілдіктер қарастырылған, – деген облыс әкімі аудан әкімі мен жауапты басқарманың басшыларына кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын ширату жөнінде тапсырма берді.
100-ДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Аудан бойынша 2025 жылға дейін 61,4 млрд. теңгенің 102 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Сауранда 12 жиһаз цехын іске қосу жоспарда бар. Оның 9-ы жұмысын бастады.
Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Осыған орай жиһаз кластерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Облыс жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті жиһаздар отандық өндірушілерден сатып алынады.
ОРАНҒАЙЛЫҚТАР ОЗЫП ТҰР
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы кооперативінде болып, шаруалармен кездесті. Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Мұнда жылына 4000 тонна ет дайындауды жоспарлап отыр. Жалпы, мал бордақылау алаңы 2,5 гектарды құрайды. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 20-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Кооператив асыл тұқымды мал санын арттырып, олардың өнімділігін көбейту мақсатында жұмыс жасап келеді. Кәсіпкер етті бағыттағы өнімді өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды мемлекеттік қолдауларға тоқталып, шаруаның жұмысына табыс тіледі. Одан кейін өңір басшысы Оранғайдағы «Яссы құс» шаруа қожалығына барды. Құс фермасының жалпы жер көлемі – 2 гектар. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Итальяндық қондырғымен жабдықталған құс фермасында германиялық «Ломан ЛСЛ» тұқымды тауық өсіріліп, тәулігіне 80 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Қоспалы жемді өздері әзірлейді.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы – негізгі драйвердің бірі екенін айтып, жауапты басшыларға осы саланы дамытып, кәсіпкерлікті қолдауды тапсырды.
600 ОРЫНДЫҚ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» БОЙ КӨТЕРУДЕ
Түркістан облысындағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер бой көтеруде. 2025 жылға дейін 49 мың бала білім алатын 63 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жайлы мектептердің құрылысы Сауран ауданында да жүріп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарында білім ұясының құрылыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, нақты тапсырмалар міндеттеді. Сапаны қатаң бақылап, ғимаратты мерзімінде тапсыруды ескертті.
Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастады. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 млн теңге. Жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал, ғимараттың жалпы ауданы – 8 419,71 м².
Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс істейді. Оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.
Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply