Saturday, November 23

САУРАН: ҮКАША АТА КЕСЕНЕСІНЕ КЕЛЕТІН ТУРИСТЕРДІҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
120

Сауран ауданындағы туристер жиі келетін киелі мекеннің бірі – Үкаша ата.
Халық арасындағы аңыз былай дейді: «Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, сенімді серігі әрі күзетшісі, Ислам дінін таратушы болған. Жергілікті тұрғындар “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген». Осы әңгіме ауыздан-ауызға көшіп, көпшілік оны ғасырдан-ғасырға жалғап, айтып келеді.
Бәлкім бұл ғажайып ертегідей естілер. Десе де мұны білікті қазақ ғалымдары өз еңбектерінде айтып өткен. Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректер қалдырған. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп беріледі. Бізге аңыз болып жеткен Үкаша сахаба жайында Ш. Уәлихановтың кітабында да (онда Оксе деген есіммен көрсетілген) айтылған. Бұдан ұққанымыз, Үкашатаның ешқандай да аңыз ертегі емес тарихи тұлға, өмірде болғандығын анық көрсетеді. Тағы бір деректі қоса кетейік. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми зерттеу бөлімінің мәліметінше, Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Шығу тегі жағынан Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады дейді.
Үкаша ата мазары мен құдығы, ІХ-Хғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым, Бабайқорған ауылдық округының солтүстігінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 03.08.2018 жылғы №196 бұйрығына сәйкес Үкәша ата (мазар, құдық) Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Теңіз деңгейінен биіктігі 451м.

Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар.

Үкаш-ата туралы халық арасында аңыз-әфсаналарда хз. Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сақабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25м құрайды.

Осы құдықтың басында мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зиаратқа ағылып келіп жатады…

2019 жылы Үкаша ата кесенесінде «Үкаша ата тарихы» музейі ашылды. Музейге құран кітаптар мен Үкаша атаға қатысты аңыз – әңгімелер және суреттер, Үкаша атаның шежірелері, VІІ-ІХ ғасырларға тән құмыралар, VІІ –ХІІІ ғасырларға тән диірмен, XIX-XX ғасырларға жататын мыс құмғандар және тағы да басқа жәдігерлер, Үкаша ата кесенесін қалпына келтіріп, айналасын абаттандырған алғашқы шырақшы Кәміл қары мен оның жәрдемшісі Атажанның суреттері, өлкенің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер мен музей жанашырларының сыйға тартқан көне әшекей бұйымдары, тарихи кітаптар қойылған.

-“Кәміл қары мен Атажан атамыз осы жерге түнеп, моланың үстіне асармен үлкен кесене тұрғызған. Осы жерге тал егіп, бұлақтың суымен айналаны көгертіпті. Ол 1947 жылдың басы болатын. Біз де көмек беріп, аталарымызға қолғабыс жасағанымыз есімде. Жәрдемге көп адамдар келді. Аттылы – жаяу адамдар қона жатып, көмектесіп, әрі зиярат жасайтын”,- дейді Кәміл қарының ұрпағы Толқын Құдайбергенұлы.

Тағы бір аңызды тыңдайық: «Үкаша атаны жау жеңе алмаған. Ол тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді».

Осы тылсым табиғаты тұнып тұрған өлкеге барып қайттық. Түркістан қаласынан 60 шақырымдай аумақта, «Серт» деп аталатын елді мекеннен 12 шақырым жерде орналасыпты. Алыс-жақыннан ағылып жатқан адам көп. Еліміздің әр шалғайынан, тіпті шетелден де.

Шырақшысымен пікірлестік. «Арнайы іздеп, интернеттен тауып, халық жиі келеді. Дегенмен, еңселі етіп кесене бой көтерсе, ол жерден құдыққа дейін аспалы көпір салынса, келушілер қатары бұдан да көбейер еді. Туристер саны артса, елдің, жердің тарихын жан-жақты насихаттар едік» дейді ол ұсынысын жеткізіп.

Турист демекші, Түркістан облысындағы аты белгілі «Сарыағаш» шипажайында тынығатын демалушылар бұрын алғашқы тәу ету сапарларын Сайрамдағы бабтардан бастайтын. Сарыағаштағы «Ер-дәулет» компаниясының мәліметінше, 5 жылдан бері шипажайға келушілер ең алдымен Үкаша ата кесенесіне барады екен.

Айтпақшы, Үкаша атаның кесенесі маңайында құдық бар. Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің мәліметінше, жылдан-жылға зиярат етушілердің де қатары ұлғайып келеді. Тарихи жерге тек қазақстандықтар ғана емес көптеген шетелдік туристер де ынталы. «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде алынған, жалпы көлемі — 90 гектар жерді қамтитын Үкаша ата кесенесі мен құдығына барар жолға 5 жыл бұрын асфальт жол төселіп, абаттандыру жұмыстары жанданды. Зияратшыларға арнап арнайы демалатын бастырмалар мен орындықтар орнатылып, автотұрақ пен алаң және әжетханалар ретке келтірілген.

– Осы орайда, халықаралық тарихи, рухани байланыстарды дамытуға арналған бірқатар жұмыстар қолға алынып, қарқынды түрде кірісу үстіндеміз. Туризм саласын дамытып-келушілердің ынтасын арттыру тек аңыз-әңгімелерді ғана насихаттау емес, тарихи орындардың көркі мен келбетін жақсарту, халыққа жайлы жағдай жасау. Осы мақсатта Үкаша ата кесенесі мен құдығы аймағында қуатты электр жүйесін тарту, ауыз суға арналған құдық қазу, абаттандыру сынды көптеген мәселелер «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің негізгі күн тәртібінде тұр. Арнайы құбырлар тарту арқылы ағын су жүргізіп көркейту, көгалдандыру жұмыстары қарастырылуда. Мұның бәрі келушілерге, яғни туристерге сапалы қызмет көрсету үшін іске асырылуы тиіс шаруалар, – дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің өкілдері.

Бұған дейін, зияратшылар мен саяхатшылардың кесенеден 2 шақырымға жуық жердегі Үкаша ата құдығына қатынауы әжептеуір әуре-сарсаңға салатын. Себебі, қос араның қашықтығы жаздыкүнгі ыстықта, көктем-күз айларындағы лай-батпақта жаяу адам түгілі көліктегі кісіні де қажытатын. Меккедегі зәм-зәм суының қасиетімен бірдей саналатын қыр басындағы құдыққа ағылған жұртшылық жуырда ғана төселген жаңа жол мен абаттандыру істеріне алғыстарын білдіруде.

Несін айтамыз. Түркістан облысына келіңіз! Киелі мекеннің кереметін өз көзіңізбен көріңіз! Қазіргі уақытта Үкаша ата қабірі басына тұрғызылған кесене тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынған. 2012 жылы облыс әкімдігінің қаражатымен кесенеге дейін арнайы жол салынған. 1990 жылдары ауыл ақсақалдарының күшімен ол жерден қайта құрылыс салынып тәу ететін орынға айналыпты. 1996 жылы Облыстық Мәдениет басқармасының бұйрығы негізінде «Әзірет Сұлтан» музейі қарамағына берілген. Кәсіпкерлер көмегімен 2012 жылы мұнда мешіт, арнайы 4 бөлмелік тұрғын-жай салынған. Түнеу құны бір адамға тәулігіне – 2 мың теңге.

Бүгінгі сапарымыздағы жолжазбамызды белгілі ақын Дәурен Айманбеттің «Үкаша ата» өлеңімен түйіндейік:

– Қылыш шаппас, оқ өткізбес сүйегі,

Өткен екен бір мұсылман киелі.

“Аңыз адам” дейді оқыған үлкендер,

Мойындаған тек Жаратқан иені.

Қарт Қаратау әулиелерге кенде ме,

Қара екен деп қарабайыр жер деме!

Бір кездері мұнда Үкаша сахаба,

Күн кешіпті, ұқсамайтын пендеге.

Деректерге сүйенетін болсаңыз,

Ер Тұранда жатыр сансыз қанша аңыз.

Үкаша ата мазарына соғыңыз,

Түркістанға қонақ бола қалсаңыз.

Жақсы істердің боларындай дауы мол,

Жақсылардың келмейді ме жауы мол.

Ерек жандар сынға төзім келе ме,

Сүріпті өмір ауыр ол.

Жақсылық пен қу жамандық аразда,

Ұрын келіп пышақ ұрар жан аз ба?

Қылыш шаппас әулиенің бір күні,

Басын апты таңертеңгі намазда.

Білмеймін ғой, оқиға бұл болған ба,

Ертегіге ұқсап кетсе таң қалма.

Сүргендігі Үкашаның – ақиқат,

Қалған жағы аян енді Аллаға.

Келушілердің бірі киелі жерге демалыс іздеп саяхаттап келсе, енді бірі Алладан жалбарынып, құдық суынан жанына шипа іздеп келеді. Ресейден, Қырғызстаннан келетін туристер саны көп дейді шырақшы. Келген қонақтар кейде 2-3 сағаттап кезегін күтіп тапжылмай тұрады екен.
Тау баурайында орналасқан құдықтың маңайы салқындау екен. Бой жылытып, шай іштік. Одан әрі жолға шықтық.

Саламат Айбар

Leave a reply