Бүгінде қазақтың бағына бұйырған ұланғайыр атырапта түрлі этнос өкілдері де бірлік туын биік көтеріп келеді. Қилы заман қиындығын еңсеріп, осы топыраққа табан тірегендер жергілікті жұрттың жайсаң мінезін ерекше екшейді. Қиырдан қазақ даласына тарихи себеппен тұрақтағандардың ортаға сіңісіп кетуіне де ұлтымызға біткен ұлы қасиет сеп болған.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде орыс (15,1%) этносынан кейін көп қоныстанғандар – өзбектер (3,2%). Әр этнос өкілдерінің арасында ұлтымыздың ұлттық құндылықтарына аса қызығушылықпен қарап, құрмет тұтатындар орасан. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Дильноза Таджиметова да осы қатарда. Сауран ауданының тұрғыны бүлдіршін кезінен қазақтың дәстүр-жоралғысын жетік білуге ынтық болған. Қазақ халқының құндылықтарына құмартып өскен Дильноза домбыра шертуді 15 күнде үйреніп алған.
– «Жұмабек Ташенов атындағы мектебімізде ақылы домбыра үйірмесіне барып жүргеніме сәуір айында бір жыл толды. Домбыраны қолға алуыма ұстазым Ұлжалғас Әбілдахан әсер етті. Ұстаз алғаш рет домбырасын ұстап кіріп келгенде керемет әсерге бөлендім. Апайымның сол кездегі бейнесі тарихтағы өнерлі тұлғаларды көз алдыма келтірді. Көздің жауын алатын бүрмелі көйлек, оюмен өрнектеліп, моншақтармен әдіптелген қазақтың ұлттық киімінде, ұлттық аспап домбырамен дәстүрлі әнді шырқай білгенім, бір жыл бұрын осының бәрін үйренуге бел байлағаным мен үшін маңызды мәртебе», дейді Дильноза Зарифқызы.
Дильноза домбыра үйірмесіне үйір болған бір жылда алты дәстүрлі қазақ әнін үйреніп алған. Ол қазақтың сазы, әні кең даласындай, дархан көңіліндей терең екенін толғайды.
«Домбыра құнды, киелі – аспап. Үкілі домбыра үйге сән беріп қана қоймай, береке кіргізеді», деп сипаттағанда сүйсініп қалдық.
Кейіпкеріміз түрлі дәстүрлі ән байқауларында бақ сынап, шеберлігін шыңдап жүр. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған «Мың бала» жобасында Дильноза барлық кезеңді артқа қалдырып, республикалық мәреде де бірінші болды. Осы сайыста «Сүгірдің термесін» шырқаған Дильноза көпшіліктің де көңілінен шықты.
– «Мың бала» жобасының қорытынды сатысында вокал, домбыра, қобыздағы орындаушылар «Өнерлі өрге жүзер» аталымында сынға түстік. 35 өңірлік жеңімпаздар марапатталды. Бас қалада өткен осы тартысты бәсекеден кейін мен жоғары оқуды музыка бағытында жалғастырамын деп шештім. Болашақта дәстүрлі ән үйрететін ұстаз болғым келеді. Әсем қала бізді шабыттандырды», деді ДильнозаТаджиметова.
Сондай-ақ Дильнозаны ұстаз-дары айтыс өнеріне де баулып жүр екен. Қазақты өнер арқылы сүйген ол суырып салып айтуды терең меңгерген халықтың ортасында отырып, оны меңгермей, уақытты бос өткізуге болмайтынын айтты.
Мақала соңында Сауран ауданының тұрғындарының назарына қасиетті аспабымыз, нағыз қазақ домбыра деп ұлықталатын ұлттық брендіміз домбыра жайлы маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Көне Шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағына береді. Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан шамамен 2,5 ғасыр бұрын табылған таста қашалған суреті мен 16 ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен еш өзгермеген. Қос ішекті шертіп ойнайтын музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады. Аспап әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып жасалады. Тоғыз, он бір, он төрт, жиырма төрт пернесі болады. Күй арнайы құлақтарымен келтіріледі. Аспап үні қоңыр, құлаққа жағымды әрі жұмсақ болып келеді. Домбыра – сан ғасырлардан бері сырын сақтаған, қазақ даласында кеңінен танымал аспап. Дегенмен домбыра әр аймақта әр түрлі болып келеді. Солтүстік, орталық, оңтүстік аймақтарда домбыра көлемі шағын, жеті-тоғыз пернелі болса, Батыс Қазақстан аумағында кездесетін домбыра шанағы жұмыр, мойны ұзын, он екі, он төрт пернелі болып келеді.
Домбыра аспабының негізгі екі түріне байланысты аспапта күй орындаудың екі түрі «төкпе» мен «шертпе» қағыстары қалыптасқан. Сазды күйлер Арқа өңірінде, ал төкпе күйлер батыс аймақтарда кең таралған.
Домбыра шертудің «сұқпа» (сұқ және орта саусақпен шертіп ойнау), «жап тақымта» (ішекті бос күйінде қағып, пернені басып отыру), «іліп-қақпай» (ішекті іліп қағу), «теріс қақпай» (жоғары-төмен) деп аталатын түрлері бар. Домбыра аспабының екі ішекті түрінен басқа үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, шіңкілдек немесе «балақай домбыра» деген түрлері бар.
Домбыра аспабында халық күйлерін ғана емес, батыс және шығыс классикалық шығармаларын, танымал туындыларын орындауға болады.
Домбыра — ертеден келе жатқан қазақ халқының ең сүйікті, ел арасына кең тараған, түрлі шежіреге бай, музыкалық аспабы. Ол ұлттың тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, қазақтың басын торлаған ауыр кезеңдерінде жұбаныш бола білген алып та ұлы аспап. Домбыра — жазу-сызу мен қазақтың қаламы мен сахнасының қызметін тең атқарған аспап. Домбыра-ішекті аспаптардың ең көне түрі. Домбыра қасиетін жырлайтын этнологиялық аңыздар өте көп.
«Домбыра» атауының шығуы жайлы таластар көп. Солардың бір қатары: «Дембира» деген қыз атынан шыққан болуы керек деп те топшалайды, себебі шығыс елдерінде қастерлі, қасиетті нәрсеге немесе кейбір көпшілік орынға әйел адамның есімін беру үрдісі бар. Пішіні домбыраға ұқсас, төрт ішекті шертпелі асап үнді халықтарында «тампура» деп аталады. Ішекті шертпелі аспап «пандура» гректерде бар. Сонымен нақты атауы қайдан шыққаны әзірге белгісіз.
Ал енді музыка мен домбыраның арасындағы байланыс не? Біреуі аспап болып, екіншісі сол аспапта ойналатын шығарма болса, олар қалай үндеседі? Егер әнші болса, онда үш түрлі үйлесім бір арнаға шоғырлану қажет. Сондықтан күйге арналған домбырада да әншіге керекті домбырада да айырмашылық бар. Оны әрбір өнерпаз, мейлі ол шебер болсын, мейлі орындаушы болсын бажайлап білуі қажет.
Күйге арналған домбыраға қойылатын талап:
1. Әр пернедегі дыбыс таза шығуы керек, әрі осы дыбыстардың деңгейі айнымайтын және бір-бірімен үйлесімділігі де таза болуы қажет
2. домбыра жинақы, қоңыр үнді болуы керек, сонда қазақ күйлерінің ішкі жан-дүниесін, тілін кімде де болса тыңдай, түсіне алады. Дарылдаған шарқыш үнді домбыра адам құлағына түрпідей тиіп, кез келген шығарманы құрдымға жібереді. Оның үстіне мойны жуан, ұстауға ыңғайсыз ішектерінің қаттылығы қолыңды ауыртып әрі іліп тұрса ойнаушының мазасы кетеді.
Жақсы домбыраның тағы бір сыны — ол ойнауға өте жеңіл болуы, әсіресе пернені қуалай ойнағанда саусақтардың ешбір қиындықсыз жеңіл, әрі қозғалуы. Мұны бір сөзбен айтқанда бауыры жұмсақ домбыра дейді.
Қазіргі кезде жалғыз домбыраның 20- дан астамтүрлері бар:
• ән және күй домбырасы
• торсық
• тұмар
• кең шанақты (екі нұсқасы)
• балдырған
• балашық
• шіңкілдек
• аша
• үш ішекті
• қуыс мойын
• шертер
• оркестр домбыралары
• қоңыр дауысты домбыра (альт)
• жіңішке дауысты (прима)
• ащы дауысты (секунда)
• бас домбыралар (екі нұсқасы)
• іші ішекті
• әмбебап домбыра
• бүктемелі домбыра
• өкшеқұлақ домбыра
• контрабас
• домбыра- тенор
Домбыра- қазақтың осы заманға дейінгі рухтандырып келе жатқан музыкалық аспабы. Ол- елдің қуанышы мен мұңын естіртті, қазіргі кезде домбыра- ұлттық тәрбие мен білімнің кілтіне айналып отыр.
Домбыра аспабы туралы аңыздар
Домбыра аспабы туралы аңыздарды Ө.Жәнібеков, А.Тарақты, Б.Мүптеке,А.Тойшанұлы секілді ғалымдар зерттеп, жүйелеп, жариялаған.
Қазақ халқында домбыра туралы көптеген аңыздар таралыпты. Соның бір нұсқасы былай:
«Ерте, ерте, ерте заманда, «ер етігімен су кешкен» келте заманда, елім деп егіліп, тоғыз тарау елдің тарихын жадында сақтаған қарт жыршы болыпты. Кәрілік жеңіп, дәм таусылар сәт таянғанын сезінген ол, бүкіл ел-жұртын, үрім-бұтағын жинап: «Уа, жарандар, қазір менің көкірегімде тоғыз тараудың шежіресі қаттаулы. Ел есінде қалар шаруаны өзіммен бірге жасасып, бірге қартайған осы бір ескі домбырамның көмегімен үлкен-кішіге паш етіп келдім. Көз жұмар шақта білгенімді кімге қалдырам деп жүз ойланып, мың толғанып, шешімін таппадым. Ендігісін өздерің біліңдер», – деген екен.
Жас-кәрісі, ерлі-зайыптысы, жарлы-жақыбайы түгелдей жиналған жұрт өзара кеңесіп, тоғыз тарауды қарт жыраудың домбырасының шанағына құю керек деп шешкен екен. Сонда осынша байлық оның қуыс мойнынан шығып кетпесін һәм тоғыз тараудың белгісі болсын деп бүкіл ел болып домбыраға тоғыз тосқауыл перне, ал қарт жыраудың құрметіне аспаптың бетіне екінші ішек таққан екен. Осыдан барып оның шанағы кеңейіп, мойны ұзарып, шежірелі сыр шертетін халық мұрасы – алтын домбыра болып сол заманнан қалған екен».
Бұл аңызда домбыраның екінші ішегі, тоғыз пернесінің қалай пайда болғандығы әңгімеленеді. Яғни домбыраның мойны ұзарып, қос ішекті болып жетілдірілгені таңбаланған. Бұнда домбыра бұрыннан бар, тек оның пернелері мен екінші ішегінің пайда болу тарихы айтылады.
Сонымен бірге домбыраның қос ішегінің пайда болу тарихын кейде «Тауқұдірет» күйінің аңызымен де байланыстырады.
«Тауқұдірет деген құс жалқы қанатты болып жаралғандықтан ұша алмай, қиналып, қор болады. Құсаланған ол келесі бір сыңар қанат тауқұдіретпен құшақтасып, екеу болып, бірін-бірі демеп, аспанға көтеріледі. Біреуі ұрғашы, келесі бірі еркек екен. Олардан туған балапанға қос қанат біткен. Осы берекелі тірлікке қарап отырып, күйші домбыраға қос ішек тағып, «Тауқұдірет» деген күйді шығарған екен».
Ал, келесі мәтінде алғашқы домбыраның қалай пайда болғандығы аңыздалады:
«Ертеде, қылышынан қан тамған қаһарлы бір ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады.
Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады.
Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап, діңкесі қатқан қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса «ән салып тұрған» қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді.
Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл – қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал, шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен…».
Бұл аңызда домбыраның алғаш рет қалай пайда болғандығы бейнеленген. Яғни қос нәресте рухының ағаш домбыра кейпінде «қайта тірілгендігі» туралы ишара бар. Домбыраның үстіңгі бостау ішегі Мұңлық ұлдан, төменгі қатты ішегі Зарлық қыздан пайда болғаны аңыздалуы байырғы дуалистік танымның әсері екендігі айқын.
Домбыраның пайда болуын аңшылықпен де байланыстырады: «Баяғыда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Қамбархан деген бір аңшы жігіт болыпты. Қамбархан бір күні атып алған аңын сойып болып, ішегін ағаш басына қарай лақтырып жіберсе, шұбатылған күйі бір бұтақтан бір бұтаққа ілініп қалыпты.
Күндердің бір күнінде Қамбархан әлгі жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды әуен, құйқылжыған үн, үзілмейтін сарын естіледі. Жан-жағына қараса бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішекті көреді. Жел соқса ішек ызыңдап қоя береді екен. Қамбархан әлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып, домбыра жасапты да, күй шертіпті. Қамбарханның бұл жаңалығы бүкіл қазаққа аңыз болып таралыпты».
Қамбархан туралы бұл әңгіме қырғызда бар. Қырғызда Қамбархан қыз бейнесінде, ол ғашығына қосыла алмай күйік тартып, орманды кезіп жүріп, түлкінің ішегі керілген ағашты кездестіріп, содан комуз аспабын жасап, «Қамбархан» деген алғашқы күйді шығарған деседі.
Қорыта айтқанда, домбыраға халық рухының, ділінің, арман-шерінің, сағынышы мен сырының нілі әбден жұғып, алтын аңыз боп сіңгенін, домбыра өткенді оралтып, өлгенді тірілтетін құдіретті аспап екенін бұл алтын аңыздардан анық байқауға болады.
Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді. Ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан археологтар екі шекті құралдарда ойнал тұрған музыкантардың терракотты бейнелерін тапқан. Ғалымдар бұның Хорезмдік аспаптардың бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі сақ тайпаларының музыкалық аспабы екенін белгіленген. Бұл ежелгі екі шекті аспаптардың қазақ домбырасымен ұқсастығы көп және оның прототипі болып табылады. Осылайша, археология арқылы домбыраның ерте кезде пайда болғандығы анықталды. Домбыраның екі түрі бар — батыстық және шығыстық. Бұл орындалу дәстүрінің екі түрлілігімен ерекшеленеді. Орындалуы тез, виртуозды төкпе күйлерді орындау үшін сол қол домбыра жалымен еркін жылжуы керек. Сондықтан, батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді. Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды. Аспаптар көлемімен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген. Осылайша домбыра мен күйші, олардың орындалуы арасында тығыз байланыс бар. Домбыра тек екі шекті ғана емес, үш шекті де болып келеді. Қазақтың қазақтығын көрсететін ол бірден — бір — домбыра болып табылады. Тіпті осы киелі аспаптың бағасын халықаралық дәрежедегі ғалымдар да ақын, жазушыларда айтып кеткен.
Шілде айының алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні мерекесі екендігі баршамызға мәлім. Ұлттың үніне айналған қасиетті һәм киелі аспабымызды Қадыр ақын “Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра” деп лайықты бағасын берген. Заманның ағысы сан құбылса да өзінің өзектілігін жоғалтпаған, қай уақытта болмасын ұлтымыздың сенімді серігіне айналған аспабымыз туралы аңыз да көп, ақпар да көп. Ежелгі Алтай аңыздарына сүйенсек, тауларды мекендеген екі ағайынды жігіт өмір сүріп, біреуі сол замандағы жалғыз домбыраның иесі болған екен. Таңды таңға ұрып, ән-күйді нақышына келтірген бозбалаға халық та сүйсінген. Бірақ шаруаға шорқақтығы оның ағасының зығырданын қайнатқан, ақыры шыдамаған ағасы інісінің аспабын сындырып, жарамсыз қылып тынған. Осыдан кейін домбыра үні бөлшектеніп, Алтайдың әр аймағына тарап кеткен деседі. Осы үнге еліткен адамдар да домбыраны қайта жасап шығарыпты. Ел аузындағы көп аңыздың бірі осындай. Сіздерге домбыра туралы тағы да қызықты ақпараттар легін ұсынбақшымыз.
1. Домбыра сөзінің шығу тегі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Десек те әр түрлі баламаларды көптеп кездестіре аламыз. Мысалға, татар тілінде “думбра”-балалайка, “домбура”-гитара деген мағыналарды береді. Ал қалмақ тілінде “домбр” сөзі домбыра мағынасында қолданылады. Ал моңғол халқы домбыра аспабын “домбура” деп атайды. Түрік бауырларымыз гитараға “тамбура” деген атау берген. Барша түркі халықтарына ортақ аспаптың бірі болғандықтан атаулары да ұқсас келетін домбыра сөзінің нақты мағынасы әлі де зерттеуді, анықтауды қажет етеді.
2. Домбыра тек түркі халықтарының ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ежелгі музыкалық аспаптардың бірі болып саналады. Жорамал бойынша алғашқы домбыралар осыдан 6000 жыл бұрын қолданысқа енген. Қазіргі домбыраларға келсек, еліміздің географиялық және дәстүрлі ән айту мектептерінің ерекшеліктерінн байланысты әр аймағымызда әр түрлі домбыралар қолданылады. Еліміздің солтүстік аймақтарында шертпе күйге арналған домбыралар көптеп кездессе, оңтүстік, батыс аймақтарда төкпе күйдің қарапайым домбыраларын жиі жолықтырасыз.
3. 2010 жылы аспамыбыз Гиннестің рекордтар кітабын бағындырды. Қытайда өткен жиында 10450 домбырашы “Кеңес” күйін бір уақытта орындап күллі әлемнің назарын өздеріне аудартты.
4. 2008 жылы Моңғол-Алтай даласының Жарғалант Қаирқан үңгірінен танымал ғалымдар осыдан 1500 жыл бұрын жасалынған домбыраны іздеп тапқан. Зерттеу кезінде, ондағы көне түркі жазуларына көздері түскен. Домбыраның бетінде көне түркі тілінен аударғанда “Жұпар күй әуені сүйсіндірді” деген сөз бейнеленген. 6000 жыл бұрын алғашқы үлгілері жасалған бұл аспап осыдан 15 ғасыр бұрын да жұпар күй шашып, адам жанына жылулық сыйлаған.
5. Қазіргі кезде домбыраның, домбыра тектес аспаптардың көптеген түрлері кездеседі. Ән-күй домбырасы, үш ішекті домбыра, қуыс мойын домбыра, шертер, кең шанақты домбыра және тағы да басқа түрлерін еліміздің әр аймақтарынан табуыңыз мүмкін. Бұл қатарға Фараби еңбектеріндегі 9 ішекті домбыраны жәні қытай жерінде қолданытатын лютна аспабын қосуыңызға да болады.
Екі шектің бірін тартып, бірін сәл кем бұрау арқылы дала философиясын, елдің көңіл-күйін санасына сіңірген киелі аспабымыз қашан да өз өзектілігі мен маңызын жоғалтпақ емес. Ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге домбыраны жеткізу біздің де миссиямыз екенін есімізден шығармайық, құрметті оқырман. Төрімізден домбыра түспесін, төңірегімізден тыныштық үзілмесін. Домбыра тек бейбітшілігіміз үшін шертілсін!