САУРАН: ҚАРИЯЛАР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР
Күні кеше ғана тәжтажал індеті көз алдымызда жүрген қаншама ақылман ақсақалдарымыз бен көнекөз қарияларымызды жұлып кетті. Қатары селдіреп қалды. Қазір де тұмаудың ауыр түріне қарттарымыз шалдығып жатса, балаларымыз қызылшадан қатты қиындық көруде. Осыған орай, Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ақсақалға жолығып, ардагерлер мен ақсақалдарымызды ауру-сырқаудан, пәле жаладан қорғау, оларға қамқорлық жасау тұрғысында сұхбаттасқан едік.
– Сауран аудандық ардагерлер кеңесі ресми түрде қашан тіркелді? Жұмыстарыңызды қашан бастадыңыздар және әрбір ауылдық округте бастауыш ұйымдарыңыз бар ма?
– Сауран аудандық ардагерлер кеңесі 2021 жылдың қазан айында ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Өздеріңізге белгілі, кезінде Түркістан ауданына қарасты 12 ауылдық округті Кентау қалалық әкімдігіне қосып жіберді. Сауран ауданы жаңадан құрылғаннан кейін бізге сол жерде 12 ауылдық округте 12 бастауыш ұйым бар, оның 1076 мүшесі бар деген мәлімет формальды түрде берілді. Ал, негізінде ардагерлер өз алдына, ауыл өз алдына болып бөлек қалған еді. Өзім зейнеткерлікке шыққан соң жұбайыммен бірге Астанадағы балалардың қолына барып тұрып жатқанмын. Қарап жатқанша деп бір балабақшаның мемлекеттік тілді меңгеру бойынша әдіскері болып жұмыс істедім. Аудан құрылғанын естігенде қуанышымыз қойнымызға сыймады.
Бір күні маған Сауран ауданының тұңғыш әкімі Ғани Рысбеков хабарласып: «Секе, бұрынғы комсомол, партия қызметкерісіз, одан бөлек 23 жыл мектеп басқардыңыз. Сіз ардагерлер ұйымын құрсаңызшы. Жоғарыға сіздің кандидатураңызды ұсынып, өтініш тастадық. Сіз «мақұл» десеңіз, конференция шақырып, сол жерде сізді сайласақ деп отырмыз. Соған тез жетіңіз» деген соң ойланып көруге уәдемді бердім. Ауылда ардагерлер көп қой, бірақ таңдауы маған түскеніне таң қалдым. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, аудандағы 12 ауылдық округтегі 35 елді мекен тұрғындарының 75 пайызы – өзбек ұлтының азаматтары, 25 пайызы – қазақ. Барлығы мені жақсы таниды. Оның үстіне тіл білетінім бар. Араб, түрік тілдерінің маманымын. Өзбек тілінде таза сөйлеймін. Алматыдағы ҚазҰУ-дің филология факультетін бітіргенмін. Одан соң Ташкентте аспирантурада оқыдым. Өзбекше сөйлегенде өзбектердің өзін жаңылыстырамын десем болады. Сонымен ардагерлер кеңесі құрылды. Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Шет елді мекені тұрғындары біздің өзімізден бастауыш ардагерлер ұйымын ашып берсеңіздер деп өтініш жасап отыр. Ережемізге сәйкес келсе бұл ауылдан бір бастауыш ұйым ашуға болады. Ол жердегі ардагерлердің саны қазіргі таңда 37-ге жетті. Сонымен қатар, Нұртас Оңдасынов туған Нұртас ауылы бар, онда да ардагерлер саны 22-ге жетті. Бұлар да Үшқайық елді мекеніндегі ардагерлер ұйымына қаратпай, өзімізге бастауыш ұйым ашып берсеңіздер, іс-шараларды өзіміз жүргізсек, сіздерге тікелей өзіміз шығуға жағдай жасалса дейді. Мұны да шешсек, екі бастауыш ұйым құрылады.
– Ардагерлер ұйымы жанынан әжелер кеңесі, әкелер мектебі құрылғанын естіп жатырмыз. Бұлар бір-бірінің ісін қайталамай ма?
– Жоқ, қайталамайды. Қазіргі таңда 15 бастауыш ардагерлер ұйымы бар, ардагерлер саны 3157-ге жетті. Оның ішінде бір Ұлы Отан соғысы ардагері, 244 тыл ардагері, 14 Батыр ана, 69 ауған соғысы ардагері бар. Сонымен қатар біздің ардагерлер ұйымы жанынан әжелер кеңесі, әкелер мектебі құрылған. Жарғымызға сәйкес, ең бірінші кезекте ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту, медициналық көмек, салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ, оларға материалдық, әлеуметтік көмектер көрсету, мемлекеттен беріліп жатқан жәрдемақылардың тиімділігін арттыру қарастырылған.
Ардагерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында барлық ауылдардағы емханаларда арнайы бөлме жабдықталды. Батыр аналарға да ерекше қамқорлық жасалады. Ал, аудандағы өзбек этномәдени бірлестігі ардагерлермен бірлесе отырып, түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Қазіргі таңда аудандық ардагерлер ұйымында бес тұрақты комиссия жұмыс істейді. Оның біріншісі – әлеуметтік-тұрмыстық комиссия. Ол ардагерлердің тұрмыстық жағдайына, жалғызілікті қарияларға еріктілермен бірге көңіл аударуды ұйымдастырады. Сондай-ақ, жастармен жұмыс, мәдени іс-шаралар жөнінде комиссия жұмыс істейді. Салауатты өмір салтына арналған орталықта қариялар ем-дом қабылдайды, тренажер залына барады, психологиялық көмек алады. «Ардагерлер үйін» ашуды енді қолға алдық. Жыл соңына дейін бұл мәселе шешімін табуы тиіс.
– Ауданда қоғамдық ұйымдарға арналған «Ынтымақ» үйін ашу жөнінде аудан әкімінің жоспары бар екен. Ол қалай жүзеге асырылуда?
– Сауран ауданының жаңа әкімі Мақсат Таңғатаров бір ғимаратты жалға алып, үкіметтік емес «Ынтымақ үйі» деп ашып беруге уәде етіп отыр. Біздің ұйымның құрылғанына биыл үшінші жыл. Жарғы бойынша ауылдық жерлерде үш жылда бір рет бастауыш ұйымдардың есебі тыңдалып, төраға сайлануы тиіс. Ал, ауданда төрт жылда бір рет конференция өтіп, төраға сайланады. Бастауыш ұйымдардың есебі жөнінде облыстық ардагерлер ұйымымен кеңесіп көремін. Егер қолдаймыз, өткізіңдер десе, биыл желтоқсан айында өзіміздегі 14 ауылдағы бастауыш ардагерлер кеңесінің есебі тыңдалып, төраға сайланады. Төрағаны ауыл ақсақалдары өзара келісе отырып, ашық дауыспен сайлайды. Төраға ақиқатты айта алатын, көпті соңынан ерте алатын, ардагерлерге жағдай жасай алатын азамат болуы тиіс. Сайламас бұрын біздің де келісімімізді алады.
ҚР «Ардагерлер туралы» Заңында ардагерлер санаты мен оларды әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген. Жергілікті ардагерлерді ұйымдастырып, олардың бел-сенділігін көтеріп, іс-тәжірибиесін пайдалануды, арда-герлердің мұң-мұқтажын шешуді, денсаулығын жақсар-туды тиісті орындар алдына қойып отыру ардагерлер кеңесі төрағаларының негізгі міндеті болып табылады. Жаңа ауданда жаңадан құрылған ардагерлер кеңесінің алдында әлі сан алуан жұмыстар тұрғаны анық.
– Сейілхан Ыбыханұлы, жаңа сайлаудан өзі-ңіздің де сүрінбей өтіп, елді мекендерде де ақса-қалдарымыздың мұң-мұқтажын өз дәрежесінде көтере алатын беделді жандарды сайлап, мақ-саттарыңызға жете берулеріңізге тілектеспіз.
Мұқағали Мақатаев айтпақшы: «Неменеңе жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп әнеки жағада тұр» деп айтқандай, қарияларымыздың қадіріне көзі тірісінде жетіп, көзі тірісінде бағалай білейік, ағайын.
Ескендір ЕРТАЙ.