Thursday, November 21

САУРАН: ЖЫЛАҒАН АТА ҮҢГІРІ ТУРАЛЫ АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

0
46


Жылаған ата бұлағы мен үңгірі Түркістан облысы Сауран ауданы Бабайқорған ауылы аумағында, Түркістан қаласынан солтүстік- батысқа қарай 80 км жерде, Қаратау бөктерінің жартасты шатқалында орналасқан.
Өзеннің сол жағасындағы жартаста, өзен арнасынан 10-12 м биіктікте орналасқан тастағы тесік секілді бұлақ көзі белгілі бір уақыт аралығында сарқырап ағып, бірден өзінен өзі тоқтайды. Бұл – зиярат етушілерді өзіне тартып, қызықтырады. Бұлақтың өзіндік табиғи көрінісінің себептері – әлі де белгісіз. Үңгір өзеннің сол жағалауында бұлақ көзінен 45-50 метр қашықтықта орналасқан. Үңгір аузының биіктігі – 3-4 м, ені – 8-9 м, тереңдігі – 50-60 м шамасында.
Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады.Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Сарқырамадан айырмашылығы – «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды, тек басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды. Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал пиғылы жаман қарау адамға ақпайды», – деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның көз жасы» дейді.
Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ суды ыдысқа құйып қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геологтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жай ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап таңқалған зерттеушілер «Бұл – шынында да Құдіреттің күші!» деген екен. Үңгірдің оң жағында кішігірім кесене – сопа салынған. Аңыз әңгімелер бойынша, осы сопада түнеген құрсақ көтермеген әйел нәрестелі болады екен.
Ғылыми тұрғыда зерттелмеген, нақты қай ғасырға жататындығы да анық емес. Тарих пен мәдениет туындысы болмаса да, табиғаты көркем бұл мекенді халық қасиетті, киелі деп санайды. Жылаған ата есімімен байланысты бұл табиғи орынды жергілікті халық ислам діні келгенге дейін болған деп те топшылайды. Үңгірдің аузы өзеннен 15 м биіктікте орналасқан. Тастар арасынан шығатын бұлақ бар. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл – Жылаған атаның аққан көз жасы екен.
Бір күні көтеріп жүруден шаршаған анасы Игілік ауылының маңындағы (Игілік ауылы Жылаған ата үңгіріне жақын елді мекен) өзеннің қасына келгенде месті көтеріп тұрып анасы сені қашанғы көтеріп жүреміз, не сөйлемейсің, не күлмейсің, не жыламайсың деген кезде мес қолынан түсіп кетіп ішінен нұрлы жүзді бала шығады, бала местен шыға сала тауды беткейлеп қаша жөнеледі. Ата-анасы ізінен жүгіреді, бала қашып осы жаққа бағыт алады. Жол бойында ойнап отырып артымнан әке-шешем шөлдеп келе жатыр деп асатаяғымен жерді ұрып қалып сол жерде құдық пайда болады (Жылаған ата басына бара жатқанда Тасқұдық бар, аталған құдықта киелі саналады). Осы жерге (Жылаған ата) келіп үлкен тасты асық қылып ойнап отырады, әке-шешесі жеткен уақытта осы жерге бір аунайды да, содан әрі қарай жүреді, анау жерде «Ана жытыры» деген су шұңқыры бар, сол жерге барып ата-анасын күтеді, ол жерге де жеткен мезетте, үлкен үңгірдің ішіне кіріп кетеді де шықпай қояды, ата-анасы болса балаға жалынып-жалбарынып кешірім сұрап, біз білместік таныттық, бізді кешіре гөр, сен біздің баламызсың деп тіл қатқанда, бала ата-анасына былай деп жауап қайтарады: біз мына дүниеде емес, анау дүниеде кездесеміз, мен үшін алаңдамаңыздар және арттарыңызға қарамаңыздар мен бар күшімді салып сіздер жүрген жерді ырыс-ынтымақ пен жақсылық, қуанышқа бөлеймін дейді.
Әке-шешесі амалы жоқ көніп, мұңайып елге қайтып келе жатқанда, жолда баламыздың жүзіне соңғы рет бір рет қарап қалайық, мүмкін артымыздан келе жатырған шығар деп, Есеккөл деген жерге келгенде арттарына бұрылып қарайды, қараса арттарынан нұр болып ағып келе жатқан үлкен өзен жердің астына сіңіп жоқ болып кетеді. Сол өзеннің аяғы тек 5-6 шықырым жүргеннен кейін қайта шығады, бірақ ол жағын толығырақ ешкім біле бермейді. Біз көріп тұрған бұл үлкен үңгір үш үлкен тесіктен тұрады. Бірінші жоғарыдағы атқылап су ағатын жері, екінші тесігі ата-анасы артына қараған уақытта пайда болған, бұл үңгір кезінде яғни әріде басқаша болған бұл жерді Кеңес үкіметі кезінде геологтар құпиясын ашу мақсатында зерттемек болған, үңгірдің ішіне кіріп көру үшін алып тастарды арнайы құралдармен құлатпақ болған, сол уақытта аяқ астынан осы жерді жыландар мен түйелер қаптап кеткен үшіншісі сол кезде пайда болған. Бұл жердің құдіретін осыдан кейін-ақ түсіне беруге болады.
Қазір Жылаған ата жері, осы таулы үңгірден ағатын суымен құпиялы да киелі болып тұр, себебі су тек қана құран оқыған кезде ғана ағады және жай ғана емес аяқ астынан, күтпеген жерден сарқырама секілді лақ ете қалады, оның уақытын ешкім білмейді, кейді тіпті бір-екі күндеп ақпай қалатын күндерде болады. Алыстан арнайы ат терлетіп келіп жатқан жамағаттар кейде осы жерде сарқыраманың ағуын тосып күндеп, апталап жататындар бар. Бастысы ниеттің түзу болуы, ниет адал болса бұйырғаны болады.
Енді бұл жердің құдіретілігінің тағы бірі жаңағы айтқанымдай, қаншама отандық, шетелдік ғалымдар зерттеп көру мақсатында құралдарымен тексеру жұмыстарын жүргізіп көрді, бірақ техниканы тыңдамайды, құралдары жұмыс істемей қалады. Менің осы жерде шырақшы болып қызмет атқарып жүргеніме бір жарым жыл болды. Осы уақыт аралығында қаншама туристер мен қызығушылық танытып келіп жатқан адамдар болды, әркімнің мақсаты әртүрлі біреулер ауруына ем іздеп келеді, біреулер киелі жердің құпиясына қызығып келеді. Ауруына ем іздегендер қасиетті үңгірдің зәм-зәм суын ішіп, ауруына шипа тауып жатқандар да бар, Жылаған ата үңгірінің басты қасиеттілігі осында. Жылаған атаның тарихы мен орналасқан жері бізді таң қалдырды, шырақшының сөзіне дәлел шыныменде шалғайда жатсада ниет етіп келушілердің саны жеткілікті, біз барғанда бір автобус толы адамдар тобын көрдік, тілдесіп көргенбіз, байқанғанымыз, жүздерінен бір үміт сәулесін шашып тұрғандай. Бәрі де ниет пен тілекті қуалап келгендер.
Жылаған ата жайында халық арасында тараған аңыз бар. Ол аңыз бойынша Қаражон ауылында орналасқан Шаш ана әулие мен Абай ауылында орналасқан Құрышхан әулие ерлі-зайыптылар екен. Жылаған ата солардың ұлы деп айтылады. Құрышхан ата мен Шаш ана еліне сыйлы, құрметті адамдар болыпты, бірақ та қатал тағдыр оларға нәресте көруді бұйыртпапты. Уақыт өте келе ол кісілер Алла тағаладан жалбарынып бала тілейді. Күндердің күнінде түстерінде аян беріп: «Сендерге месімен бірге туылатын ұл беремін, тек сендер ол баланы қолдарыңнан түсірмей месті жарып шыққанша бағасыңдар, ол періште болып месті жарып шығады» – дейді.
Айтқандай-ақ Шаш ананың бойына бала бітеді. Бірақ егде тартқан әйел ауыр жүкті ұзақ көтеріп жүре алмай: «Мұндай сынақты менің көтеретін шамам жоқ» – деп Аллаға жалбарынады. Сол сәтте дүниеге келмеген шақалақ, періште сияқты ұшып шығып: «Сіз менің дүниеге келуіме бір күн ғана шыдамадыңыз, енді мен сізді мәңгілікке тастап кетемін» – деген сөздер айтып, жартастардың арасымен, таудың ұшар басындағы үңгірге кіріп, бірден ғайып болады. Әлі дүниеге келмеген сәбидің әкесі отыра қалып, қайғыдан қан жұтып, тоқтамастан өкіріп жылайды. Сол жерде оның көз жасынан сарқырама пайда болады. Көз жасын төгіп отырған бейбақ анамен бірге өзеннің қарама-қарсы жағалауындағы жартастар да қосыла жылағандай болады. Алыстап бара жатқан періште екеуіне: «Ауылға қайтарда арттарыңа қарамаңдар. Сонда бұлақтың тұнық суын сол жерде тұратын адамдар пайдалана алады» – деп айтады. Періштесін қимай бара жатқан Шаш ана шыдай алмай артына қарайды. Сол мезетте ауылға жетпестен сарқырама дәл сол жерде жоқ болып кетеді.
Аңыз әңгімелер бойынша Жылаған ата бұл үңгірде әлі күнге дейін өмір сүреді-міс. Үңгірге барар жолдың тау басында құдық орналасқан. Құдықты қазіргі уақытта да малшылар пайдаланып келеді. Үңгірдің оң жағында кішігірім кесене салынған. Аңыз бойынша құрсақ көтермеген әйелдер осы жерде түнесе нәрестелі болады екен.
Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» – деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді.
Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» – деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», – деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім – осы жер, осы үңгір», – дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбеді. Анасы: «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін», – дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала айтты: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол», – дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді.
Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды.
Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал ниеті қарау адамға ақпайды» деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны не дегенмен де жұмбақ құбылыс.
Геологиялық тұрғыдан қарасақ, қарт Қаратаудың бауыры химиялық элементтерге бай. Кеңестік кезеңде мұнда, болат та, қорғасын да, мырыш та, алтын да өндірілді. Бүгінгі күнде «Қазфосфат» өнімін алатын фосфордың көзі. Жылаған ата бұлағы мен үңгірін ұлылармен байланыстырсақ, жазушы Мұхтар Әуезовтің бабаларының құт мекені болған жер. Өйткені, арғы атасы Әуез әулеті Қарнақта тұрып, осы мекенді жаз жайлауы еткен. Рухани жаңғырумен бойымызға тараған ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында бір күнімізді осынау қасиеті қонған өлкеге арнадық. Сондықтан, жалқаулық мен менмендікті алдыңыздан ада етсеңіз, осынау игіліктер бойыңызға рухани азық болып жайылары сөзсіз.
Мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» тарихи- мәдени қорық-мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған.
Сонымен қатар, тағы басқа аңыздарда мынадай жайлар айтылады. Ертеректе Қарт Қаратаудың баурайын мекен еткен бір кісі жалғыз перзентке зар болыпты. Ертелі-кеш Аллаға дұға қылып, жалынып-жалбарынып бала сұрайды. Сонда әлгі кісі «Бір нәрсе бере гөр, бір нәрсе берсең болды!» дей береді екен.
Әдетте адам баласы Жаратқаннан сәби тілегенде «Мейірімді, саналы, ақылды бала нәсіп ет!» деп тілеу қажет дейді көзкөргендер…
Күндердің күнінде Алла оның тілегін қабыл етіп, жұбайының құрсағына бала бітеді. Бірнеше жылдан кейін бала сүю бақытына ие болған олар, сәбидің дүниеге келуін тағатсыздана күтеді. Әрбір күнді тізбектеумен болады. Осылай сарғая күткен уақыт та жетті. Сөйткенде, толғағы қысқан жұбайы дөп-дөңгелек мес (қарын) босанады. Аң-таң болған олар тезарада молда шақыртады. Сонда молда «Бұл тегіннен тегін емес, Алланың сынағы болса керек. Жұбайың месті етегіне салып, қырық бір күнге дейін шыдамдылық танытып, түсірмей жүруі абзал» деп өз жөнімен кете береді. Бірақ әйел баласы төзімсіз келеді емес пе? Қырық күн толғанда тағаты таусылған ана, жолдасына қарап «Қашанғы месті көтеріп жүремін» деп етегін жазып жібереді. Сайдан сырғи түскен доптай, әлгі мес домалап жерге құлап, ортасынан қақ айырылады. Ішінен қолында аса таяғы бар кішкентай бала ытқып шығып, «Ата-анам, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадын ба?» деп тауға қарай қаша жөнеледі. Артынан ата-анасы да қалыс қалмайды. Бала желаяқтай жеткізер емес. Таудың етегіне жақындай түскенде артына бұрылып қараса, ебіл-дебілі шыққан ата-анасын көреді. Шөл қысқан болар деп, аяушылық танытып, шар тәріздес дөңгелек тау тасын аса таяғымен түртіп қалады. Құдіреттің күшін қараңыз! Тастың дәл ортасы шытынап, үгіліп түседі. Сөйтіп бір қауға шелек өтетіндей құдық пайда болады. Ішінен мөлдіреп су шығады. Содан бала жалаң аяқ құдықты айналшықтап, аса таяғымен айналасын түртіп, біршама жер қашықтықта қалған ата-анасын күтіп тұрады. Ахілеп-ухілеп жетуге тақап қалғанда, қайтадан тұра қашады (құдықтың айналасында баланың кішкентай іздері мен аса таяғының орны тайға таңба басқандай өрнектеліп қалған). Бұл жолы бала таудың биік шыңына қарай өрмелеп, бейтаныс бір үңірге біржолата еніп кетеді. Жалғыз перзентінен қол үзген ата-анасы егіле жылап қала берді. Міне, содан бері бұл жер (үңгір) «Жылаған ата» деп аталып кеткен.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бір кісі Жылаған атаның басына барған екен. Оның айтуынша, үңгір сылдырма тастың үстімен, бір аяқ жолмен жүріп өтетін таудың биік беткейінде орналасқан. Ол жерден төмен қарасаң жер құдды теңіздей терең болып көрінеді. Үңгірдің бергі жағы жеңіл көлік өтетіндей кең болса, арғы беті кішкентай бүлдіршін ғана сиятындай көлемде. Сағат сайын үңгірден ақ көбіктей мөлдір су атқылап тұрады. Бұл көбік – ата-ананың көз жасы деседі. Бір қызығы, ниеті қисық, таза емес адам жақындаса су тоқтап қалады… Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ, суды ыдысқа құйып қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геолгтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жәй ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ, осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап таңқалған зерттеушілер «Бұл шынында да Құдіреттің күші!» деген екен.
Бір күні бір жігіт ағасы ниет етіп үңгірдің басына түнейді. Ертесіне бір молданың намазға жығылғанын көріп, қасына отыра кетіп, ішінен дұғасын оқиды. Кенет артқы жағынан нәрестенің шиқылықтаған даусы естіледі. Жалт етіп бұрылып қараса, кішкентай бала құммен үйшік жасап, соны қызықтап отыр екен. Орнынан атып тұрған жігіт балаға жақындай бергенде, ол бірден үңгірге кіріп кетеді. Содан соңынан ілесуге тырысқан жігіт үңгірден аттай бере, ортада қысылып, шыға алмай қалады. Сөйтіп молдалар шақыртып, құран оқытып, әзер дегенде шығарып алған….

Leave a reply