Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір болса, ал кітапханашы – кітапхана тірлігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы екені даусыз. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Кітапханашылар жұрт көп біле бермесе де, көп елемесе де оқырмандарға қажетті акпараттың тиімдісін беріп отырған, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жүрген, қасиетті қазыналарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген ең қажетті мамандық иелері десек артық айтқандық болмас. Кітапхана – мәдени-ағартушылық, әр адамның өзіндік білім алуына жәрдемдесетін мекеме. Кітапхана баспасөз шығармаларын жинау, сақтау, насихаттаумен, оқырмандарға баспасөз шығармаларын берумен, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен шұғылданады.
Осы орайда Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы 2 жыл ішінде көптеген жобалар мен жоспарларды тыңғылықты атқаруда көш бастап келеді. Ағымдағы жылдың «Кітап Travel -2023» Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа акциясы, «Қызмет» газетімен бірлесіп өткізіліп жатқан «Ақылды балаға – сыйлыққа Ақылдым» балаларға арналған облыстық акция-байқауы, «Open Library – 2023» кітапханада ашық есік күнін ұйымдастыру бойынша облыстық эстафетасы бұл жобада аудандық кітапханаларда өткізіледі, «Жылдың үздік жас кітапханашысы – 2023» республикалық байқауы сонымен қатар «Жас кітапханашы – 2023» облыстық семинар-форумы 35 жасқа дейінгі жас кітапханашылармен заманауи тахнологиялар және интернеттің шексіз мүмкіндіктерін пайдалану жайлы семинар, «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқаулары ұйымдастырылып өткізіліп жатыр.
«Оқитын ұлт» Ұлттық жобасы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жоспар бекітілген. Жоспар бойынша Түркістан облысының 2022 жылы индикатор көрсеткіші 28 пайыз, 2022 жылдың соңы бойынша халық саны 4 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда 2 119 063 (екі миллион жүз он тоғыз мың алпыс үш) адам, кітапханадағы оқырмандар саны 594 839 (бес жүз тоқсан төрт мың сегіз жүз отыз тоғыз) адам. Бекітілген формулаға сәйкес, жоспар толық орындалған.
Сондай-ақ, осы жоба аясында «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» бағыттары бойынша өтетін іс-шараларға қатысқан оқырмандар саны мен жалпы кітапханаларға тіркелген оқырмандар санын есепке ала отырып индикатордың орындалуы бақыланып отырады. 2023 жыл бойынша нақты индикатордың жоспары 31 пайыз. Есепті кезеңдегі оқырмандардың белсенділігін назарға ала отырып, жоспарланған көрсеткіштің орындалуы ықтималдығы жоғары деп айтуға болады.
Аз ғана уақыттың ішінде кітапхана көптеген жетістіктер мен бастамалардың биік шыңына шыға білді. Мақсаты айқын, мұраты асыл кітапханашылар оқырманның санасына білім нәрін ұялатып, еліміздің жоғары білімді азаматтарын қалыптастыруда ағартушылық нысан рөлін атқарып келеді. Бұл үрдіс ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып ұласатыны хақ.
Кітапхана- рухани қазына ошағы
Кітап. Кітапхана. Кітапханашы! Үш ақ ауыз сөз болғанмен мағынасы тым тереңде. Бірі-бірінсіз толыққанды бола алмайтын рухани ошақ. Бір-бірін жалғастырып тұрған оларсыз қоғамды елестету мүмкін емес киелі ұғымдар. Әр таңын білімнің қайнар көзі кітаппен ашатын, сол кітаптағы асыл мұраларды оқырмандарға жеткізетін алтын көпірді байланыстырушы Кітапханашылар. Бұл қарапайым мамандық болып көрінгенімен, бүгінгі заман талабына жүгінсек, ол мамандық қандай жұмыс түрлері болмасын өздерінің кәсіби шеберліктерімен заман талабына сай әдебиеттерді насихаттау, ұрпақтарға жан-жақты тәрбие беруде түрлі ақпараттар ағымына жол сілтеуші қоғамның белсенді мүшесі екендігін дәлелдеп келеді. Жалпы кітапхана – басқа әлемге апаратын жол. Ол басқа әлем бір сәт күйбең тіршіліктен алшақтататын әлем. Әр оқырман мұнда өз әлемін табады. Сол әлемде айналасындағы рухани байлық азығына тәнті болып саналы ұрпақтың легінің қалыптасуына мүмкіндік сыйлайды.
Бүгінгідей ақпараттық технологиясы қарқынды дамыған заманда кітапхананың, электронды кітапханамен иық тірестіріп келе жатқандығы белгілі. Осыған орай әлеуметтік желіде оқырмандар арасында сауалнама жолдаған болатынбыз. Сауалнамада «Кітаптың әр парағын парақтай отырып оқиға желісіне еркін ену тиімді ме, әлде үйде отырып кез келген сайттағы кітаптың электрондық нұсқасын қолдағы телефоннан оқи салған тімдірек пе?» — деген сұрақ жолдаған едік. Кітап сүйер қауымның көзғарасы жоғары, әрі кітапқа деген сүйіспеншіліктері керемет екендігін аңғардық. Жүргізілген сауалнамада көпшілік оқырманның пікірі кітапханаға барып сөрелерді ақтарып, іздеп жүріп оқыған кітаптың сезімі бір бөлек дейді. Телефон кітапқа қарағанда көздің көруін нашарлататын болғандықтан жақсы кітаптарды кітапханашылармен ақылдаса отырып таңдап, кітаптан оқығынды жөн санайды екен. Ал тағы бір тобы әдеби кітаптарға қарағанда бір салаға арналған кітаптарды аз уақыт ішінде «телефоннан тауып қажетті ақпаратын алғаны тиімдірек» — дейді. Бұл дегеніміз оқырманның қай тұрғыдан болмасын кітапхана өмірінің қоғам үшін аса маңызды екендігін көрсетеді.
Кітапхана жайлы қызықты деректер
Ең көне кітапхана біздің эрамызға дейінгі екі мың жылдықта шумер өркениетінде құрылған. Қазірдің өзінде, интернет өте жақсы дамыса да, кітапханалар негізгі білім қоры болып қала береді. Бұл мақалада біз сізге әлем кітапханалары мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы туралы қызықты деректерді айтамыз.
1. Ең көне кітапхана Египеттегі Синай түбегіндегі Әулие Екатерина монастырында орналасқан. Ол VI ғасырдың ортасында салынған және әлемдегі діни материалдардың екінші үлкен жиналған жеріне айналды (Ватиканнан кейін). Кітапхана көпшілікке жабық және одан тек монахтар мен шақырылған студенттер кітап ала алады.
2. Францияның Ұлттық кітапханасы – қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған ең көне қоғамдық кітапхана қызметі. Бұл жер өз жұмысын 1368 жылы бастады, сол кезде Луврда орналасты. Соңғы 700 жыл ішінде кітапхана бірнеше рет жаңа және үлкен орындарға көшті.
3. Әлемдегі ең үлкен кітапхана – Конгресс кітапханасы. Кітапхана қорында 36 миллионнан астам кітаптар мен басқа да баспа өнімдері, 3,5 миллион жазбалар, 13,7 миллион фотосуреттер, 5,5 миллион карталар, 6,7 миллион парақтар мен 69 миллион қолжазбалар бар.
4. Тіпті халықаралық ғарыш станциясының бортында да шағын кітапхана бар. Қазіргі уақытта бұл ғарыштағы жалғыз кітапхана. Онда жүзге жуық кітап бар.
5. Әлемдегі ең биік кітапхана, Гиннестің рекордтар кітабына сәйкес, Шанхайдағы (Қытай) JW Marriott қонақ үйінің 60-қабатында орналасқан. Ол көшеден 230,9 метр биіктікте орналасқан. 103 кітап сөресінде қытай және ағылшын тілдеріндегі кітаптардың үнемі толықтырылған жинағы бар. Айтпақшы, кітапхананың ауданы соншалықты үлкен емес – бар болғаны 57 шаршы метр.
6. Әлемдегі ең кішкентай кітапханалар Нью-Йорк көшелерінде пайда болды. Оларда бір ғана оқырманға орын бар. Бір ашық сары ғимаратта 40 кітап бар. Олардың мақсаты – қала тұрғындарына жақсы әңгімелерді тегін оқуға мүмкіндік бере отырып, мегаполистегі қарбалас тіршіліктен дем алуға көмектесу. Кішкентай ақысыз кітапхананы бірнеше сәулетші кітаптарды жағымсыз әсерлерден қорғау үшін қайта өңделген материалдарды қолданып жасаған.
7. Норвегиялық көпшілік кітапханалар жүйесі өте ыңғайлы. Кітаптарды алған филиалына қайтарудың қажеті жоқ. Оларды кез келген бөлімшеге бүлдірмей қайтаруға болады.
8. АҚШ-та, фастфуд өте танымал елде, McDonald’s фаст-фуд мекемелерінен гөрі тегін қоғамдық кітапханалар көп.
9. Қазақстанда кітаптардың негізгі қоймасы – Ұлттық кітапхана Алматыда орналасқан. Оның ашылғанына 100 жылдан асты. Кітапхана 1910 жылы құрылды, содан кейін “Лев Толстой атындағы Верный қалалық кітапханасы” деп аталды. 1931 жылы кітапхана Қазақ КСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасы болып өзгертілді. Кітапханаға А.С.Пушкин есімі берілді. Кітапхана атауынан 1991 жылы орыс ақынының есімі алып тасталды және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы болып өзгертілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы орналасқан ғимарат 1970 жылы салынған. Кітапханада 1500 орындық 14 мамандандырылған бөлме бар. Кітап қорында 7 миллионнан астам қор бар. Оқырмандардың жылдық трафигі 1 миллионнан асады.
Маржан АЛПЫСБАЙҚЫЗЫ,
кітапханашы.