Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Әнжір Қожамбердиеваның үйіне арнайы барып, құттықтады.
Әнжір әжеміз 1937 жылы өмірге келген Бүгінде 87 жаста, зейнет жасына дейін теміржол саласында қызмет жасаған. Өмірлік жолдасы Анарбай Қожамбердиевпен бірге 5 ұл, 11 қызды өмірге алып келген. Бүгінде ұл-қыздарының барлығы өмірде өз орындарын тауып, түрлі салаларда жемісті қызмет етуде. Барлығы дерлік отбасын құрып, өз шаңырақтарын түтетіп отырған жайлары бар.
Бүгінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі аудан көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Осынау мерекеде әр отбасының түтінін түтетіп, шаңырағын шайқалтпай, әрбір жанұяның ырыс-құты мен берекесін кіргізіп отырған асыл жандарымызды қалай қадірлесек те жарасады.
Сонымен қатар сол күні Шорнақ ауылдық округіндегі мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай іс-шара өтті. Айтулы шараға аудан әкімінің аппарат басшысы Бахытжан Полатов, Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов шараға жиналған барша аналарды мерекемен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпаттарын табыстады.
«Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Өңіріміздегі отбасылардың берекесі мен ұйытқысына айналған ауданымызда «алтын алқа» мен «күміс алқа» атанып жатқан аналарымыздың саны жылдан жылға артып келеді. Қазіргі таңда «Алтын алқа» алған аналарымыздың саны – 670 болса, «Күміс алқа» алғандардың саны – 1717, 109 батыр ана, 1-2 дәрежелі ана даңқымен 217 ана марапатталған. Сонымен бірге, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын 3877 ұстаз болса, соның 72 пайызы қыз-келіншектер. Ал, денсаулық сақтау мекемелерінде 884 қызметкер болса, оның 61 пайызын нәзік жандылар құрайды. Бұл көрсеткіш өңіріміздегі ұрпақ тәрбиесі мен ұлт саулығы ақ жаулықты аналарымыздың қолында екенін білдіреді. Сіздерге мықты денсаулық пен отбасының амандығын, толағай табыстар мен жетістіктер, береке-бірлік пен жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді аудан әкімінің аппарат басшысы Бахытжан Полатов.
Мерекелік шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары батыр аналарға арнап әннен шашу шашып, әйелдер қауымына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Әлемнің жарығы – Ана» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті.
Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы Фатима Рысбекова және ұстаздар қауымы қатысты.
Мерекелік шарада аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барша ұстаздарды әйелдер мерекесімен құттықтап, бір топ мұғалімге алғыс хат пен сый-сыяпат тапсырды.
«Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Әйелдер қауымының қоғамда алатын орны ерекше. Ал, ұлағатты үлгісімен келешек ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беріп, азамат етіп жеткізуде ұстаздардың мерейі үстем бола берсін», – деп игі тілегін жеткізді Мақсат Асылбекұлы.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев мұғалімдерді мерекемен құттықтап, ұстаздарға алғыс хаттар табыстады. Мерекелік жиын арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.
Ауданның дамуына ерекше үлес қосып жүрген аналардың басын қосып, Түркістан қаласындағы «Шахсарай» мейрамханасында «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты мерекелік іс-шара болып өтті.
Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, зиялы қауым, ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер қатысты.
Мерекелік шарада аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барша ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерді әйелдер мерекесімен құттықтап, алғыс хаттар мен сый-сыяпаттар тапсырды.
«Бақыттың бастауы, берекенің ұйытқысы, қай кезеңде болмасын, ұрпаққа өмір сыйлаған аналардың орны ерекше. Анаға құрмет көрсетіп, қадірлеу – ол біздің басты парызымыз. Өлкеміздің білім мен денсаулық, мәдениет пен әлеуметтік салаларының негізгі жүгін әйелдер қауымы көтеріп отыр. Олар сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік саласында да, ауыл шаруашылығын дамытуда елеулі жетістіктерге жетуде. Бір қолымен бесікті тербете отырып, екінші қолымен әлемді тербететін әйелдер қай салада да белсенділік танытуда. Сондықтан, бүгінгі мереке қарсаңында Сіздерге деген құрметіміз ерекше екенін атап өтіп, шынайы алғысымызды білдіремін», – деп игі тілегін жеткізді Мақсат Асылбекұлы.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев аяулы аналарды әйелдер мерекесімен құттықтап, алғыс хат табыстады. Мерекелік шара мәдениет үйі өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Мәртебелі мереке қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев Алтын және Күміс алқа иегерлерін марапаттап, төсбелгілері мен куәліктерін табыстады.
«Әйелдер мерекесі қарсаңында Алтын және Күміс алқа иегерлері атанып отырсыздар. Бар тіршіліктің тұтқасын ұстап «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен», батылдық пен нәзіктіктің көрінісісіздер. Сіздер ауданның демографиялық дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер. Баршаңызға мықты денсаулық пен отбасының амандығын, толағай табыстар мен жетістіктер, береке-бірлік, шаңырақтарыңыздан шаттық, жүздеріңізден күлкі кетпесін», – деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Жиында аудан бойынша 17 батыр ана, соның 4-еуі Алтын, 13-і Күміс алқамен марапатталды. Осынау мерекеде әр отбасының түтінін түтетіп, шаңырағын шайқалтпай, әрбір жанұяның ырыс-құты мен берекесін кіргізіп отырған асыл жандарымызға лайықты құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.
Ауданымызда 101 мың 981 адам болса, оның ішінде 50 мың 169-ы әйел азаматшаларды құрайды. Қазіргі таңда ауданда көп балалы аналар саны – 4226 құраса, «Алтын алқа» иегерлері – 644, «Күміс алқа» – 1617, ал батыр аналардың саны – 85 болып отыр. Бір айта кетерлігі 1-2 дәрежелі «Ана даңқымен» марапатталғандар саны – 125-ті құрайды.