Вторник, 17 сентября

САУРАН: ЗУППАРХАН СУБАТҰЛЫ – ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

0
85


Еліміздің құқықтық, әлеуметтік-экономикалық дамуына депутаттар қауымы сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз солардың бірі әрі бірегейі ардагер ұлағатты ұстаз, халық қалаулысы Зуппархан Чалданов туралы болмақ. Түркістан облысының «Құрметті азаматы» атанған Зуппархан Субатұлы Чалдановты облыс жұртшылығы білім саласының жанашыры, халық қалаулысы, кәсіпкер меценат ретінде жақсы біледі. Ол 2017 жылы Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағын алса, өткен жылы Түркістан облысы мәслихатының шешімімен Түркістан облысының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. Биыл Қазақстан мәслихатының 30 жылдық мерейтойына орай төл мерекесімен құттықтай отырып, Зуппархан Субатұлының өзімен пікір алысқан едік.
— Зуппархан Субатұлы алдымен өзіңіздің қазіргі кезде қандай қызметпен айналысып жатқаныңызды білсек?
— Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінде Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесімін. Облыс әкімдігі жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесімін. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері және Өңірлік даму жөніндегі кеңесінің, «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органның мүшесімін. Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасының орынбасарымын.
— Сіз ұзақ жылдары түрлі мектептерде басшылық қызметтер атқардыңыз. Сонымен қатар халық қалаулысы да атандыңыз. Соған тоқтала кетсеңіз.
— Иә, 33 жыл түрлі мектептерде директор қызметін атқардым. Оңтүстік Қазақстан Облысы мәслихатының ІІ шақырылымының, Түркістан ауданының IV шақырылымының, Түркістан облысының VI шақырылым депутаты болып сайландым. 2017 жылы Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 2023 жылы 12 маусымда Түркістан облысы мәслихатының шешімімен Түркістан облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталдым.
2020 жылы желтоқсан айында Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталып, облыс мәслихатының алғыс хатымен марапатталдым.
Ал ағарту саласындағы еңбегіме тоқталсам, Қазақ ССР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Білім және ғылым министрлігінің «Білім саласының «Құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталғанмын. Оңтүстік Қазақстан облысы Өзбек халқының тілі, мәдениеті және дәстүрлерін, ұлтаралық татулығын дамытуға қосқан үлесі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаным үшін «Қоғам жанкүйері» медалімен марапатталдым.
— Сіз мектептерде басшылық қызметтер атқарған кезіңізде әрі халық қалаулысы ретінде көптеген бастамашылықтарға қолдау білдірдіңіз. Қазіргі таңдағы білім беру үдерісіндегі цифрландыру үдерісіне көңіліңіз тола ма?
— Қазіргі таңда замана талабынан кеш қалмай, цифрландыру жайын жете меңгеруіміз керек. Күні кеше ғана Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету қажет екенін ерекше атап өтті. Өйткені цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен, сабақтарымен қамтамасыз етуге болады.
«Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Міне бұл нақты қадам еліміздің болашағын ойлаған ұстаздар қауымы ғана емес, әрбір сүттей ұйыған отбасының үкілі арманын жүзеге асырудың жолы. Қазіргі таңда мектептеріміздегі интернет желісінің баяулығы, кейбір білім ұяларында мүлдем жоқтығы кешегі КОБИТ-19 тәжтажал індеті жағадан алған кезде анық байқалды.
— Сіз облыстың мәслихат депутаты ретінде өзіңіз сайланған округтердегі мектептердің жай күйімен танысып, тозығы жеткен мектептерді жаңарту жөніндегі көп іске қозғау салдыңыз. Осыған тоқталсаңыз.
— Мен мәселен облыстың мәслихат депутаты ретінде Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Оранғай, Ынтымақ, Достық елді мекендеріндегі сайлаушыларыммен жиі кездестім, Ол елді мекендердің жағдайын өте жақсы білемін. Жасыратыны жоқ, елді мекендерде әлі де шешімін таппаған мәселелер көп. Сайлаушылармен әр кездескен сайын оларды мазалайтын сұрақтарға барынша шынайы жауап беруге тырыстым. Тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, сол бойынша құзырлы органдарды хабардар етіп, өз құзіретім шеңберінде мәселенің оң шешілуіне ықпал еттім. Солардың ең маңыздыларының бірі – мектеп. Өздеріңіз білесіздер, ауылдық жерлердегі білім ұяларының көбінің тозығы жеткен. Ал, техника дамыған қазіргі заманда оқу ғимараттары талапқа сай болуы керек. Компьютерлік жабдықтармен, интернет желілерімен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Мұның бәрі қаржыға келіп тірелері анық. Оған қазынадан қаржы бөлдіру оңай шаруа емес. Мәселені көлденеңінен қоя білу керек. Оның құжаттарын реттеу жағы тағы бар. Әрине, ел сенім артқан соң депутаттық мандатымды пайдаланып, сайлаушылардың көңілінен шығуға тырыстым. Оранғай ауылдық округіне қарасты Қосқорған елді мекенінде 150 орынды мектеп ғимаратының салынуына күш салдым. Қазір ол пайдалануға беріліп, оқушылар білім нәрімен сусындауда. Ынтымақ елді мекенінде 300 орынды мектеп, Оранғай ауылында тағы да 200 орынды мектеп, Ескі Иқан ауылында 300 орынды жаңа мектеп ғимаратын салуға ықпал еттім.
— Қазіргі таңда ауыл мектебі мен қала мектебінің арасы жер мен көктей деп жатады. Осы олқылықты жабудың ең оңтайлы жолы ауылдық мектептерді интернет желісімен және қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен қамту емес пе?
— Бүгінде қала болсын, ауыл болсын, азаматтардың құқықтық сауаттылығы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бұл мемлекеттік саясатты тұрғындар арасында насихаттаудың оң нәтижесі дер едім. Сайлаушылар жеке басының проблемаларынан гөрі, елдік, ұлттық мәселелерді жиі көтереді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Кездесулерде көбіне Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларын, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын» Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы тапсырмаларын және басқа да мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан көптеген нормативтік құжаттарды түсіндіріп, талқылаймыз. Мемлекеттік бағдарламаларды мейлінше тиімді пайдалану тетіктерін қарастырамыз. Тұрғындармен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде көптеген табыстарға қол жеткіздік. Ең алдымен елдің мәдениеті, дәстүрі мен салт-санасын жаңғыртып, ұлт құндылықтарын ұлықтау – азаматтық борышымыз деп білемін. Ел іші болғасын тұрмыс деңгейі әртүрлі азаматтар бар. Бірінің көші өзгелерден әлдеқайда ілгері болса, енді бірі қолда барды ұқсата алмай әлек. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға хал-қадерімізше көмектесеміз. Ал, қолынан іс келетін азаматтарға тура жол сілтеп, аяқтан тұрып кеткенше қолдау көрсетеміз. Мемлекеттік мерекелерде, қасиетті айларда соғыс және еңбек ардагерлерін аралап, лайықты сый-сияпат жасаймыз.
— Жастардың ауылдық жерлерде тұрақтап қалуы үшін қандай қолдау түрлерін көрсетуге болады?
— Қазіргі кезде жастарға мол мүмкіндіктер ашылып жатыр. «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы ең үлкен мүмкіндік. Жастар – кез келген заманауи мемлекеттің стратегиялық әлеуеті. Осы ретте елімізде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Ел болашағы – жастар. Дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемде беделі биік мемлекетті қалыптастыру үшін ең бірінші кезекте жастар саясаты жүйелі жүргізілуі керек. Ендеше, жастар барынша белсенді болғаны дұрыс. Ал, олардың бойына көшбасшылық қасиетті мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап қалыптастырмаса, ертең бәрі кеш болады. Сондықтан әрбір балаға оқушы ретінде ғана емес, тұлға ретінде қараған абзал. Қазақ «баланы жастан» деп бекер айтпаған. Бірақ, кейде бала тәрбиесіне келгенде бұғып қалатын ағайындар да кездеседі. Бізде ұстаздар мен ата-ана арасында әлі де байланыс бірқалыпты емес. Бүгінде қай салада да жоғары жетістікке жетіп, басшылық қызметте жүргендердің барлығы еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Бірақ, жастар оған жете мән бере бермейді. Сондықтан елге танымал азаматтар мен оқушылар арасында жиі кездесу өткізіп тұрсақ, олардың тәлімді әңгімелері жастарға ой салар еді.
«Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтуда. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Сондықтан әр азамат үздіксіз оқуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
— Бес белесті бағындырған Түркістан өңірінің ұстаздар қауымына не тілер едіңіз?
— Облыс орталығы мәртебесін алғанына бес жыл ғана болған Түркістан облысының білім беру саласының мамандары мен ұстаздары қауымының алдында өте үлкен белестер тұр. Біз бұған тек замаан талабына сай келетін жаңа технологияларды жете меңгеру арқылы қол жеткізе аламыз. Бірақ, ғаламдық жаһанданудың жөні осы екен деп интернет желісінің жетегіне еріксіз еріп кете бермей, сан ғасырдан бері келе жатқан ұлттық құндылығымыз бен салт-дәстүрімізді сақтап, «тәрбие тал бесіктен басталады» деген қағиданы сақтап, білімнің де өзімізге қажеттісін күрішінен күрмегін ажырата біліп алуымыз керек. Сонда ғана заман көшіне өзіміздің бет-бейнемізбен еркін кіре аламыз. Әрбір ұстаздың шәкіртін тұлға етіп қалыптастыруына барлық білімі мен педагогтік іс тәжірибесін жұмсағаны жөн дер едім.
— Салиқалы сұхбатыңызға үлкен рахмет.
Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply