Thursday, November 21

САУРАН: САУРАННЫҢ ТУМАСЫ – ТҮРКІСТАННЫҢ МАҚТАНЫШЫ

0
55


Кәмшат Аштекова Түркістан іргесіндегі «Сауран» ауылының тумасы. Кәмшат өнерге деген белсенділігімен көзге түсіп, университеттің соңғы курсында жүргенде, театрға шақырылды. Сол 2004 жылдан бері Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында қызмет етіп келеді. Бойына ана сүтімен дарыған өнерінің арқасында, көптеген басты кейіпкерлерді сомдап, актерлік шеберлігін танытты. Өзі қалап келген мамандығын бар ынтасымен шыңдап, қазіргі кезде, ысылған, өнердің қыр-сырын біршама меңгерген театр труппасының белді мүшесі. Жуырда Кәмшат Аштекова жыл қорытындысы бойынша Түркістан облысының «Жылдың үздік әртісі» номинациясын иеленді. Өнер жолында өзіндік қолтаңбасымен өрнек салған Кәмшатпен сұхбаттасқан едік.
– Кәмшат, театр әлеміне қадам басқан кездер, алғашқы дебьютіңіз жайлы айтып берсеңіз. Ең алғаш қандай рөлді сомдадыңыз және ол несімен есте қалды?
– Ахмет Ясауи атындағы университетінің «Өнер» факультетін 2005 жылы тәмамдап, театр әлеміне қадам басқан сәтте алғашқы ойнаған рөлім Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» драмасындағы – Бәйдібек бабаның сүйген жары Нұрила ана. Нұрила ана адалдығымен, мейірімділігімен, жаны таза, ақылына көркі сай көркем мінезімен, әділетті де көрегенділігімен ел арасында «Домалақ ана» деп аталып кеткен әулие дәрежесіне жеткен жан. Домалақ ана бейнесі күллі қазақ әйеліне үлгі боларлықтай асыл бейнесімен есімде қалды.

– Өмірдегі, өнердегі ұстаздарыңыз туралы (немесе тұстастарыңыз, қатарластарыңыз) не айтасыз?
– Өмірдегі алғашқы ұстаздарым ата-анам. Себебі, ол кісілер үлкен өмірге қадам басуыма жол сілтеп, өнердегі, өмірдегі өз орнымды табуыма бағыт-бағдар берген жандар. Ал, өнердегі алғашқы ұстазым, Мемлекеттік және Жастар сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан мен Қырғызстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның Халық әртісі, профессор, Түркістан қаласының сазды-драма театрының негізін қалаушы, әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі – Райымбек Сейтметов. Сонымен қатар «Өнер» факультетінде сабақ беріп, сахна өнеріне баулыған ұстаздарым өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Кәрімбек Сейтметов, халық әртісі Рахима Жұбатырова, Айткүл Сейтметова, Ұлбосын Күлетова, Арман Жұмаш. Театр сахнасындағы ойнаған әрбір рөлімді көрермен көңілінен шығатындай жоғары деңгейде көрсетуіме септігін тигізген жандар. Міне, осы кісілерден, осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім алып, театр сахнасында азды-көпті қызмет етіп жүрмін. Аздаған жетістікке жетсем, ол да осы ұстаздарымның еңбегі деп білемін.

– Қай рөліңіз жаныңызға жақын? Қай рөліңізді сүйікті рөлім деп танисыз?
– Әрбір рөлім жаныма жақын. Әр рөлді сомдаған сайын мойныма үлкен жауапкершілікті арқалаймын. Десе де, Ананың рөлін көбірек сомдайды екенмін. Өзім де төрт баланың анасымын. Ананың тағдыры, қуанышы, қайғысы, бақыты – перзенттері үшін ешнәрседен тайсалмайтын қайсар мінезі мені қанаттандырады. Мен оны сан қырынан танытуға талпындым. Ананың жан-жүрегі – менің жүрегім, Ананың әлемі – менің әлемім. Бірақ та сахнада біржақты кетпеген абзал. Иә, маған түрлі жастағы, сан алуан, мың құбылған образдар ұнайды.

–Театрда «рөлмен ауыру» деген мәселе бар. Жан-жүрегіңізбен беріле ойнап, санаңызда берік орын алған, өміріңізге әсер еткен, мінезіңізді өзгертуге сеп болған рөл туралы айта аласыз ба?
– Әрине біздің мамандық адамның мінез-құлқын зерттеуден тұрады. Әрбір кейіпкердің жан-дүниесіне үңіліп, оны жүрегіңнен өткізіп, ең алдымен өзің сеніп, содан кейін халықты сендіріп, бір көрермен содан ғибрат алса ол театр әртісінің жеңісі. Сол жолда түн қатып, күн қатып кейіпкерімізді зерттеп, шынайы образ жасауға аянбай тер төгеміз. Сахнада жанымды салып ойнап, халық алдында қошеметке бөленіп әртіс болып жүрсем, қойылым аяқталып шымылдық жабылған сәтте кейіпкерімнің киімін, гримін шешіп, бәрін-бәрін театрда қалдырып үйдегі балаларыма асығып, әп-сәтте қарапайым әйел бейнесіне енемін. Себебі мен үйде аяулы жар, ардақты анамын.

–Актриса болу ауыр ма, жеңіл ме? Өнер туралы ойыңыз?
– Қыз баласы үшін өнер жолы өте қиын жол. Спектакльден кеш шығып, арасында гастрольдік сапарларда болып, үйден жырақтап қалатын кездеріміз де болады. Үйде ата-енең, күйеуің, балаларың күтіп отырады. Кейбір актрисаларда отбасылық кикілжің болып, қызғаныштың кесірінен жұбайлары жұмыстан шығарып алып жатады. Бұл өнерге жасалған үлкен қиянат деп білемін. Әсіресе, жаңа қойылымға дайындық кездерінде жеке өмірге мүлдем уақыт болмай кетеді. Ондай сәттерде қасыңда сені түсінетін, қолдау білдіріп отыратын ардақты жарыңның болғаны жақсы. Бақытыма орай, өмірлік серігім Нұржан Ізтаев та актер. Бір театрда қатар қызмет етеміз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз.
– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан:
Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply