Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен барлық облыстар, аудандарда елмен кездесу марафондары басталды. Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков пен мәслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейісов бастаған ауданның сала басшылары екі аптада он екі ауылдық округтерінде жұртшылықпен кездесіп, жаңа форматтағы бас қосулар өткізді. Екі аптада он екі ауылдық округ пен барлығы 35 елді мекендердің мәселесі талқыланды. Осы кездесулердегі Ғани Құрмашұлының негізгі баяндамасының маңызды тұстарын оқырмандарға ұсынғанды жөн көрдік.
Жаңадан құрылған Сауран ауданы 12 ауылдық округтен тұрады. Атап айтатын болсақ, Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері. 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елдімекен бар. Ал, аудан орталығы – Шорнақ елді мекені.
Сауран ауданының жалпы аумағы 721745 шаршы метрді, халық саны 104,235 адамды құрайды. Ағымдағы жылы жергілікті бюджетке 1 млрд. 130 млн. 407 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 105,9 пайызға немесе 62 млн. 979 мың теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде трансферттер 693 млн. 313 мың теңге, өзіндік кірістер 437 млн. 094 мың теңгені құрайды. Бюджеттің шығыс бөлігі 1 млрд. 177 млн. 741 мың теңгені құрап, 99,8 пайызға игерілді.
Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында 2021 жылдың қорытындысымен 9 млрд 047,3 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 99,6% құрады.
Өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 7 млрд 792,1 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 98,1 %-ға пайызға жеткен. Жалпы ауданда 33 кәсіпорын жұмыс атқарады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 12 млрд 491,5 млн.теңгені құрады. Оның ішінде: Республикалық бюджеттен есебінен 984,3 млн.теңге, жергілікті бюджет есебінен 814,0 млн.теңге, меншікті қаражат есебінен 7 млрд 818,3 млн.теңге, банктердің кредиттері 1 млрд 210,8 млн.теңге, басқа да қарыз қаражаты есебінен 1 млрд 663,8 млн.теңге бөлінді. Ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі – сауда-саттық қызметі. Мәселен, есепті мерзімде бөлшек сауда көрсеткіші 444,7 млн. теңге, яғни, 100,1 пайызды құрады.
Сауран ауданының басты болашағын ауыл шаруашылығы саласы айқындайды. Сауран ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы басты міндеттерінің бірі Түркістан мен Кентау қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету. 2021 жылы Облыс әкімдігі, ауыл шаруашылығы басқармасы, Сауран ауданы әкімдігі жасасқан үш жақты келісімге сай жалпы ауыл шаруашылық өнім көлемі 71,0 млрд теңгеге жоспарланса, жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 75,56 млрд теңге болып, 104,6 % орындалды. Аудан бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция жоспары 9,7 млрд тг болса, 7,23 млрд тг орындалып, 74,5 % құрады.
Облыстағы үлесі 12 пайыз. Аудан бойынша Үш жақты келісімге сай 2021 жылы егіс көлемі 40958,07 га құрады. Жылына екі үш өнім алу бойынша 230 жоба тапсырма беріліп, бүгінгі күнге аудан бойынша артығымен 232 жоба орындалды. Жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша 10,0 гектар тапсырма берілсе, орындалғаны 11,7 га, 117 % құрады. Тамшылатып суғару әдісін ендіру 420 га берілсе, орындалғаны 443 га, 105,5 % құрады. Жаңбырлатып суғару әдісін ендіруге 938 га тапсырма берілсе, Шаға ауылдық округінде 780 га орнатылды.
Сонымен қатар, Қарашық ауылдық округінен «Картекс Агро» ЖШС, Майдантал және Жібек жолы ауылдық округтерінен «ИС Жәңгір» ЖШС жаңбырлатып суару технологиясын орнату мақсатында, құрал-жабдықтарын сатып алып, аудандық статистика басқармасына инвестция қаржысын тіркеткен. 2022 жылы егістік жерге орнату жоспарлап отыр. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту 350 га тапсырма берілсе, орындалғаны 513 га, 146,6% құрады. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау 78 бірлік тапсырма берілсе, орындалғаны 78 бірлік толық орындалды.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауындағы басты мақсаты – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% жеткізу. Оны орындау үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру- Қазақстанның азаматтары қалада да, ауылда да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие беру, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану және қаржылық сауаттылыққа үйрету жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда газ құбырларымен Үшқайық, Теке, Жалаңтөс, Нұртас, Қожанов, Ескі Иқан толығымен, Жаңа Иқан, Ибата, Ойық, Шаға Бершін Төбе, Ынтымақ ауыл округтері мен елді мекендері қамтылған. 2022 жылға Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бюджеттік өтілімге өткізілген. Жобалардың жалпы құны 6 775 652 млрд. теңгені құрайды. Шорнақ ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласының әкімдігі тарапынан жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған 6 ауылдық округке табиғи газбен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмасын (АПЗ) дайындалып, ЖСҚ-ын дайындауға бюджеттен – 393,103 млн.теңге қаржы бөлдіру қажет. Сауран ауданы бойынша Үшқайық және Ескі Иқан ауылдық округтерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 2018-2020 жылдар аралығында құрылыс жұмыстары жүргізіліп,мемлекеттік қабылдаудан өткізілген және «Мемлекеттік жекеменшік әріптестік» бағдарламасы аясында Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 2020 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қабылдаудан өткізілген. Нысандардың құрылыс жұмыстарына тапсырысшы болып, «Кентау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» тарапынан жүргізілуде.