САУРАН: ЕСКІ ИҚАНДА ӨТКЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ 500-ДЕН АСА АДАМ ҚАТЫСЫП, 80 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ
Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 500-ден аса адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті. Сенбілікке ауданға қарасты 12 ауылдық округінен азаматтар қатысып, ауылдық округтің орталық, басты көшелеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұндай асарлату мақсатымен өткізілетін сенбілік апта сайын әр ауылдық округтерінде тұрақты жалғасын табатын болды.
Тазалық акциясына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров және облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев қатысып, жол бойындағы қоршауларды әрлеу жұмыстарына қолғабыс жасады. Сондай-ақ, аудан басшысы тазалық жұмысының барысымен танысу үшін Ескі Иқан ауылдық округінің аумағын арнайы аралап көрді.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауқымды түрде жүзеге асып келеді. Бүгінгі сенбілікке 10-ға жуық техника және 500-ден аса адам күші жұмылдырылды. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың негізгі міндеті. Ауданымыз, ауылымыз өзімізге керек. Туған өлкемізді өзіміз таза ұстап, аялауды қолға алуымыз қажет. Тұрғындар да ауқымды жұмыстарымызға тазалықты сақтау арқылы үлес қосса дейміз», – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Мемлекеттік мекеме қызметшілері мен қоғамдық ақылы жұмысшылар, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, медициналық ұйымдар, ауыл ақсақалдары, коммуналдық мекемелер, жастар және аудан тұрғындары атсалысқан тазалық акциясында 80 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілік жұмыстары алдағы апталарда да тұрақты өз жалғасын табатын болады.