САУРАН: АҚЫННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ
Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жүйнек ауылдық округінің мәдениет үйінде жерлесіміз, арқалы ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіғаппар Жақыповтың мерейлі 60 жасқа толуына орай, «Туған жер, бір көзі өзің шабытымның» атты шығармашылық кеші өтті.
Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары Баймахан Сүлейменов, Талғат Садуов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысы бойынша төрағасы, ақын, журналист Айдар Сейдәзім тағы да басқа қонақтар қатысты. Кеште аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жергілікті ақын Әбдіғаппар Жақыповтың мерейлі 60 жасқа толуымен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады.
Ақынның жақында баспадан «Жүрегімнің дүрсілі» атты кітабы шыққан болатын. Бұл жинақта ақынның соңғы жылдары жазылған өлеңдерімен қатар, алдыңғы шыққан кітаптарынан да біршама өлеңдері таңдалып алынған. Кітапта ақынның көлемді шығармалары, поэмалары мен балладаларына, толғауларына көптеп орын берілген. Бүгінгі шығармашылық кездесуде ақын Әбдіғаппар Жақыповтың өлеңдері оқылып, мәдениет үйінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.
Әбдіғаппар Әбдешұлы Жақыпов – 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Жүйнек ауылында дүниеге келген. 1982 жылы орта мектепті бітірген. 1983-1985 жылдары Кеңес әскері қатарында болған. ТИПК бітірген, мамандығы техник электрик.
Еңбек жолын «Кентау құс» фабикасында бастап, «Кентау Ачполиметалл»-да, Шульба ГЭС-інде электрик болып жұмыс істеген. 2008 жылы «Түркістан» қалалық газетіне жұмысқа орналасып, 2014 жылға дейін тілші-корректор болып қызмет атқарған.
«Мен келдім», «Көзімнің қарасы», «Күнделік» атты өлең жинақтарының авторы. Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарық көріп тұрады, сонымен қатар, «Түркістан поэзиясы» жыр жинағына өлеңдері енген. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №27 мектепте шаруашылық меңгерушісі әрі электрик қызметін атқарады. Жақында ғана Әбдіғаппар Әбдешұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Осы орайда, Әбекеңнің бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынбақпыз! ТАУҒА БАРАМ
Биыл жазда қалайда тауға барам,
Жете бере-ақ төсінде аунап алам.
Кірем сосын ентелей ортасына,
Жан-жағымнан көк шыңдар қаумалаған.
Құз ішімен жағалап әрі асамын,
Сүйем жолда әр тасын, әр ағашын.
Нұр жүгіре жөнелер өзектерде,
Шыңнан басын шығарып қараса Күн.
Тұрам қарап суына мөлдіреген,
(Сонда туған алғашқы өндір өлең).
Ақын болып шығар ма, ем ақ бұлақтар,
Бал төсінен болса егер емдірмеген.
Қонам сонда жастанып бір шиені,
Тау ұлына ол жерде кім тиеді.
Қайта мені құшақтап қойнына алар,
Түймелерін ағытып түн тиегі.
Тауда өскенмін, қалайша ұсақталам,
Самалымен досымдай құшақтасам.
Айта берер Жәннәт та осы жерден,
Әрі кетсе шығар-ау үш-ақ қадам.
ҚАРА ҚЫЗ
Жанарыңнан жалт етті де бір ұшқын,
Сөне қалды, сөндіруге тырыстың.
Бір-екі ауыз сөзді мен де айта алмай,
Тарылғаны-ай құрғыр мына тыныстың.
Толқын ұрып тұрғандай ма төсіңде,
Не болса да айтсаңшы енді, кесім не?
Мың құбылып, алаулаған жүзің-ай,
Келе алмастан әлі де бір шешімге.
Алыстасақ күйге түсіп шарасыз,
Қашқақтаймыз жақындаса арамыз.
Екі оттың арасында тулаған,
Жүрегіңнен айналайын қара қыз.
БАЛАЛЫҚ
Жолаушы күн кеттi қырдан әрi асып,
Үш ұлым мен жатыр қызым таласып.
Балалық-ай, түстi-ау еске сол бiр күн,
Көкжиекке тұрмын үнсiз қадалып.
Ұмытқан ем түстi есiме нақ бүгiн,
Ұйықтағанша балаларға жоқ тыным.
Тыстағы ойын аяқталмай ақыры,
Үй iшiнде жаттық шулап кешқұрым.
Қамсыз тiрлiк, шiркiн қамсыз балалық,
(Рас ол сөз емес қазiр жаңалық).
Сағыныш па, өкiнiш пе бiрақ-та,
Сол бiр жақта бiр нәрсенiң бары анық.
Сегiз едiк өсiрдi әкем мәпелеп,
Бiр-бiр үй боп кеттiк қазiр жекелеп.
Мүлде басқа кiшкентайлар бүгiнде,
Дәл сол үйде отыр менi әке деп.
Ұйықтағанша балаларға жоқ тыным,
Толтырғанша ойынының кемтiгiн.
Жаттық солай үйдi басқа көтерiп,
Әлі есiмде дәл сол күнгi кешқұрым.
Әкем марқұм, бұларың не, балам-ау,
Демеушi едi құласа да Қаратау.
Отырды ол кешкi шайын жеке iшiп,
Жаздың күнi мүмкiн бе адам шаршамау.
Ендi қазiр бәрiн анық сезiнем,
Отырған ол болып өзi-өзiмен.
Бiр кездерде байқап қалдым мен оның,
Жас тамшылап отырғанын көзiнен.
Несi айып ол кiсi де тiрi адам,
Сұрағыма жауап берiп сұраған.
Дедi ол бiр кез: — дәл сендердей бiрге өскен,
Ойға түстi соғыста өлген үш ағам.
Бiлмесем де ағаларын дәл анық,
Баламын ғой, естiгенмiн шала ғып.
Бiрақ сол күн бәрiн еске түсiрген,
Бiлмегенмiн екендiгiн балалық.
Жолаушы күн кеттi қырдан әрi асып,
Үш ұлым мен жатыр қызым таласып.
Сағыныш па, өкiнiш пе бiлмеймiн,
Жүрек тұсым кеттi соғып ап-анық.
ДОСТЫМ
Достық деген санама жаңа сiңген,
Айырмағам да адамның арасын мен.
Жолдас болдым мектепте жүргенiмде,
Бiрге оқитын бір байдың баласымен.
Бiрге жүрiп үйiне жүз барамын,
Барған сайын жүрегiм сызданатын.
Неге екенi белгiсiз анасы оның,
Менен оны бiртүрлi қызғанатын.
Көрiнгенмен қаншама байыпты адам,
«Сол бiр дерттен» сол күйi айықпаған.
— Сен баламды бұзасың жолдас болма,
Дедi ол бiр күн өз ойын жайып маған.
Мектептен соңғы өмiр ұлы жорық,
Көп адамның жүрдiк бiз бiрi болып.
Әлгi достым қасында мен болмай-ақ,
Кеттi кейiн арақтың «құлы» болып.
Отырғам жоқ ешкiмдi сынағалы,
Кiнәлап та қайтемiн қу ананы.
Достым бар ма деп кейде бара қалсам,
Бәйек болып ол қазiр қуанады.
ТҰСАУ ОҚИҒАСЫ
Жатқыза алмай еш әдеп белгiсiне,
Таң қалғанмын әкемнiң сол iсiне.
(Рас бiрақ кiмге опа қу дүние,
Өттi өмiрден әкем де, ол кiсi де).
Достықтары мейлi де, өз алдына,
Басқа жағдай боп өттi көз алдымда.
Сол бiр жайдың өмiрлiк сабақ болып,
Қалатынын ол кезде сезе алдым ба?
Түсiнбесем, шығармын түсiнбеген,
Тоқтатпаса тынар ед iсiм немен.
Көзбен көрiп, қолменен ұстағанды,
Кiнәлiмiн бе айтқан үшiн дегем.
…Он бiр де ме, жоқ әлде он екi ме,
Нақты қай кез, бүгiнде жоқ есiмде.
Көршi әрi қатар, дос кiсiменен,
Отырды әкем сол күнi көлеңкеде.
Тұт ағаштың қол жетер етегiнде,
Бiр ат тұсау тұратын әлi есiмде.
Әлгi кiсi көздi ала сол тұсауды,
Алды тығып қойнына кетерiнде.
Байқап қалып жүгiрiп әкеме кеп,
Жаттым айтып бiрдеме ете ме деп.
Етпек түгiл өзiме ұрыссын келiп,
Сол тұсаумен дүние жетеме деп.
Содан бiр сәт тесiле қарап маған,
Көрдiм сол кез пiшiнiн жаратпаған.
Әлгi кiсi сәл ұзап кеткенен соң,
Әңгiмесiн қайтадан сабақтаған:
— Болады ма дүние «тұсау» бiзге,
Татый ма ол кеп кеткен мынау iзге.
Тоқтатқанда не болар едi оны,
Босқа ұялып қалар ек үшеумiз де.
Түсiнерсiң бәрiн де ес жиғасын,
Өтер өмiр қалады тек сыйласың.
Бiраз жерге апарып тастады әкем,
Таусылмайтын өзiнiң лекциясын.
Сол бiр жайды есiме жиi аламын,
Содан ба екен ол жағын бiле алмадым.
Ашкөзденген көргенде адамдарды,
Солар үшiн кей кезде ұяламын.