Thursday, November 21

САУРАН: ТАҒДЫРЫ ТҮРКІСТАНМЕН ТАМЫРЛАС ТҰЛҒА

0
74


Көзі қарақты оқырманға «Түркістаным тағдырым», «Шежірелі Түркістан», «Түркістанға тағзым ет», «Түркістан поэзиясы» кітаптары арқылы танылған Нұрмахан Назаровты білмейтін жандар кемде-кем. Ол саналы ғүмырында «Түркістан нұры» журналының, «Әзіреті Түркістан» газетінің жарыққа шығуына тікелей мұрындық болып, елдің зор ықылысына бөленді. Сауран ауданының тұрғындарына да етене таныс болуы заңдылық, олай дейтін себебіміз Нұрмахан Назаров қасиетті Сауран топырағында дүниеге келген. Ақын ағамыздың қаламынан туындаған шығармалары мен өлеңдері оқырмандарға шабыт сыйлап қана қоймай, туған Отанына деген патриоттық сезімін, әдебиет сүйер қауымның поэзияға деген қызығушылығын оятты. Нұрмахан Назаров өзінің шығармалары арқылы ұлттық санаға үлкен рухани, мәдени серпіліс әкелген санаулы жазушылардың бірі болды.
Нұрмахан аға Назаровты 1989 жылы мектеп қабырғасында жүргенімде алғаш рет көрген болатынмын. Қаладағы №1 В.И.Ленин қазіргі, А.Байтұрсынов атындағы қазақ орта мектебінің бастауыш сыныбында оқитын кезіміз. Кешке сабақ аяқталып, үйге қайтуға қамданып жатқан болатынбыз. Абай көшесі, қазіргі Алматы алаңында қараң-құраң халық жиналыпты. Тыныштық Оралбаева ұстазымыз «Оқушылар үйлеріңе қайтыңдар. Қазір Түркістанға Тайқазан келе жатыр. Мектеп мұғалімдері сонда барамыз. Ертең сабақтан соң барлығыңды апарып тайқазанды көрсететін боламын»-деп сөзін аяқтады. Ұстазымыз өте талапшыл, әрі тәртіпке берік болатын. «Ләппай деп», оқушылар үйіне беттеді. Ал, біздің үй Әзірет Сұлтан кесенесінің қасбетінде орналасқан. Қара-құрым халықтың арасымен үйге беттеп келе жатып, МАИ дабылы (ол кезде милиция дейтінбіз) естілді. МАИ көлігінің артында КАМАЗ жүк көлігінде үлкен қазанды көріп аң-таң болдым. Әжелер шашу шашып жатты. Кәмпитке таласып жатқан бір адам. Мен де қолыма ілінген кәмпиттен ауыз тидім. Қалың көпшілікпен менде жүгіріп, Әзірет Сұлтан кесенесінің алдына жақындадым. Тайқазанды көруге халық арасынан өте алмай, келген ізіммен үйге тарттым. Сонда кесене маңында қариялардың тізерлеп, жылап отырып, дұға жасағаны әлі есімде. Ертеңіне ұстазымыз сыныптағы барлығымызды ертіп, Әзірет Сұлтан кесенесіндегі алып Тайқазанды көрсетті. Шыны керек, патша көңіл балалар қолөнер туындысына таңырқап тарқасқанымыз әлі есімде. Сол жылдары теледидар мен газет беттерінен «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты» музейінің директоры Нұрмахан аға Назаровтың жарияланған сұхбаттары мен кесек-кесек жазылған мақалаларын сан мәрте оқыдым. Одан бері де абыз адамның көптеген өлеңдері мен түрлі тақырыпта жазылған шығармаларын жиі оқып өстік.
2007 жылы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданған күннен бастап, жергілікті «Түркістан», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде көптеген мақалаларым шыға бастады. Бір күні қолында бір бума қағазы бар Нұрмахан аға мені жұмысқа іздеп келді. Кеңсе үйінің кіреберісінде отыратын күзетші «Сізді сыртта бір ақсақал шақырып жатыр» – деді. Шықсам, Нұрмахан аға екен. Амандық-саулық сұрасып болған соң, кітапхана бөлмесіне барып, біраз рухани сұхбат құрдық. Менің мақалаларымды газет беттерінен оқып тұратынын айтты. Қолындағы бума-бума қағаздары «Түркістан поэзиясы» кітабының редакцияланған нұсқасы екен. Осылайша, арамыздағы шығармашылық байланыс басталған.
2009 жылы Тайқазанның тарихи отанына оралғанына 20 жыл толуына орай тақырыптық көрме қою күн тәртібіне қойылды. Көрменің жоспарын әзірлеп, қажетті материалдармен толықтыру мақсатында, Нұрмахан ағаның үйіне бардым. Ұзақ әңгіме дүкен құрдық. Сұхбат барысында Нұрмахан аға ағынан жарылып: «1987 жылы Түркістан қалалық атқару комитетінің басшысы Н.Балқияевтің көмекшісі телефон соғып, қала басшылығы іздеп жатқандығын жеткізді. Айтылған уақытта барсам, әлгі көмекші «Сіз Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековпен кездесесіз» – деді. Жиырма минуттай күттім. Бір кезде Н.Балқияев, Өзбекәлі Жәнібеков және қасында көмекшілерімен атқару комитетінің ғимаратына енді. Өзекеңмен өмірімде алғаш рет кездесуім. Амандасып болған соң, аты-жөнімді, қайда оқығанымды сұрады. Мен баяндадым. Өзекең маған ұзақ қарап тұрып «тарихқа қызығушылығың бар ма» – деді. Аздап өлең жазатынымды, шығармашылықпен айналысатынымды сыпайы түрде жеткіздім. Түркістан қалалық атқару комитеті басшысылары менің жүріп өткен жолдарымды, атқарған жұмыстарымды тізбектеп, Өзекеңе ресми түрде жеткізді. Өзекең: «жарайды, қарастырып көріңіздер»-деп әңгімені сол жерден үзді. Сөйтті де волга көлігіне мініп, Арыстанбап кесенесіне жол жүріп кетті. Қаланың бірінші хатшысы «Қ.А.Ясауи кесенесіне директорлық қызметті атқаруды ойлан» деп жіберді. Арада біраз уақыт өтті. Сол кеткеннен мол кетіп, алты ай өткенде Н.Балқияев шақырып алып: «Бұл немене, жерде жатқан қызмет пе еді? Мен басқаға ұсынсам көрмей отырмын ба?»-деп біраз ұрысқаны бар. Осы әңгімеден кейін көп ұзамай Алматыдағы Мәдениет министрлігінен бұйрық келіп, «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты» музейіне директор болып тағайындалдым. Әңгіме барысында, Нұрмахан аға «Берікжан-ау, қызықтың көкесі алда»-деп сөзін әрі қарай жалғады. «Содан араға үш ай салып, яғни 1989 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізіліп жатқан реставрациялық жұмыстармен танысу үшін, киелі шаһарға іссапармен келді. Жанында жауапты мамандар мен қалалық атқару комитетінен өкілдер бар. Өзекеңнің тапсырмасына орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі экспозицияның этикетаждарын Қазмузейреставрация мекемесінің мамандары А.Найманбаев пен А.Жансүгіровтер жасап жатқан болатын. Кесенедегі жұмыстармен танысқан соң, Өзекең екеуіміз жеке дара тұрғанда «жұмысың қалай жолдас Н.Назаров?» – деді. Мен іркілместен «Сіздің тапсырмаңызға орай, Қ.А.Ясауи кесенесіндегі экспозицияның этикетаждарын Қазмузейреставрация мекемесінің мамандарымен бірге жасап жатырмыз» – дегенім сол еді, Өзекең «жолдас Н.Назаров, сіздің атқарып жатқан жұмысыңызға көңілім толмайды. Неге екенін білесіз бе?» – деді. Менде үн жоқ, жүзімді төмен салып тұрмын. Ол кісіге сөйлеудің өзі қандай қиын еді. «кесенедегі Әмір Темір сыйға тартқан Тайқазан, шырағдандар қайда?» – деді. Мен олар Ленинградтағы атақты «Эрмитажда» тұр деп едім. Қабағын түйіп, «Сонда Сіздің ойыңызша ол мұраларды елге қайтаруға кім мүдделі болуы керек? Оны жоқтайтын Сіз емессіз бе?» – деді. Менде үн жоқ, тілін жұтқан баладаймын. «Әлде барлығын Мәдениет министрлігі жасап беру керек пе? Сіздің тарапыңыздан бір рет болса да осы мұраларды елге қайтару туралы қандайда әрекеттер, ұсыныстар, хаттар жазылды ма?»-деді. Өзбекәлі Жәнібеков жолдас қолға аламыз деп ақтала бастадым. «Әлде қызметімнен алып тастайды деп қорқасыз ба?»-деп дүрсін қоя берді. «Осы уақытқа дейін бір құзыретті органға хат жазып, шырылдасаңыз, сізге ешкім неге былай жаздыңыз деп айта алмас еді? Сіз бар болғаны өз жұмысыңызды атқарып отырсыз. Олай болса, алдымен тайқазанды елге қайтару туралы хат дайындаңыз. Менің қолымда Тәшкент архивінен табылған құнды құжат бар. Тайқазанды уақытша әкету туралы құжатты жақында қолыма түсірдім. Ленинградтағы «Эрмитаж» музейінің директоры ‎атақты музей білгірі Пиотровский Борис Борисовичпен осы мәселе бойынша ұзақ сөйлестім. Құжатты көрсеттім. Жалпы, Эрмитаж басшылығы Мәскеу рұқсат берсе Тайқазанды қайтаруға қарсы емес. КСРО Мәдениет министрі досым В.Захаровта бұл істен хабардар. Сондықтан, жолдас Н.Назаров біздің де көрінбей жұмыс істейтін жерлеріміз бар, осы істі тездетіп қолға алу керек. Бірінші кезекте тайқазанға сұрау саламыз, оны елге қайтарған соң екінші кезекте шырағдандарды қайтару жұмысына кірісеміз. Бәрін бірдей сұрасақ Мәскеу тек қана шырағдандарды беруі мүмкін. Бізге бірінші кезекте қасиетті Тайқазанды қайтару керек. Бұл менің перзенттік парызым, олда сіздің перзенттік парызыңыз болуы керек. Ертеңгі ұрпақ алдында не айтамыз? Айтыңызшы, жолдас Н.Назаров»- деді. Ұқтым жолдас Өзбекәлі Жәнібековтен басқа ешнәрсе айталмадым. «Жұмысты бастаңыз, уақыт оздырмай. Бұл іс нәтижелі болса, біріншіден, Ұлы Бабамызға жасаған еңбегіңіз еш кетпейді, жеті ұрпағыңыз бақытты ғұмыр кешеді, екіншіден, елдің батасын аласыз, үшіншіден тарихта атыңыз мәңгі қалады. Бұдан артық адамзат баласына қандай сый құрмет керек? Сізге екі-үш күн уақыт беремін, осы істі соңына дейін жеткізіңіз. Бірақ, менің атым да затым да еш жерде аталмасын»-деп сөзін сол жерден үзді. Сол күні Өзбекәлі Жәнібековті шығарып салып, іске кірістім. Алдымен Қазақ ССР Халық депутаттары Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шахановтың атына мынадай мәтінде хат жолдадым. «Застойном и перестроечном периодах жители города Туркестана неоднократно обращались Верховному Совету СССР с вопросам возвращения котла из Ленинградского Эрмитажа своему подлинному хозяйну – музею-мавзолею Ахмеда Ясави. Просим содействовать. Аналогичная телеграмма была направлена т.А.И. Лукьянову. 06.06.1989 г. Директор музея-мавзолея Ахмада Ясави: НАЗАРОВ Н.С.
Халық депуттарының сьезді, КСРО-ның Жоғары Кеңес төрағасының бірінші орынбасары А.И.Лукьяновқа: «Трудящиеся древнего города Туркестана двухтысячалетней историей неоднократно обращались Верховному Совету о возвращении Котла из Ленинградского Эрмитажа своему подлинному хозяину, музею Ахмеда Ясави. Надеемся, что Москва удовлетворит нашу просьбу». 06.06.1989 г. Директор музея-мавзолея Ахмеда Ясави:»
Осы хаттардан кейін Алматыдағы министрліктер үйі мен үкімет үйінен хабарласушылар саны көбейе бастады. Мәдениет министрінің бұйрығымен Эрмитаж музейінің директоры Пиотровский Борис Борисовичпен тайқазан мәселесі бойынша Ленинград қаласына екі-үш мәрте іс сапарға шықтым. Жұмыс нәтижесін бере бастады. Шыны керек, Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Осы істің артында Өзекеңнің қанша жылдық еңбегі жатқандығын бірі білсе, бірі біле бермейді. Өзекең жарықтық, ойына алған ісін соңына дейін жеткізбесе, тыным таппайтын жан еді. Тайқазанды қайтару туралы КСРО Мәдениет министрі В.Г.Захаровтың 04 шілде, 1989 жылы №283 бұйрығы шыққанда, төбеміз көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Сол күндерді еске алсақ, ертегі секілді ғой. Мен осы істің орынды шешімінен кейін Өзбекәлі Жәнібековке деген ыстық ықыласым, құрметім арта түсті. Тайқазан Ленинградтан Түркістанға жолға шыққан күні әріптесім атақты Эрмитаж музейінің директоры, академик Б.Б. Пиотровскийдің қазақстандықтарға, оның ішінде түркістандықтарға жолдаған хаты менің архивімде әлі сақтаулы. Бұл тарих. Хаттың мәтінінде: «Қымбатты достар! КСРО Мемлекеттік Эрмитажы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің қасиетті тайқазанын Сіздерге шын жүректен қайтарды. Біз оны 54 жыл бойы аялап-күтіп сақтадық. Ленинград соғыс жылдарында қоршауда қалған қатерлі күндерде де мұқият болды. Енді Сіздер де оны халқымыздың ұлы мәдени мұрасы ретінде сақтаңыздар»-деген тілектестігін білдіріп, менің атыма арнайы телеграммаға салып жіберіпті. Академик Б.Б. Пиотровскиймен осы сәттен кейін жақсы қарым-қатынас орнаған еді. Алайда, 1990 жылы музей ісінің білгірі академик Б.Б. Пиотровский бұл жалғанмен қоштасты. Тайқазанның тағдыры арқылы біз әлемге мәшһүр академик Б.Б. Пиотровскиймен жақын араласуға мүмкіндік алдық. Бұл мен үшін үлкен мектеп, әрі зор мәртебе болды. Тайқазан осылай құтты жеріне қонған болатын.
Өзекең туралы тағы да ескірмес естеліктеріммен бөлісейін. 1990 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қасбетінде тұрғанбыз. Өзекең Қазреставрация мекемесінің мамандарының жұмыстарына біраз сыни ескертпелер айтты. «Осы неге Түркістанды қазақ хандығының астанасы еткен атақты Есім хан кесенесінің күмбезі жоқ? Әлде оны жасауға не кедергі деп тосыннан сұрақ қойды? Мамандар бізде фотолары сақталмаған, ең болмаса сызбасы жоқ. Амал жоқ күмбезін қалыпқа келтіре алмаймыз деп ақталды. Айналайындар ау, Өзбекстанның Тәшкент, Самарқандағы бүкіл ескерткіштері құлау алдында тұрды. Ол жақтың мамандары барлығына реставрация жасап, қалпына келтірді, солардың қолында қандай құжаттары болды дейсің. Ескерткіштерді қалыпқа келтіріп, қазір шетінен ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне ұсынып жатыр. Неге біздер де сондай амалын таппасқа?. Архитектураның заңдылығына сәйкес, кесенені қайта қаласа, күмбезінің өлшемі шығады емес пе. Осыны жүзеге асыруымыз қажет. Болмайды деген нәрседен арылуымыз қажет. Сызбалары жоқ болса, архивтерге барып күн-түн демей жұмыс жүргізіңіздер. Кім сіздерге ескерткіштердің сызбасын тауып береді? Ізденіңіздер, әрекеттеніңіздер. Қазірден осы істі қолға алмасақ, бәрі кеш болады. Түркістанға аса сақтықпен қарауымыз қажет. Түркістан біздің жанды жеріміз. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мавзолейіне, оның рухани мұрасына жай қарауға болмайды. Қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігі Ясауи сілтеген жолда жатыр»-деп ағынан жарылған болатын. «Өзекең жарықтықтың Түркістанға еңбегі көп сіңді, кездесе қалса кесененің жай күйін, одан қала берсе ондағы ескерткіштерді сақтап қалу жайында әңгімені өрбітетін еді. Ол кісі терең білімді, әрі ұлтжанды азамат еді»-деп сөзін аяқтаған болатын. Осы ескірмес естелікті жазудың сәті бүгін келген секілді. Нұрағаң өзін жарнамалағанды ұнатпайтын еді. Көзінің тірісінде осы мәселені жазайын дегенде, Нұрекең «мені тым әсерлеп жібересіңдер. Өзбекәлі Жәнібеков жайында көбірек ізденші, ертелі кеш ол кісінің елі үшін атқарған еңбегі аңыз болып жазылады. Оған менің күмәнім жоқ»- дейтін. Менің Өзбекәлі Жәнібеков мұрасын зерттеу жүргізуіме Нұрмахан аға Назаровтың бірден-бір ақыл кеңесі түрткі болды.
Нұрағаң жарықтық, зейнеткерлікке шықса да, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Н.Төреқұловтың Түркістаннан хан сарайындай музейін қалыптастырып, негізін қалады. Жазушы С.Ерубаев музейін жаңғыртып, еңбектерін ғылыми айналымға қосуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Елдің ауыр жүгін күн-түн демей, ешкіммен санаспай абыроймен арқалады. Ел жұртына адал қызмет еткен Нұрмахан Назаров көзі тірісінде Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, түркістантанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанды.
Құрметті оқырман! Сіздерге абзал азамат, Нұрмахан аға Назаровтың қасиетті Тайқазанды қайтару жолында, ескерткіштерді қорғау, сақтау, насихаттау, киелі шаһардағы баспа ісі, музейлерді қалыптастырудағы атқарған абыройлы жұмыстарының бір парасын ғана газет бетіне жазуды жөн көрдім.
Берік БАЙБОЛ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Leave a reply