САУРАН: КИЕЛІ МЕКЕНДЕГІ ҚҰНДЫ МҰРАЛАР ҚАНДАЙ?

0
125

Жер бетінде тіршілік атаулы қалыптасқаннан бастап қазіргі уақытқа дейін қанша уақыт өткенін бағамдау кез келген саналы адамды қызыққа жетелері белгілі. Ой елегіне салып қараса, бір тұжырымға келу де қиынның қиыны. Осынша жыл құпия болған сыр тұңғиық теңіз түбіндегі дүние секілді көрінеді. Себебі адамзат тарихты толық танып үлгерген жоқ.
Нумизматикалық жәдігерлер қатарына археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан аумағының «Яссы-Күлтөбе», «Тоған», Сауран, Иқан, Қосқорған, Төрткүл (Құшата), Төрткүл ІІ, Жүйнек, Міртөбе қалаларынан табылған ортағасырлық 11 ақша көмбелері яғни нумизматикалық табыстар және сирек кездесетін жәдігерлер кіргізілген. Бұл көмбелердің көпшілігі Қазақстандық нумизмат-ғалым Р.З.Бурнашева және Өзбекстандық ғалым Л. Шпенева тарапынан зерттеліп, осы ғалымдардың түрлі ғылыми еңбектеріне өзек болған.
2012 жылдың ақпан айында Ораңғай елді мекенінің тұрғыны кездейсоқ тауып алған ХҮ ғасырдың соңы мен ХҮІ ғасырдың алғашқы ширегінде соғылған 54 дана мыс фельстерді (мыс ақшалар) мұражай қорына өткізді. Сол жылдың наурыз айында Шаян ауданы Сарыбұлақ елді мекенінің тұрғыны тау етегіндегі Құрысай деген жерден табылған 450 дана мыс ақшалар көмбесін әкеліп өткізді. Көмбені зерттеу барысында көмбе ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Шағатай ұлысының күмістелген мыс дирхемдері екендігі анықталды. Бұл көмбе зерттеліп, нәтижелері ғылыми-практикалық конференцияларда жарық көрді. Зерттеулер нәтижесінде, Отырарда ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Шағатай ұлысының күмістелген мыс ақшаларын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде кездеспейтін тың жаңалықтар көрініс берді.
Музей қорында 20 дана алтын, 500-ге жуық күміс жәдігерлер сақтауға алынған. Құнды металдардан соғылған ақшалардың барлығы дерлік Республикалық сынамдау палатасында тексеріліп, құрамы анықталған.
Нумизматикалық жәдігерлер қорында нумизматикалық жәдігерлермен қатар бонистикалық, фалеристикалық жәдігерлер де сақтауға алынған.
Алтын тиындардың 1 данасы ХІІІ ғ. басында Мұхаммад бин Текештің атымен соғылған алтын динар кездейсоқ табылған. Ақша сарайы атауы мен соғылған жылдық жазбасы жойылып кеткен. Тағы бір 1 дана алтын динар бетіндегі бедер қалдықтарының сақталған бөліктеріне қарағанда Шыңғыс хан немесе Менгу хан атымен шекімеленген, кездейсоқ табылған. Динар Самарқанда 660/680 х.ж. арасында соғылған. Тиын өте сирек кездесетін алтын динарлар қатарына жатады.
13 дана алтын динар ХІІІ ғасырдың орта тұсында Орта Азия қалаларында соғылған. Бұл ақшалар кезінде ақша соғу ісіндегі ерекшеліктерге байланысты сынамдары әдейі төмен етіп соғылып отырған (500-580% сынам) алтын динарлар қатарынан. Тиындар беттерінде ақша сарайлары аттарынан тек Бұхара және Самарқан атаулары ғана сақталған. Барлығының беттерінде «Калима» жазбасы мен халифа Наср лид-Дин Аллахтың аты түсірілген. Тиын жиектеріндегі жазба бедерлері барлығында дерлік жойылып кеткен. Бес дана алтын тиындар Истанбулда, Иранда, Австрия-Венгрия, Ресей патшалығында ХIХ-ХХ ғасырларда соғылған.
Түркістан қаласы, Қарашық өзенінің маңындағы қалалық қорымнан кездейсоқ табылған 6000 данадан астам мыс ақшалардан тұратын көмбе құрамынан 370 дана тиын Қазақстандық нумизмат Р.З.Бурнашеваға зерттеуге жіберіліп, одан кейін Өзбекстандық нумизмат-ғалым Л.Ю.Шпенева «Әзірет Сұлтан» музейіне келіп, көмбені толықтай зерттеді. Көмбе толықтай XV ғ. хижра жыл санағы бойынша 832 х.ж. (1428-29 ж.) көрсеткішімен, Темуридтер мемлекетінің Мавераннахрлық бөлігінің билеушісі Ұлықбек тарапынан жүргізілген ақша реформасы тұсында соғылған мыс адлилерден тұратыны анықталды. Көмбе құрамындағы ақшалар тек, 832 х.ж. көрсеткішімен соғылған ақшалардан ғана емес, сонымен қатар, 851, 854, 862 жылдары Мавераннахр мен Хорасанның түрлі ақша сарайларында соғылған ақшалардың кездесуімен де құнды. Р.З.Бурнашева мен Л.Ю.Шпеневалар жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде көмбе құрамында бұған дейін Темуридтер мемлекетінде беймәлім болып келген жаңа ақша сарайларын анықтады. Көмбе құрамы Р.З.Бурнашева, Е.А.Смагулов, М.К.Туякбаевтардың Клады и монеты Туркестана атты кітаптары мен Р.З.Бурнашеваның бірнеше ғылыми мақалаларында қарастырылған [5].
1982 жылы Ясы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғ. басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхемдер мен фельстерден тұратын көмбе табылған. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Кашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Жодженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері бар. Көмбе құрамында Алмалық ақша сарайында соғылған бір дирхем бетінде бұл ақша сарайына қатысты бұған дейін кездеспеген жаңа 688 х.ж. /1289 жылдық көрсеткіш анықталғаны және Шағатай ұлысының Е.А.Давидовичтің кезеңдестіруі бойынша, ІІІ ші кезеңде жұмыс атқарған ақша сарайларының барлығының дерлік өнімдері кездесуімен маңызды. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын көрсетеді.
2000 жылы Түркістан қалашығының «Қоқан цитаделінде» жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Жани әулетінің билігі тұсында соғылған 75 дана күміс тангаларынан тұратын көмбе табылған. Тангалар Имам Қули Хан, Надыр Мұхаммед хан және Абдулазиз хан тұсында соғылған тиындардан тұрады. Көмбенің маңыздылығы оның Жани әулетінің алғашқы билеушілерінің тұсында соғылғандығында. Нумизматика саласын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Е.А.Давидович VIII-XVIII ғғ. Орта Азия ақша айналымын ІІІ кезеңге бөліп қарастырады. Бұл көмбе ІІ кезең тиындарынан тұратыны анықталды. І және ІІ кезең тиындарының соңғы кезеңнен айырмашылығы бұл кезеңдерге тән күміс ақшалардың сынамы жоғары болған. Ал, соңғы кезеңде тангалар металының күміс құрамы төмендеп кеткен. Бұл көмбе құрамында жоғарыда аталып өткен билеушілер аттарынан соғылған тангалардың бұрын ғылымда белгісіз болып келген типтері анықталды. Имам Қули хан атынан соғылған тангалардың 73-79 аралығында белгіленген жаңа типтері, Надыр Мұхаммед ханның бұрын белгісіз болып келген 18 және 19 типтері анықталды.
2016 жылдың ақпан айында мұражай қорына бірнеше мыс ақшалар келіп түсті. Олардың құрамында XIVғ. ІІ-ші жартысында Алтын Орданың Сығанақ, Хорезм ақша сарайларында соғылған түрлі типтегі үлгілері кездеседі. Осы тиындар арасында бір бетіндегі жазба бедерлері түгелдей жойылып кеткен, екінші бетінде араб графикасымен جهان…ر خان жазбасы түсірілген мыс ақша да бар. Бұл тиынға жүргізілген алғашқы зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша мыс ақшаның қазақтың ханы Жәңгірдің атымен соғылған тиын болуы мүмкін деген болжам жасалып отыр. [3 сурет] Себебі, осы кезеңге тән Орта Азия билеушілері арасында Жахангир атымен белгілі хан жоқ. Тиын типологиялық қатынасы бойынша ерекше. Әрине, тиын қазіргі таңда бір ғана үлгіде болғандықтан дөп басып айтуға ертерек. Дегенмен, болашақта жиналатын материалдар жұмбақтың сырын ашады деген сенімдеміз. Жалпы, Қазақ хандары арасынан тек Тұрсын Мұхаммед хан атымен соғылған ақша ғана белгілі.
Нумизматикалық жәдігерлер қорында нумизматикалық жәдігерлермен қатар бонистикалық, фалеристикалық жәдігерлер де сақтауға алынған. [4, 5, 6]
Музей қорының археологиялық тобы Түркістан оазисіндегі ежелгі қалалар Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан, Қаратөбе-Сауран, Сидақ-ата қалалары мен қоныстарына жыл сайын жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлермен де толықтырылуда. Қордағы ең ежелгі археологиялық жәдігерлер Түркістан өңіріндегі Қосқорған, Шоқтас тұрақтарынан табылған тас жаңқалар, сондай-ақ Қазақстан жеріндегі басқа да тас дәуірінің тұрақтары Семізбұғы, Тасқотан, Тәңірқазған, Маңқыстау аймағындағы ескерткіштерден табылған яғни б.з.д. 700-500, 150-120 мың жыл бұрынғы өзектастар, еңбек құралдары. Олардың қатарына б.з.д. ХІҮ-ХІІІ ғғ. қола әшекейлер топтамасы қос мүйізді білезіктер, әшекейлер мен тастан тізілген моншақтар және қыш ыдыстардың бірнеше түрлерін қосуға болады. Олар қола дәуірінің Андронов мәдениетінің Федоров және Алакөл кезеңдерінің жәдігерлері. Түркістан қаласына жақын маңдағы Шпан қорымынан табылған 120 ға жуық жәдігерлердің ішінен алтыннан жасалған әйелдердің бас киімін безендірген салпыншақ құлақ әшекейлері де, б.з.д ХҮІІ-ХІҮғғ. жататын құнды дүниелер.
Қордағы қыш бұйымдар көне дәуірлердегі шеберлердің ыдыс формаларының бірнеше түрін жасау технологиясын жете меңгергендіктерін көрсетеді. Жинақталған жәдігерлердің ішінде кейінгі дәуірлерде де Түркістан өңірінде қыштан ыдыс жасау өнерінің ерекше дамығандығын және ыдыс түрлерінің нақышталу сипаты мен түсірілген өрнектерінің мән–мағыналылығы назар аудартады.
Сидақ, Сауран т.б. ерте орта ғасырлық қала қоныстарын зерттеу нәтижесінде табылған материалдар бұрын беймәлім болып келген тың деректердің көзін ашты. Ерте ортағасырлық [7, 8] Сидақ қаласы қазбасынан табылған хумдардың ерекшелігі, көлемінің үлкендігі және пішіндерінің әртүрлілігі. Олар кезінде астық және тағы басқа азық–түліктер сақтауға пайдаланылған. Олардың бүйірлерінің сыртына, иініне, төменгі жағына күйдірілгенге дейін кертіп салынған тамға немесе тамға тәрізді белгілерді өрнек орнына қолданғандығын кездестіруге болады. Бұларға қарап ұсталар ыдысқа өздерінің ру таңбасын немесе жеке белгісін салған болса керек деп жобалауға болады. Археологиялық жәдігерлердің ішіндегі құнды дүниелердің қатарына Сауран, Сидақ ата қалаларынан табылған ІV-Vғғ. тән «жалған жүзіктер» түріндегі сасаниттік беттеріне әр түрлі жәндіктердің, құстардың, аңдардың кейбіріне түсініксіз бейнелер батыра ойылып салынған геммаларды, Сауран қақпасында жүргізілген археологиялық қазбадан табылған формалары дөңгелек пішінді болып жан-жағы жұмырлана жонылған Абдолла ханның әскерлері атқан (катапульта) тас оқтарын, кәріз құдықтарын жатқызуға болады.
Музей қорындағы ыдыстардағы орта кеселер мен табақтардың өрнектерінде ең көп кездесетіні ақ фонға қарамен және көкпен немесе ақ фонға сия көкпен қиғаш тор көздер мен өсімдік жапырақтары, сабақтар түріндегі салынған оюлар кездеседі. Мұндай тәсілді археологияда «Темуридтік стил» деп аталып кеткен керамикалық өндіріс тәсілі деуге болады. ХҮ-ХҮІ ғасырларда ең көп тараған осы тәсіл Түркістанда ыдыс сәндеудің жоғары дәрежеде дамыған қыш өндірісінің болғандығын білдіреді. Ал мұндай өнер туындыларын музей қорынан көптеп кездестіруге болады.
Қорымыздағы осындай халқымыздың рухани байлығы көне құнды жәдігерлерімізді зерттеп-зерделеп халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмыстарының бірі.

Leave a reply