Воскресенье, 29 сентября

САУРАН: ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР КІМ БОЛҒАН?

0
9


Сауран ауданында Үшқайық ауылдық округіне қарасты Жалаңтөс батыр ауылы бар. Сырдарияның бойында орналасқан елді мекен. Атақты Жалаңтөс баһадүрдің есімімен аталғандықтан киелі жер ұлықталып, мұнда ұлттың намысын қоздыратын, дәстүріміздің озық түрлерін насихаттайтын заманауи жаңа жобалар жүзеге асуы тиіс емес пе? Өзіңіз ойлаңызшы Жалаңтөс баһадүр кім болған?
Алдымен Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы ол кім болған? Соған тоқталалық. Ашық энциклопедиядан алынған мәліметке қарағанда, 1576 жылы Бұхара хандығының Сырдарияның жағалауындағы Төртқара елінде туған. 1656 жылы Самарқанда өмірден озады. Жалаңтөс би Сейітқұлұлын орта ғасырлардағы шығыс елдері «баһадүр» деп атаған. Ол Самарқандтағы Бұхара хандарының қолбасшысы, саясаткері, губернаторы қазіргі тілмен айтқанда әмірі болған. Төскейде малы, төсекте басы қосылған екі елге ортақ өзбек және қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі. Шежірені тарата келгенде Жалаңтөс Сейітқұлұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді.
1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Нұрата тауларына қоныс аударды. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі — «Аталық» атағы берілді. 1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскерді көмек ретінде жіберді, мұның өзі басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.
ДАҢҚТЫ ДАРАБОЗ ҺӘМ ДЕМЕУШІ
1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханы Абдул Азиз бен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетті. Бұл соғыста Бұхар және қазақ хандықтары ортақ жауға қарсы күрес жүргізу үшін одақтық келісімге келді. Хотажқұли бек Балхидың «Тарихи қыпшақтар» анықтамалығы мәліметтерінде қазақ ханы Жәңгір бұл соғысқа 100 мың адамдық әскермен қатысқаны айтылады. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш жорық жасап, Қабыл мен Мешхедті бағындырды. Әскери өнерді жетік білетін, керемет батырлығымен даңқы жайылған дарабоз қолбасшыға қырғыз, қалмақ, қазақ хандары, Үндістаннан, Хорезмнен және Тибеттен қымбат сыйлықтар ағыл-тегіл келіп жатты.
Академик М.Е.Массонның айтуы бойынша, бұл сыйлықтар өзінің саны мен құны жағынан мемлекет қазынасына түсіп жатқан барлық байлықтан асып түседі екен. Бұл байлықтарды Жалаңтөс батыр әскерді қамтамасыз етуге ғана емес, оларға арнап Самарқанда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсады. Жалаңтөс батыр Самарқанның орталығы Регистанда 1619-1633/36 жылдары «Ширдор» (Арыстан медресесі) медресесі мен 1647-1660 жылдары «Тіллә-Қари» (Алтынмен апталған) медресесін салдырды, кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемдігімен, әдемілігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады. Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындагы зиратқа қойылған. Жалаңтөс батырдың ұрпақтары бұл күнде Қызылорда облысының Қазалы ауданында ғұмыр кешуде.
ЖАЛАҢТӨСТІҢ ЖАНҚИЯРЛЫҚ ЖАНАШЫРЛЫҒЫ
Жалаңтөс бес жасқа келгенде Төртқара елі қуаңшылыққа, жоқшылыққа, ашаршылыққа тап болады. Әкесі Сейітқұл сол елдің басшысы Шығай ханмен бірге Бұхар шаһарына жақын Нұрата таулы алқабына көшіп барып мекен етеді. Бұл кезде Қызылқұм, Нұрата, Тамды төңірегін жайлаған елді Дінмұхаммед хан билеп тұрған. Сол ханға Жалаңтөс бала 12 жасынан шәкірт болып қызмет етеді. Осы кезден бастап-ақ оның ақылдылығы, батырлығы калыптаса бастайды. Ол хан сарайындағы шәкірт балаларға, жастарға бас болып, оларға түрлі әскер ойындарын үйретеді. Хандар, билер, қасында жүріп, ел басқару ісіне қатысады. Имам, қажылардан имандылық, қайырымдылық және білім, ғылымға зейін қояды. Олардын кейбірімен шариғат қағидалары жөнінде ілім сайысына түсіп, өзінің білгірлігін, ұғымпаздығын танытады. Әсіресе, Ферғананың Қосан деген қыстағында туып, өскен Мақтым-Ағзам деген өте беделді, әулие білімдар сопының немересі Хашим қожамен замандас, пікірлес болады. Содан Ислам қағидаларын мол игереді. Әкелі балалы Сейітқұл мен Жалаңтөс Нұрата атырабын билеп тұрған жылдары оған жан-жақтан Қызылқұмда бытырап көшіп жүрген Әлім, Алшын, Шөмекей тағы басқа руларының ауыл-аймақтары өздері барып қосылып жатқан. Бұл кезде Сейітқұл мен Жалаңтөс хандығының саны 40-50 мың түтінге жеткен. Сол қазақтардың бір хандық төңірегіне шоғырлануы біріншіден, сыртқы шапқыншылардан сақтану болса, екіншіден, ағайын-туысқанды сағалау еді. Үшіншіден, Сейітқұл би мен Жалаңтөс батырдың ел қорғаудағы, халыққа қамқор болудағы жан-жаққа таралып жатқан атақ-даңқы себеп болады.
Жалаңтөс батыр талай-талай соғыс, шайқастарды басынан өткереді. Соның бәрінде ол асқан батыр, қолбасшы екенін танытады. Сол дәуірдегі ең жоғарғы лауазым — Аталық баһадүр колбасшы деп ел жұрт атап кетеді. 1640 жылы қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы соғыста Жалаңтөс баһадүр әскерге қолбасшылық етіп, жауды күйрете жеңген. 1643 жылы Жетісу өлкесіне басып кірген қалмақ-жоңғар феодалдарына қарсы шайқасып жатқан Жәңгір ханның әскеріне Жалаңтөс батыр бастаған Самарханнан 20 мың қол көмекке келген. Басқыншыларды ойсырата жеңуге жәрдемдескен. 1649 жылы Бұхар ханы Абдуләзиз бен Иран патшалығы арасында Хорасан мен Балх үшін болған соғыста Жалаңтөс батыр әскерге шебер басшылық етіп, жауды жеңіп шыққан. Бұл соғыста Бұхар мен Қазақ хандықтары ортақ жауға қарсы одақ құрған.
Хорасан Балх шаһарларындағы сол соғыста Жалаңтөс ерлікпен коса әртүрлі айла-тәсілдер де қолданады. «Кімде-кім оқ атпай, қылыш, найза кезенбей өз еркімен қолға түссе, оған жаза қолданбаймын. Жер беремін, үйлі-жайлы болуына жағдай жасаймын. Сарбаз бола ма, сарайда жұмыс істей ме, егіс еге ме өздерінің калағанын беремін» деп барлаушыларды үстін-үстін жібереді. Осындай қантөгіссіз әрекеттердің арқасында Иран, Хорасан жағының жоқ-жұқана, кедей-кембағал сарбаздары лек-легімен Жалаңтөстің қолына қосылып жатады. «Тарихи Қыпшақи» атты еңбектің авторы Хожамкүли-бек Балхидің жазуына қарағанда, қазақ ханы Жәңгір хан осы шайқасқа жүз мың әскерімен қатысқан. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш рет жорық жасаған. Кабул мен Мешхедті бағындырған. Ерлігімен соғыс өнерін жақсы білетіндігімен даңқы жайылған талантты қолбасшыға Үндістаннан, Хорезмнен, қырғыз, қалмақ, қазақ, қашғар хандарынан, тіпті Тибеттен де қымбат тартулар келіп түрған.
Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы 80 жасында дүниеден қайтқан. Денесі Самарқанға жақын Дағбид қыстағына өзі пір тұтқан Мақтым Ағзам әулие бейітінің қасына жерленген. Жалаңтөс баһадүрдің әскери қолбасшылық қызметі, ұзақ жылдар Самарқанды билеген кездегі ақыл, нақыл, билік сөздері қазақ арасында көп тарала қоймаған. Ал, Өзбекстан тарихы мен әдебиетінде жиі кездесіп отырады. Өзбек Кеңес энциклопедиясы мен Өзбекстан тарихында оның әскери қолбасшылық қызметі мен билік жүргізген кездегі ғұмырнамасы жан-жақты жазылған. Бұл жағынан өзбек ағайындарға мың да бір рахмет. Енді біз Жалаңтөс би жөнінде зерттеулер жүргізіп, өзбек, орыс тілінде жарық көрген сол еңбектерді ана тілімізге тәржімалап халық кәдесіне асыруымыз керек.
ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮРДІҢ СӘУЛЕТ ӨНЕРІНДЕГІ ОРНЫ
Жалпы айтқанда, Жалаңтөс батыр – Самарқанд тарихын¬дағы үш ірі тұлғаның бірі. Олар: Әмір Темір, Ұлық¬бек, Жалаңтөс батыр. Осы үш тарихи тұлға Самарқанды көркейткен, яғни Шығыс архитектура тарихында теңдесі жоқ ғимараттарды тұрғызған жандар. «Ширдар», яғни «Арыстанды медре¬се¬ні» Жалаңтөс 1619 жылы тұрғызған екен. Осынау әсем медресе порталының ішкі қа¬бырғасында Жалаңтөс батырға ар¬нал¬ған парсы тілінде мақтау жазулар бар. Оның мағынасын қазақ тіліне Х.Дос¬мұ¬ха¬медұлы аударған болатын. Ол мы¬нандай: «…Әмір қолбасшы, турашыл Жа¬лаң¬төс; оның кемелдігін жеткізе мақ-тай¬тын қызыл тіл інжу-маржан; ол тұрғызған медресенің биіктігі сон¬ша¬лық, оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қанша қақса да, жылдар бойы сенің биік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұ¬на¬ра¬сының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры да шыға алмас; сәулетші оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасағанда таңғалғандықтан бар¬мағын тістегендей (таңданыс, қыз¬ғаныш белгісі ретінде) жаңа толған айды қарпып алды; осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс баһадүр қала¬ған¬дықтан, ғимараттың тұрғызылған жы¬лы «Жалаңтөс баһадүр жылы» деп аталады. Жалаңтөс батыр тұрғызған және тең¬десі жоқ медресенің бірі – «Тилла-Кари» («Алтынмен апталған»). Әлемдік сәулет өнерінде ерекше орын алатын бұл ғи¬ма¬рат¬тың құрылысы 1646 жылы басталып, 1659 жылы біткен. Яғни Жалаңтөс батыр қайтыс болған соң үш жылдан кейін. Осындай әлем мәдениетінде ерекше орын алатын ғимараттар құрылысы Жалаңтөс батыр есімін тарих бетіне алтын әріппен жазып қалдырады. Мақала соңында Х.Досмұхамбетұлы жа¬саған шежіреден оқырмандарға мәлі¬мет ұсынып отырмыз. Халекең бұл шежі¬рені жариялағанда, И.Қасымов деген мұғалімнен алғанын ескертіп, алғыс айтыпты. Ал Қасымовтың өзі осы мәлі¬мет¬терді 1920 жылы аса білгір шежіреші Молиман ақсақал Шонтаевтың аузынан жазып алған екен . Жалпы, Халекең Жалаңтөс батыр та¬ри¬хын зерттей жүріп, алты ата Әлім руының үш шежіресін пайдаланыпты. Солардың бәрінде де Жалаңтөс батырдың ата-бабалары мен үрім бұтақтары бір¬ыңғай таратылатынын айтыпты. Осы ше¬жіреде Жалаңтөстің үш баласы бол¬ға¬ны айтылса, М.Есләмғалиұлы жи-наған мә¬ліметтерде төрт баласы болғаны ай¬ты¬лады, яғни Раңбайдан туған немересі Құдай¬назарды төрт ұлының бірі деп көрсеткен. Шежіреде асты сызылып қойылған¬дар¬дың бірі – Ақша би өз заманында атақ-ты би болған. Ал оның немересі әйгілі Әйтеке би (1700 жылы қайтыс болған) біздің тарихымызда бұрыннан белгілі тарихи тұлға.
PS: «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Бұл жерде аталарымыз рухани баю туралы айтып кеткен секілді. Ендеше, жоғымызды түгендеп, ұлымызды ұлықтайық, ағайын. Сіз не дейсіз оқырман?
Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply