Вторник, 17 сентября

САУРАН: ҚАСИЕТІ БАРШАҒА МӘЛІМ ҚАРЛЫҒАШ АПА

0
66


Алғаш көргенде-ақ мейірімге толы жүзімен, ақкөңіл пейілімен құшақ жая қарсы алған апамызды көргенде қазақы болмысымыздың түп-тамырын көргендей қуанғанымыз бар. Апалы-сіңлілі екі ананың ыстық ықыластарына көмілдік. Бүгінгі кейіпкеріміз Қарлығаш апа мен туған сіңлісі Ғалияш жайлы осындай ойда болдық.
Қарлығаш Баймұратова 1946 жылы 26 қыркүйекте Фрунзе ауданы Аша елді мекенінде дүниеге келген. Отбасындағы он перзенттің үлкені болған. Фрунзе (қазіргі Тұрсынхан Айтжанов атындағы мектеп) мектебінде 1959 жылы 7-сыныпты бітірді. Сол кезеңде Фрунзе мектебі 7 жылдық болса керек. Мектепті бітірген 1959 жылы Түркістан педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1963 жылы бітірген. Орта оқу орнын бітіріп келісімен №5 мектеп-интернатта бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Кейін Фрунзе (қазіргі Т.Айтжанов мектебі) мектебіне ауысып, ұстаздық еткен. Қарлығаш Әшірбекқызы білім саласында 8 жыл мұғалім қызметін атқарған. Қарлығаш апа өміржолын екі тармаққа бөледі. Өйткені, алғашқы еңбек жолын мұғалім болып еңбек етуден бастаса, кейін, сауда саласында еңбек етіпті. Сол бір жылдардағы ұстаздық өмірін былай еске алды.
-«Мен еңбек еткен 1963 жылы интернатта бір сынып болатын. Сол бір сыныптың өзінде 41 оқушы оқитын. Осынау оқушыларға сапалы білім беруге барымды салған ұстазбын. Айтайын дегенім, 41 баланың ішінде тек 1-2 баланың үлгерімі орташалау болса, қалғанының барлығы өте жақсы оқыды. 14-15 оқушы үздік атанды. Ол кезде бастауыш сынып 4 жылдық болатын. Мен сегіз жыл мұғалім болдым. Осы мұғалім болып еңбек етіп жатқанымда қатты ауырып, Алматы қаласында ауруханада жатып, бір жыл емделдім. Содан мұғалім болып еңбек етуге денсаулығым жарамады. Ол кезде әкем зейнет жасында болса да магазинде еңбек ететін. Сонда үйде отырған маған әкем: «Қызым дүкенді барып ашып келші» дейтін. Барып ашып келемін. Алғашқыда жарты күннен тұрдым, кейін күні бойы тұрып жүрдім. Сөйтіп жүргенде, әкем: «Қызым сен істе, мен қойдым» деп, дүкенді менің мойныма асып қойды. Мені үйде отыра бермей, алдансын дейді екен ғой, осы күні ойланып қарасам.
Осылай, алғашында әкемнің жанында көмекші болып еңбек етіп жүріп, кейін сауда қызметкері болып шыға келдім. Саудада еңбек етіп жүріп, Шымкент қаласындағы кооперативный техникумды сырттай оқып, бітіріп алдым. Саудада жаман болғаным жоқ. Ауылдық советтің екі дүркін депутаттығына сайландым. Алдыңғы қатарлы үздік қызметкер атандым. Бірнеше мақтау қағаздарының, төсбелгі иегері болдым. Алдымен магазинші, кейін сельпоның парторгі болдым. Партия қатарына өттім. Одан кейін Шорнақ сельпосының председателі болып сайланып, бірнеше жыл еңбек еттім. Кейін сауда тарқағаннан кейін кәсіпкерлікпен айналыстым,-деген Қарлығаш апаның түйткілді ойларынан еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары алғашқы кәсіпкерлердің қатарында болып, еліміздің шағын және орташа бизнесіне қомақты үлес қосқанын бағамдадық.

ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАРЛЫҚ ЖАЙ

Осы орайда Қарлығаш апаға көкейіміздегі сұрақтарды жаудырдық.
— Қарлығаш апа өзіңіз мұғалім болып қызмет еттіңіз. Сіз 8 жыл еңбек етсеңіз де шәкірттерді сапалы тәрбиелеген майталман маман болдыңыз.Сіздің кезіңіздегі мұғалімдер мен қазіргі мұғалімдердің арасында айырмашылық бар ма?
-Айырмашылығы үлкен. Мен мақтамаймын да даттамаймын да. Біздің кезіміздегі мұғалімдердің энергиясы мықты болатын. Талаппен, ар-ұят, намыспен тірлік ететін. Қазіргі мұғалімдердің барлығын даттауға да болмайды, барлығын бірдей мақтауға да болмайды.
Алғашқы мұғалімдік қызметті бастаған кезде жаспыз, энергиямыз мықты болатын. Жұмысты жақсы атқардық. Сол 1963 жылы мұғалім болып қызметімді бастаған жылы «День учителей», яғни «Мұғалім күні» бекітілді. Бұрын мұғалімдер күні болмайтын. Мен бастауыш сыныпта мұғаліммін. Екі жылдан кейін Фрунзе мектебінен еңбек етіп жатқан қаншама мұғалімнің ішінен екі мұғалімге сыйлық берілді. Сол екі мұғалімнің бірі мен болдым. Жалпы талаптандырайын деді ма, жоқ өзімнің талабым жақсы болды ма, жұмыстағы еңбек көрсеткішім дұрыс болды ма осы сыйлыққа ие болдым. Сыйлыққа настольный сағат берді. Ол кезде осы сағаттың жаңадан шыққан кезі, құны қымбат болатын. Мұғалімдік қызметте алған ең бірінші сыйлығым осы болды. Бірнеше шәкіртті бітірттім. «Апай сіздің талабыңыздың күштілігінен біз жақсы азамат болып шықтық» деп, шәкірттерімнің барлығы риза болатын.
Қазіргі таңда шәкірттерімнің алды зейнеткерлік жаста. Қазақстан Министрлігінде еңбек еткен шәкіртім Шаймерденов Камалиддин өмірден өтті. Үздік шәкірттерімнің бірі Самаликов Базарбай Алматы қаласының метросын ең бірінші болып ашқан. Есбаева Әсемкүл Алматыда аптекада еңбек етеді. Шәкірттерім Ерғалиева Тұрсын мен Самаликов Базарбайға өте жақсы оқып, қызмет еткендіктен өздері түлеп ұшқан мектеп-интернаттан бір-бір сынып берілді. Менің шәкірттерімнің 80 пайызы еліміздің түкпір-түкпірінде халықтың игілігі жолында қызметтер атқаруда. Менің атыма шәкірттерім туралы жаман әңгіме келген емес, — дейді ардагер ұстаз.
Ешкімді ренжітпейін деген мақсатта бұрынғы мен қазіргі ұстаздарды салыстырмай, жалпылама жауап берген Қарлығаш ападан: «Өзіңіздің сол кездегі бір күндік мұғалімдік еңбек жолыңызды айтыңызшы»,-деп сұрадық.
-«Мектеп-интернатта еңбек етіп жүрген кезімде түстен кейін балалардың келесі күнге дайындалатын сағаты болады, уақыты — екі сағат. Балалар түскі тамағын ішіп болғаннан кейін, демалады, ойнайды. Одан кейін балаларды екі сағат сабақ дайындауға отырғызады.Түркістан педагогикалық училищесін бітіріп келген кезім, жаспын. Сонда оқушыларымның сабаққа дайындалуын өзім қадағалап, нашар оқитын оқушылармен жеке жұмыс жасайтынмын. Негізінде баруға міндетті емеспін. Бірақ өзім баратынмын. Ол кезде бала саны бөлінбейді. 41 оқушыны келесі күннің сабағына дайындалдырумен қатар, олардың тазалығына мән беретінмін. Ол кезде тәртіптің мықты кезі. Балалардың сабаққа деген ықыласы өте жоғары болатын. Бүгінгідей смартфон, ұялы телефондар жоқ. Мектеп-интернаттағы балалар 24 сағат бойы мұғалімдердің қарауында болады. Сондай-ақ, басқа жалпы білім беретін мектепте оқитын балалар да жақсы болатын. Ол кезде ұрыс, төбелес, бір сыныптың балалары бір сыныптың балаларын, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптың оқушыларын қорқыту, ұру деген болмайтын. Сосын интернаттағы бір қызық жағдай, сабақтан шаршап шығамыз, балалар да шаршайды. Тұрсын деген шәкіртім өлеңді жақсы айтатын. «Тұрсын барлығымыз шаршап тұрмыз, бір өлең айтып жіберші» деймін. Содан «Черный кот» деген өлеңді Тұрсын айтқан кезде барлығымыз көңілденіп, орнымыздан тұрып сабақтан шығатынбыз.
Бұдан кейін Фрунзе мектебінде еңбек еткен жылдары 3-ші сыныпқа сабақ бергенімде, оқушыларға орыс тіліндегі өлеңдерді көп жаттатқызып, айтқызатынмын, тілдері жаттықсын,-деп. Сабақ соңында өлең айтқан оқушылар шаршағандарын басып, үйлеріне көңілді қайтатын. Ол кездегі балалар қазіргі балалармен салыстырғанда тәртібі де жақсы, сауаты да жақсы, үлгерімі де жақсы, мұғалімді тыңдауы да жақсы болатын. Қазіргімен салыстырғанда ол кездегі балалар мен бүгінгі балалардың арасында да, мұғалімдердің де арасында ат пен түйедей айырмашылығы бар. Бұрынғы балалар мына телефонның жоқ кезіндегі балалар сауатты да мәдениетті, алғыр еді. Бүгінгі заманның талабы солай ма немесе талабына көп оқушылар құлақ түргісі келмейді ма қиындау қазір. Ол кезде грамота, медаль да балалардың таза біліміне берілетін,-дейді ардагер ұстаз.

ӘКЕ АСҚАР ТАУ

Әке деген асқар тау дегендей, әкесі жайлы естеліктерімен бөліскен Қарлығаш апаны тыңдап отырмыз.
-Әкем Әшірбек Баймұратов 1906 жылы туылған.Әкеміздің өмір жолын ұрпақтары, көнекөз қариялар білеміз. Қанша жерден білеміз десек те НКВД-да істегенін ұмытып қалыппын. Ауылдың үлкен қадірменді қариясы Еркінбек ағамыз: «Әшекең НКВД-нің начальнигі болған» деп айтқан еді. Әкеміз соғысқа кетпей тұрып партия қатарында болған екен. Райпотребсоюздың бастығы болып тұрған кезде Ұлы Отан соғысы басталып, соғысқа аттанғандардың санағы жетпей тұрған кезінде 34 жасында кеткен екен. Соғыстың басынан аяғына дейін 5 жыл қатысып, Рейстагқа Ту тіккен сарбаздардың қатарында болған екен.Рейстагқа Ту тігу тапсырмасын орындауға аттанған сарбаздардың біреуі біздің әкеміз болған. Әкеміздің айтқан әңгімесінен айтайын. Сонда Ту тігуге еңбектеп бара жатқанда екі ортада үлкен асфальт жол болған екен. Сол асфальттің бір шеті кілең көпқабатты үйлердің төменгі қабаттары магазин екен. Екінші шеті Рейстаг. Содан бұлар уралап келіп еңбектеп жатқан сақтану амалдарын жасап. Алайда, уралап бара жатқан сарбаздарды көпқабатты үйлерде тығылып жатқан немістер атқан екен. Сонда біздің әкеміздің жамбасына оқ тиіп, жараланыпты. Өлгені бар, жараланғаны бар, барлығын артып Москваға алып келген. Содан әкеміз госпитальда 3 ай жатып, істемей қалған аяғын емдетіп шыққан.Москваның госпиталының дәрігерлерінің ауруы туралы жазған қағазы болатын. Дүниеден өткенше сол қағазын алып жүрді әкеміз. Сол дәрігердердің берген дәрігерлік қағазда «По старости лет может парализовать ноги» деп жазылған болатын. Сонда жамбасқа тиген оқтан оскольки қалған екен. Сонда әкем қағазын келген дәрігерлерге оқытатын. Мен де оқып жүретінмін.
Әкем 5 жыл соғыста болып келді. Рейстагқа Ту тіккендердің қатарында әкем болды. Бір қазақ тікті деп айтып отыратын. Телеарнадан Рахымжан Қошқарбаевтың атын естігенде әкем: «Иә, сол жігіт тікті» деп айтып отыратын жыр ғып. Аман-сау келді соғыстан. Көзі де, аяғы да сау. Тек жамбасында қалған осколкидің қалдығымен келді. Бір үйден ағайынды үшеуі де соғысқа кеткен. Өзінен кейінгі інісінен қара қағаз келді, одан кейінгі інісі екі көзінен соқыр болып келді. Ажалы жетпесе өлмейді деген рас екен. Ең кіші інісінің бір шекесінен тиген оқ екінші шекесін тесіп өткен. Көзінің екі жағы да шұқыр болып қалған, оқ майда тамырдың бәрін кесіп өткен. Әкем марқұм соқыр болып келген інісін көп сүйреді. Ол кезде әкемнің колхозда дүрілдеп қызмет істеп жүрген кезі. Әкем соғыста рота командирі болған екен. Москвада емдеген дәрігерлердің жазып берген диагнозының нақпа нақ тура келгенін қарасаңызшы. Қайтыс болардан екі жыл бұрын бір аяғы істемей қалды. Жатып қалған жоқ, далаға сүйретіліп кіріп шығатын. Сол кезде әкемнің сексен бес жасқа келген кезі болатын.
Соғыстан аман-есен келгеннен кейін Түркістандағы жалғыз нан заводының директоры болып қызмет еткен. Бұдан кейінгі жылдары НКВД-нің начальнигі болған. Одан кейін райком партия:«Туған жеріңізге барып ел құрыңыз» деп, жолдамамен үлкен тапсырма беріп, Аша ауылына жіберіпті. Әуелі, осы Аша елдімекенін ең бірінші 5-6 үймен құрған менің әкем. Алғашқыда Аша деген осы жерден алысырақ болатын, сол жерде 5-6 үй отыратын. Кейін осы жерге көшіп келіп, 1950 жылы Аша ауылдық советін әкем құрған. Одан кейін колхоз председателі болып істеді. Колхозда мал фермасында жұмыс жасады. Содан зейнеткерлікке шыққанша сауда саласында, Шорнақ сельпосының дүкенінде жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де дүкенде жұмыс істеді.
Әкеміз соғыстан келгеннен кейін де партия қатарында болған. Содан 1990 жылдың 28 апрель күні Райком партияның член бюроларынан 9 адам ауылдың атқамінер азаматтарымен бірге келіп, партия қатарында болғанына 50 жыл толғанымен құттықтап , «50 лет КПСС» деп жазылған төсбелгі тапсырды. Иә, 50 жыл партия қатарында болған.
«Қария қолда мал бар ма»,- деді райком партияның мүшесі. «Бар» — деді әкем. «Төсбелгінің байғазысы болсын, райкомпартияның атынан люкомотоцикл сыйлаймын»,-деп, әкеме мотоцикл беріп кетті. Менің әкем Семейде кооперативный техникумын 2,5 жыл оқып, бітіріп келген. Ол кезде техникум қазіргі университетпен бірдей бағаланатын. Осы жылдың 9 қараша күні әкем қайтыс болды.Бүгінде әкеміздің атында көше бар.
Анам Әлима екеуі дүниеге 10 перзент әкеліп, бізге өнегелі тәрбие берген ата-анамыз. Ең тұңғыш қызы мен Қарлығашпын. Анамыз Әлима ақылды, сымбатты, момын жан болатын. Ешқандай артық әңгімесі жоқ, мәдениетті еді,-деп ата-анасын еске алған Қарлығаш апаның Шорнақ ауылының дамуына үлес қосқанын ауыл тұрғындары көп айтады. Осы жайлы сұрағанымызда Қарлығаш апа өзінің атқарған еңбегін тайға таңба басқандай әңгімелеп берді.
-«Қазіргі Мансап орталығында бұрын дүркіреген дүкендер болатын. Үш бөлмелі цемент магазин еді. Қазіргі таңда Мансап орталығының алдын Сауран ауданы әкімдігі аллея жасап қойды.
Кеңес одағы кезінде еңбек еткендер біледі. 22 сәуір күні Лениннің туған күніне орай жаппай сенбілік өткізілетін. Сонымен осы дүкендерде істейтін магазиншілерге сенбілік ұйымдастырдым. Ремзавод ол кезде темірден қоршау жасайтын. Бухгалтерге айттым да темірден қоршау жасатып, әкеліп қойдым. Бір күн бұрын тас, цемент түсіртіп қойдым. Сөйтіп дүкен қызметкерлері бір күнде дүкеннің жан-жағына темір қоршауды құрғызып, қоршап қойдық. Ауланың ішінің жан-жағына ауыл азаматтары марқұм тракторшы Берік пен Балтабай екеуі Сидақтан бір күн бойы түннің бір уағына дейін шым тасып, төсеп қойды. Магазинге қарсы беттегі арықтан су ағатын. Екі ортадағы асфальтты бұзып жіберіп, су кіргіздірдік. Ол кезде асфальтты бұзса дереу штраф төлеттіретін. Оны біліп тұрсам да, су кіргізу үшін асфальтті бұздырдым. Тура сол күні барлық адамдар өз мекемелерінде сенбілікте жүргендіктен, көшеде тәртіп сақшыларынан ешкім жоқ болатын. Осы сәтті пайдаланып, қаздырдым да труба қойып жүргіздіріп, бұздырған асфальтті қайтадан цемент құйғызып, бекіттіріп, орнын дереу жөндетіп қойғыздым. Берік марқұм мен Балтабай екеуі түнімен ұйықтамай басында болды. Осының барлығын бір күннің ішінде жасатқыздым. Басы-қасында өзім тұрдым. Солай қазіргі Мансап орталығы орналасқан бұрынғы дүкендердің жан-жағын темір қоршаумен қоршатып, алдына бау жасатқан едім. Бұл 1987 жылы болған оқиға.
Негізі айта кетейін, дүкендердің алдын қоршатуыма мына жағдай себеп болды. Осы дүкендердің үстінен қарайтын бастық болып сайланғаннан кейін, дүкендердің тазалығына қараймын. Дүкендердің алдына КАМАЗ жүк көліктері көп келіп тоқтайтын. Оған мән бермейтінбіз. Бір күні осы үш айналы дүкеннің алдында тұрсам бір КАМАЗ келіп тоқтағанда анадан шыққан шаң дүкендерді көміп тастады. Сосын, ойпырмай, дүкенді шаң деп сатушы қызметкерлердің жанын алып, күнде шаң сүрткіздіреміз. Ауданнан келген тексерушілер бізге тазалаңдар, тазалаңдар, — дейді. Неге бұл таза болмайды, — деп біз магазиншілерден талап етеміз. Сөйтсек, таза болмайтынының мәні осыдан екен ғой, — деп ойладым. Бәсе, магазиншілер: «Апай сүртіп жатырмыз, не істейміз, — дейді. Сөйтсек, магазиннің алдына келіп тоқтаған барлық көліктердің шаңы магазиннің ішіне кіреді екен. Қап, әттеген-ай, дедім. Көктем уақыты болатын. Содан сол жерді қалай бекіттірсем болады деп ойлап жүрдім. Ақырсоңында сол жерді 22 апрель күнгі сенбілікте қоршатып қойғыздым. Жиырма шақты қызметкерлер жабылып жасаған болатынбыз.Кейін магазиншілер: «Апай магазиннің шаңынан құтылдық» деп рахметтерін айтып жүрді. Жұрт қанша мақтап жүрді. «Неше ер адам бастық болғанда осыны істетпеген еді. Қарлығаш апайға рахмет мына жерді бекітіп кетті» деп айтқан тұрғындардың алғыстарын да естіп жүрдім кезінде.Иә ол кезде 40 жасқа толар толмас жастамын, күш –жігеріміз мықты кезіміз болатын.
Жақында ауыл мен қала арасында жүретін көлікке отырсам, танитын үлкен азамат: «Қарлығаш апай аман-есенсіз бе. Қайда жүрсіз. Мына бауды біз сіздің есіміңізбен «Қарлығаш бауы» деп айтамыз,-деп, бүгінгі «Мансап орталығындағы аллеяны көрсетіп айтып отырғанына риза болдым. Негізі осы жерді қоршатқан мен болатынмын. Осыны біліп, айтып жүрген жергілікті тұрғындарға, азаматтарға алғысым шексіз. Бұрынғы уақыттарда да қаншама адам келіп демалып отыратын осы бауда. Бүгінгі таңда осы жерде аллея жасалып, қаншама адамдар келіп, демалып отырғандарына риза пейілдемін» деген Қарлығаш апаның халыққа риза болған нұрлы жүзіне қызыға қарадық.
Өміржолын көз алдынан кино лентасындай жүгіртіп өткізген Қарлығаш апа: Мұғалімдік қызметте де, саудада істегенімде де ешқандай жаман сөз естімедім. Жұрттың қарғысын алмадым. Әуелі Аллаға, одан кейін партияға рахмет, еңбегімді бағалады. Партия қатарында болдым. Сельпода парторг, председатель болып істедім. Екі рет ауылдық советтің депутаттығына сайландым. Әкеме тарттым, пысықтау болдым. Әкемнің жолын қудым. Әкем көбіне саудада істеген кісі. Әкемнің жолын қуып саудада істедім. Әкемнің жолын қуып басшылық қызметте істедім. Әкемнің жолын қуып, жаман болғаным жоқ. Өмірге өкпем жоқ. Сосын кооперативный техникумды сырттай оқып, бітіріп алдым. Партшколаны сырттай екі жыл оқып, бітірдім. Алдымен кооперативный техникумды бітіріп алдым, одан кейін партшколаны бітірдім. Оның алдында Алматы қаласындағы ЖенПИ-ге сырттай оқуға түсіп, тарих факультетін бітіріп шықтым. Дипломды қолыма алғанмен, денсаулығым жарамай, саудаға ауысып кеттім. 4 дипломым бар, оқыған еңбектерімнің нанын жедім. Бірге жұмыс істеген қызметтестерімнің барлығына рахмет айтамын.,-деген Қарлығаш апаға елдің де айтар алғысы мол екендігін жеткізгіміз келеді.
Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply