САУРАН: «САУРАН ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАУҺАРЫ»
Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен былтыр Түркістан өңіріндегі тіркелген БАҚ-тардың журналистерінің жорығы ұйымтастырылды. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбековтың айтуынша, журналистер жорығын ұйымдастырудағы мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған тың тапсырмаларды тілшілер тобына түсіндіріп, Сауран ауданындағы жаңа жобаларды таныстыру.
«Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.
Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.
Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады.
Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді»,-деді Мемлекет басшысы.
ЕСКІ ИҚАН – ҒҰЛАМАЛАР МЕКЕНІ
Осыған орай, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі журналистер жорығына төрт бағдарды бекітті. Алғашқысы Ескі Иқан аумағында орналасқан Жүсіп ата кесенесін тамашалау. Себебі, Мемлекет басшысы Жолдауында: «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді,-деп шындықты жасырмай жариялады. Соның нақты көрінісі Жүсіп ата туристік сапар орталығының жұмыс істей бастағанына қарамастан әлі күнге дейін мұны Түркістан облысына ат басын тіреген саяхатшылар мен зиярат етушілердің хабарсыз болуы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін журналистерді Жүсіп ата сапар орталығын бастан-аяқ ұйымдастырған жергілікті кәсіпкер Рахмоджан Абдусаттаровтың өз бас болып кешенді атқарылған жұмыстарымен таныстыруы болды.
Журналистерді қатты таң қалдырғаны адамзаттың дамуына сүбелі үлес қосқан ежелгі ғасырлардағы ондаған ғұлама ғалымдарды, дала даналарының Ескі Иқанның құнарлы топырағынан шығуы. Туғанына 830 жылдан асып бара жатқан Қауамеддин-Әл Итқани-Әл Фараби-ат Түркістанидан бастап оннан астам көрнекі тұлғалардың алтын жалатылған бояулы бюстілері қаз-қатар тұр. Оны әрқайсысының өзі ғылыми орталықтың зерттеуіне сұранып тұрған ғұламалар. Ең өкініштісі бұлардың барлығының өмірбаяны мен атқарған қызметтері, тарихқа қалдырған мұралары өз елімізде сақталмағандықтан Рахмоджан Абдусаттаров әлемнің мұражайларынан тірнектеп жинаған. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Құм астында қалған қайран бабаларымыздың теперішті тағдыры мен білім қуып кезген ежелгі шаһарлардағы іздерін зерттеуді болашақ ғалымдарға тапсырып, журналистер табан тіреген Жүсіп ата кім болған, кесенені кім тұрғызған деген мәселеге тоқталайық.
(Қаз-қатар ескерткіштер)
ЖҮСІП АТА КЕСЕНЕСІН ЖАҢҒЫРТУ ҚАЖЕТ
Жүсіп ата кесенесі -Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткіш. Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған.
Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған. Ахмет Ясауи Иқанға келгенде оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті. Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.
Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Сондай аңыздардың бірінде: Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмудария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Хазіреті Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады. Жүсіп ата көзі тірісінде ақ әулиелік дәрежеге жеткен екен.
Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — мүмкін деген тұжырымдар бар.
Көңілге медеу боларлығы Рахмоджан Абдусаттаровтың бастамашылығымен жергілікті кәсіпкерлердің Жүсіп ата кесенесімен оның маңайын абаттандырып, саяхат орталығына айналдырып жатқандығы. Мұнда қазірдің өзінде әлемнің көптеген мұражайларындағы дала даналарының кітаптары мен қолжазбалары, құран кітаптары жинақталған. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы мемлекеттік қорық мұражайының құрамына еніп, туристердің тоқтайтын бір бағдарына айналуы. Бұл Жүсіп ата кесенесіне Түркістанға келген әрбір саяхатшы мен зиярат етушілерге кеңінен насихатталуы тиіс. Астыңғы іргетасы сызданып, көгеріп, құзданып, мүжіле бастаған Жүсіп ата кесенесіне күрделі жөндеу жүргізіп, қалпына келтіру жұмыстарын жасау кезек күттірмейтін мәселе.
ЕЖЕЛГІ САУРАН ШАҚЫРАДЫ
Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық автомагистралының шамамен ХІV ғасырда салынған ежелгі Сауранның орны сағымдана көз тартады. Ол Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. Журналистерді ежелгі шаһардың тарихымен археолог, ғалым Марат Тұяқбаев таныстырды.
Ортағасырларда Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған.
Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.
Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады.
Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Журналистер жорығы ежелгі Сауран шаһарында тиянақталды. Өңірдегі тіркелген БАҚ өкілдері ұлттық ансамблдің ән –жырына қанық болып, этномәдени шаңырақта тыныстады. Төртінші билік өкілдері өздеріне осы демалысты сыйлаған Сауран ауданы әкімдігінің жауапты қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. БАҚ қайда барасың? Ынтымаққа барамын деген осы. БАҚ пен биліктің бірлігі қоғамды алға жетелейді.
Ескендір ЕРТАЙ