САУРАН: ИҚАН ҚАЛАСЫ МЕН ЕСКІ МЕКЕНДЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ТАРИХЫ

0
136


Қазіргі Иқан ауылының ортасында. 1947 ж. бері зерттеліп келеді, қала Майбалық қаласының өмірін жалғастырушы қоныстан (VIII ғ.) бастап XII – XIX ғғ. үлкен қалаға айналған. Рабады түгел қазіргі заманғы үйлердің астында қалған.
Атауына келсек Н.Д.Оңдасынов өзінің 1969 жылы шыққан «Арабша – қазақша түсіндірме сөздік» атты еңбегінде «Иқан» деген сөз «Сенушілік, анығын білу, нану» – дегенді білдіреді деп жазады. Ахмет Ясауи бабаларының «Насабнамаларының» (Шежіре) 28 нұсқасын зерттеп, талдаған «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии» атты еңбекте «Итқан» деген атау да осы Иқанның көне аттарының бірі есебінде берілген (79, 280, 216 бб.). Жергілікті ақсақалдар мұның да мағынасы Н.Оңдасыновтың берген анықтамасымен бірдей дейді.
А.И.Добромысловтың «Города Сыр – Дарьинской области. Чимкент, Туркестан» атты еңбегінде «Ихқан» деген атауды П.И.Рычковтың «Топография Оренбургской губернии» деген еңбегінде Түркістан маңындағы қоныстың бірі деп келтіргенін жазады (11 б.).
Жоғарыдағы «Исламазация и сакральные родословные в Центральной Азии» атты еңбектің «Иски Икан», «Икан – Канд» деген елді мекен атының түрлері мен «Иси – Кай – Канд» деген канал да аталады. Мұның «Иски Икан» жайлы бөлігінде Әзірет Сұлтанға осы маңнан берілген вакфтық жер жайлы айтылады (79 б.).
З.Жандарбековтың «Насабнама» жайлы еңбегінде «Иқан халқы Кіші Дарбаза арығынан екі су» алғандығы айтылады.
Ал, «Исламизация…» атты еңбекте «Суку – Таш», «Суку – Таш ариги» деген су бойынан 50 қостық жер вакфқа жататындығы айтылса, Иқан – Кендке жататын жер есебіне «Суку – Таш (Шоқтас) вакфтық жерінің басы Қызыл Сеңгірден басталып Иан – Иар арқылы Ұлы Дарияға (Сырдария) дейін созылады, оның құрамына 12 арық пен 1000 қостық жер енеді» деп жазылған, ал, әрбір қос 5 гектарға тең екенін еске алсақ 5000 га жер екендігін байқаймыз.
Ташкенттік сарт Нұр – Мұхаммед, 1735 ж. Уфада болғанында сондағы Ресей әскери мекемесіне берген дерегінде Иқанда 100 тұрғын үй бар екендігін айтады.
Иқан қаласының үсті трактормен тегістеліп, артезиан құдығы қазылып тоқтаусыз аққан судың әсерінен мәдени қабаттары балшыққа айналып кеткен. Археологиялық қазба жүргізу мүмкін емес.
Иқан қаласын 1712 – 1717 жж. Ұлы жүз ханы Тұрсын өзінің астанасы ретінде пайдаланды, онан соң оның ұлы Барақ хан 1749 – 1750 жж. астана еткен. Барақтың ұлдары Сығай мен Бөкей хандар да мұрагер болғанымен Сығай әкесімен бірге 1750 ж. қаза тапты, ал, Бөкей хан 1816 – 1819 жж. Қарқаралы таулары, Кереку бекіністерінің маңында найман, арғын тайпаларына билік жүргізді. Бұлардың барлығы Түркістанда жерленген.
Иқан 1819 жылдан 1864 ж. дейін Қоқан әмірлігі қол астында болып, 1865 ж. бастап Ресей мемлекеті бодандығына өтті. Қазіргі күні Қарнақпен, Қарашықпен бірге Түркістан маңындағы ең ірі елді мекендер қатарында.
Иқан жайлы ең алғашқы дерек «Насабнамада» (XIII ғ.) сонан соң Хафиз Таныштың (XVI ғ.) еңбегінде Абдолла II ханның 1582 ж. осында өз әскерімен тоқтағаны жайлы айтылған.
Адамзат бұл аймақты б.з.д. 500 мыңыншы жылдардан бері қоныс етіп келеді, оған Дәуленбай төбенің маңына жақын Шоқтас елді мекеніндегі ерте палеолит заманының тұрақтары дәлел. Онан соңғы тас ғасырының кейінгі кезеңіндегі ескерткіштер, қола, ерте темір дәуірі қорымдарын, қоныстарын іздеп тауып зерттеу алда тұрған мақсаттың бірі. Біздің алға қойған мақсатымыз Иқан кіші шұратындағы қала құрылысы ескерткіштері, яғни, отырықшылық мәдениетінің орнауы мен егіншіліктің дамуы тұсында өмірге келген қоныстар мен қалашықтарға шолу жасау, олардың атауларының этимологиясына зер салу, Иқан қаласы мен оның маңындағы қалалар, қоныстар тарихына үңіліп, бір ізділікке салып, жалпы жасын анықтау болып отыр. Бұл бағытта біз әзірге тек археологиялық тұрғыдан зерттелген, өмір сүру кезеңі анықталған ескерткіштерге ғана тоқталмақпыз. Зерттелмеген Бақанды, Тассарай, Қаратөбе, Кіндіктөбе, Ибата қоныстары, Қызылту, Тесіктас, Қатынқамал сынды ондаған ескерткіш келешектің мұрасы.
Археологиялық тұрғыдан зерттеліп, есепке алынып, жасы анықталған қалалардың ең көнесі Ақтөбе – Ибата (Ибадулла ата атауының қысқарған түрі) Жаңа Иқанға барар жолда, Иқаннан 15 км жерде орналасқан, жалпы көлемі 2,5 га, оны қоршай алып шахарістаны мен рабады бар (10 га). Қаланың аты өз заманында басқаша болғаны анық, «Ақтөбе» деп, көктем айларында үстіне шөп шықпағасын айналадан ерекшеленіп, аппақ болып тұрғандықтан аталып кеткен. Өмір сүрген кезеңі б.з.д. III – II ғасырлардан б.з. IV –V ғасырлары арасы, яғни, 700 – 800 жылға жуық. Қала Қангүй мемлекеті тұсында өмір сүрген.
Келесі ескерткіш Майбалық (Байбалық) қаласы, ол Иқан елді мекенінен оңтүстік – батысқа қарай 3 км жерде орналасқан. Қаланың орталық бөлігі диаметрі 100 метрдей болып келген шеңбер түрінде, сыртын ромб бейнесіндегі рабад қоршап жатыр. Қала атауы «бай қала» дегенді білдіреді, «балх, балық, балқ» деген сөз көне түркі тілінде «қала» деген атауды білдіреді. «Балх» деген қала Ауғанстанның солтүстігінде ерте орта ғасырлардан белгілі, Әл – Бируни «Джейхун (Әмудария) бір кездері шөл арқылы ағып, Балхан қаласы түбінен бұрылып Хазар (Каспий) теңізіне құйып жатыр» деп жазады. Қаланың Майбалық (Байбалх) аталуы VI ғ. Түркі Қағанаты тұсында болған сияқты, себебі, екі түбірден – Май( бай) анықтауышы мен балық (балх) – зат есімінен құралған бұл атау көне түркі сөзі екендігінде дау жоқ.
Махмут Қашқаридің жазуынша да «балық» қала деген мағына береді, ол ұйғырлардың қол астында ірі–ірі бес қала барлығын, оларды бір атаумен «Бесбалық» деп атайды деп жазады.
Жүсіп ата қонысы
Иқан елді мекенінің территориясында орналасқан, қоныс ортағасырлық Иқан қаласының рабадының бір бөлігі болуы да мүмкін. 2005 ж. Жүсіп ата кесенесін зертеу барысында оны қоршаған 15 гектарлық жердің мәдени қабаты да зерттелді. Кесене маңындағы мәдени қабаттың XII – XIII ғғ. қалыптасқандығы анықталды. Кесене XY ғ. қайта салынған, XIX – XX ғғ. дейін жергілікті халық жұма мешіті ретінде пайдаланып келген, 1930 – шы жылдардағы репрессия кезінде қараусыз қалған. Археологиялық зерттеу жүргізу кесене маңында мәйіттердің өте көп болуы себепті мүмкін емес, тек шурф салу арқылы ғана құрылыс қабаттарын аршуға болады. Қазіргі күні қоныс мемлекет қорғауына алынған. Елді мекен Ахмет Ясауидің шәкірті әрі жиені Жүсіп атаның атымен аталған.

Тұяқбаев Марат Қымызұлы. т.ғ.к. тарихшы – археолог
Үркінбаева Айгүл Жәнібекқызы. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік
тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері

Leave a reply