Saturday, November 23

САУРАН: АУДАН ҮШІН ЖАҒЫМДЫ ӘРІ ЖЕМІСТІ ЖЫЛ БОЛДЫ

0
85

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан,ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз»,- деп атап өткен болатын.
Қазіргі таңда Сауран ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдары 2023-2024 оқу жылын 25523 оқушымен аяқтады. Бұл оқу жылы ауданның білім саласы үшін же-тістіктерге толы жыл болды. Респуб-ликада тұңғыш рет ұйымдастырылған Ауыл балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген Ауыл олимпиадасындағы бірінші кезеңіне ауданымыздан 3466 оқушы қатысып, оның алты оқушысы республикалық кезеңге жолдама алды. Олар Т.Айтжанов жалпы білім беру мектебінің 10 сынып оқушысы Палмай Ерасыл математикадан ІІ орын, А.Үсенов жалпы білім беру мектебінің 11 сынып оқушысы Шаяхмет Зейнеп географиядан ІІІ орын, Қалкөз Аяулым құқық негіздерінен ІІ орын, Нышанбек Балауса 10 сынып құқық негіздері ІІІ орын, Төле би жалпы білім беру мектебінің 11 сынып оқушысы Абпасова Хилола қазақ тілі мен әдебиетінен ІІІ орын, Ж.Тәшенов атындағы мектебінің оқушысы Оспан Балауса алғыс хатпен марапатталды.
Әсіресе ерекше атап өтерлігі, жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне 9,10,11 сыныптар бойынша 1012 оқушы қатысты: жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша-504, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 508 оқушы. Соның ішінде 40 оқушы облыстық кезеңге өтіп, 3 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Республикалық кезеңде Ұлықбек мектебінің 10-сынып оқушысы Кеңесбай Асылай Қазақстан тарихынан- ІІІ орын, № 1 жалпы білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Низамова Диляфруз қазақ тілі мен әдебиеті-І орын, А.Үсенов мектебінің 11 сынып оқушысы Калкоз Аяулым құқық негіздері пәнінен ІІ орынға ие болды.Жалпы пәндер бойынша 7-8 сыныптар арасында 22 оқушы облыстық кезеңге өтіп, 1 оқушы республикалық кезеңге өтті. Ж.Тәшенев мектебінің 7 сынып оқушысы Мырзахмет Айбар география пәнінен І орынға ие болды. Жалпы пәндер бойынша 5-6 сыныптар арасында 9 оқушы облыстық кезеңге өтіп, 1 оқушы республикалық кезеңге өтті. Х.А.Яссауи жалпы білім беру мектебінің 5сынып оқушысы Тажибаева Зарнигор қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І орынға ие болды. Оқушының білімін шыңдауда, әдебиетке, мәдениетке баулуға тәрбиелеуде ұйымдастырылған түрлі әдебиеттік байқаулар мен оқуларда ауданымыздан 18 оқушы облыстық кезеңге қатысып, 3 оқушы республикадан жүлдемен оралды. Қарашық жалпы білім беру мектебі «Жарқын болашақ» қазақ тілі пән олимпиадасынан-І орын алды. Ұлықбек жалпы білім беру мектебі «Жарқын болашақ» қазақ тілі пән олимпиадасы – ІІІ орын, А.Югнаки жалпы білім беру мектебі Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі пән олимпиадасы – алғыс хатпен оралды. Ауыл балаларына арналған Айқанат олимпиадасынан 6 оқушы үздік шығып, республикаға жолдама алды. Қазіргі таңда оқушылар маусым айында Астана қаласына барып бақтарын сынауға дайындалуда. Ауыл балаларына арналған «Мың бала» олимпиадасында 19 оқушымыз жоғары ұпайлар алып, еліміздің үздіктер қатарына ілінді. Биыл ауданда 11 сыныпты 1451 оқушы бітіргелі отыр. Оның 84-і «Алтын белгіге», 113-і үздік аттестатқа, 9-сыныптар бойынша 2228 бітірушіден 262-і үздік аттестатқа үміткер. Спорт саласы бойынша да аудан оқушылары көптеген республикалық, халықаралық белестерді бағындырды.Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңінде 1-орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алды. Әл-фараби мектебінің 5-6 сынып оқушылары шахматтан, В.Вахидов мектебінің 7-8 сынып оқушыларының қыздар командасы волейболдан, Х.А.Яссауи мектебінің 7-8 сынып оқушылары, С.Рахимов мектебінің 9-11 сыныптардан құралған командалар кросс жарыстарынан республикада бақ сынауға дайындық жүргізуде.
2024 жылдың 12-18 мамыр аралығында Өзбекстандағы Ташкент қаласында «64» дойбыдан ересектер арасында ерлер, әйелдер, жастар, жасөспірімдер, ұлдар және қыздар арасында Әлем Кубогы өтті. Жарыста М.Әуезов мектебінің оқушылары 1-орынды қанжығаларына байлады. Сонымен қатар бөлімнің әдістемелік кабинет тарапынан педагогтердің әлеуетін көтеру мақсатында түрлі байқаулар, 50-ге жуық түрлі тәжірибелік, ақпараттық семинарлар өткізілді. Педагогтердің білімін жетілдіру мақсатында түрлі курстар ұйымдастырылып, педагогикалық шеберлік орталықтарынан, «Өрлеу» біліктілік орталықтарынан 300-ден астам педагог курстардан өтті. Тағы да 300-ге жуық педагог жыл соңына дейін білімін жетілдіреді деп жоспарланып отыр. Осы жас буын мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне барынша атсалысады деп сенемін. Барша түлектерді алдағы сынақтардан жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің білікті, білімді маманы болады деп сенеміз.
Биыл 2023-2024 оқу жылында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу мақсатында әзірленген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданып, аудандағы барлық білім беру ұйымдары осы бағдарлама аясында жұмыс атқарды. Бағдарлама аясында барлық мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Оның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту. Ата-аналарды педагогикалық қолдау бағдарламасына негізінде мектептерде «Даналық мектебі» клубтары құрылып, жұмыс атқарады. «Даналық мектебі» клубы 75 кездесу, 110 оқыту семинарлары, 28 дөңгелек үстел өткізілді.
Клуб отырыстарының тақырыбын айқындау кезінде Қазақстанның мәдени бірегейлігін сақтау және дамыту мақсатында міндетті түрде қазақ халқының құндылықтары мен дәстүрлерін құрметтеу басты мақсатымыз болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын басқа этностардың мұрасын ескере отырып, клуб қатысушыларының кездесулерінің тақырыбы мен мазмұнын мүмкіндігінше байыту ұсынылады. Білім беру ұйымдарында оқушының қатысуымен түрлі бағытта 22 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Жыл бойы оқушылар «Күй күмбірі», «Жасыл мекен», «Шахмат ойнау», «Асық ату» республикалық челленджеріне қатысты. Жас еріктілердің бастамасымен ұйымдастырылған «Досболlike» – достық қолыңды соз» акциясы барлық мектептерде өткізілді.

Ақмарал Батырбекова,
Сауран аудандық білім бөлімінің басшысы.

Leave a reply