Thursday, November 21

САУРАН: ТУРИЗМ САЛАСЫ – АУДАН ДАМУЫНЫҢ АЙҚЫН БЕЛГІСІ

0
55


Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырған еді. Бұл – ауданның, туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр. Ауданның жағажай туризмін және емдік туризм, тарихи туризм, діни туризм, экотуризм мен қысқы және жазғы демалыс орындарын дамытуға мүмкіндігі бар. Осы бағыттар бойынша инвестиция құятын жобалар іздестірілуде. Алдағы уақытта туризм саласын дамытуға және туризмнен түсетін табыс көзін арттыру бағытында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілетін болады.
Қазіргі таңда ауданның негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлік және туризм саласы болып табылады. Сауран ауданының аумағында 54 тарихи-мәдени нысан бар. Бұл нысандар ішінде туристер көп келетіні Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесене. Сонымен қатар, ауданда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы теңгеріміндегі Ескі Сауран қалашығы, Үкаш ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан.
Көне тарихтың теңдессіз ескерткіші, ортағасырларда гүлденген шаһар болған Сауран қалашығы Түркістан облысы аумағында орналасқан. Жүзжылдықтар бұрын ортағасырлық саясаттың “жүрегі”, маңызды әкімшілік орталық болған қоныс атауы Х ғасырдан бергі кезеңдермен белгіленетін тарихи жазбаларда кездеседі. Көне деректер де Сауранның өркендеп дамыған шаһар, ғаламат қамал болғандығын растайды. Кезінде қаланың абаттандырылуы мен қорғанысына көп күш жұмсалған, қолөнер ісі қарқынды жүргізілген. Көне шаһарда жалпы ұзындығы 110 шақырымға жететін жерасты су құбырлары жүйесі салынғандығы да таңқалдырарлық дерек!
Қазіргі таңда ҚР Үкіметінің тапсырысымен Сауран қалашығының аумағында қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи мұраны қалпына келтіру жобалары іске асырылуда.
Сауран – ортағасырлық әлемге жол салар тылсым мекен, қираған қамалдан қалған үйінділердің арасынан сол дәуірдің тынысын сезінуге болатын бірегей орын.
Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы мақсатта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарапынан Ескі Сауран қалашығының аумағынан жоба құны 320 млн.теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орталықта туристерге арналған қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақтар болады. Одан бөлек Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Жүсіп ата кесенесінен жоба құны 97 млн.теңгені құрайтын «Сапар орталығы» мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл жоба жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүргізілді. Бұдан бөлек ауданда жалпы 849 млн. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 76 жаңа жұмыс орны ашылды. Олар: «Ақжол» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы,Үшқайық ауылдық округіндегі спорт кешені, Жүйнек және Ескі Иқан ауылдық окургтерінде тамақтану орндары, Иассы ауылдық округінде «Ozen» демалыс аймағы.
Ауданда жыл соңына дейін 1 млрд. 974 млн. теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осы жобалар іске қосылған жағдайда 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтсам, «Ныш-ер» қонақ үйі мен демалыс аймағы, « Sayazhai» және «Хамдам» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы, «Saketau Resort» отбасылық демалыс орндарын ашу жоспарлануда.
Сауран ауданының экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамытудың жолға қойылуының мәні осында. Ел арасында аудан аумағындағы тарихи орындарға алыс жақын облыстардан және шет елдерден қызығушылық танытып, келген туристердің саны 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында – 13 842 туристке жеткен екен. Оның ішіндеСауран қалашығы – 1324, Үкаша ата кесенесі – 11357, Жылаған ата – 210, Жүсіп ата кесенесі – 921, Имам Мархозыға – 30 турист келген. Ал жыл басынан осы кезеңге дейін туристердің өңірге саяхаттауы жоғары деңгейде өскен. «Әзірет Сұлтан» қорық – мұражайының меншігіндегі 52 тарихи-мәдени туристік нысанға сапарлаған саяхатшылардың өзінде есеп жоқ.
Қазір тарихи-мәдени орындарға инвестиция тарту жұмыстары қарқын алған. Мұражай тарапынан Ескі Сауран қалашығы аумағынан жоба құны 320,0 миллион теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр (қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақ). Сондай-ақ, Үкаша ата кесенесіне келген туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инвестор тауып, арнайы жер бөлінген. Кесене аумағында заман талабына сай қонақ үй, автотұрақ, намазхана, тамақтану орындарын салу қолға алынуда. Бұл ішкі туризмнен түсетін кіріс көзін арттыруға себеп болуда. Ескі Иқан ауылдық округінде жоба құны 50,0 миллион теңгені құрайтын Жүсіп ата кесенесінде «Сапар» орталығы мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Айта кетерлігі, бұл орталық аудандағы жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен бой көтеруде.

Leave a reply