Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауында:
– Білім саласы ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады.
Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.
Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі, – дейді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін де мектепке, орта білімге қатысты бірнеше бағдарлама болған. Алайда, нақты нәтиже көре алған жоқпыз. Дегенмен, білім саласында бұған дейін байыпты бағдарламалардан көрі, халықты хайпқа бейімдеу көбірек болған секілді. Әйтпесе әліппені оқу бағдарламасынан алып тастау, жыл сайын оқу жылы басталарда хиджаб пен форма мәселесі, үштілді оқу т.б. қарапайым халыққа білім беруден гөрі көпсөзділікке, әрдеңені сылтау етіп, болатын жағын емес, болмайтын, «өнбес дауды өспес ұлға» қудырып қоятын.
Бүгінгі таңда елімізде төрт ауысыммен оқитын мектептер бар. Ал апатты мектептер жайлы айтпаса да белгілі. Еліміз бойынша мектепке мұқтаж оқушы саны 200 мыңнан асады. Қазіргі демографиялық жағдайды ескере отырып, бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 1 млн-ға жетуі мүмкін деген болжам жасауға болады.
Осыған орай Сауран ауданына қарасты «Шаға» ауылдық округінде орналасқан Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін мектепте «Жақсы бала – ата-ана қуанышы, мектеп мақтанышы» тақырыбында «Ашық есік» күні өткізіліп, мектеп табалдырығын ерекше толқынысты көңіл- күймен аттадық. Салтанатты іс- шаралар легі арнасынан асып-төгіліп жатыр екен.
Бір емес, бірнеше іс-шаралар жоспарланыпты. Театр саңлағы, профессор, ұстаз «Әшірбек Сығай» залының ресми ашылуы болды. «Жақсы бала – ата-ана қуанышы, мектеп мақтанышы»- атты «Ашық есік» күніне келіп жатқан ата-аналардың жүздері де жарқын. Бұл ауқымды іс-шараны өткізудегі мақсат – бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнын бағамдау, мектеп пен ата-ана арасында тығыз байланыс орнату, оқушылар игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан заманауи үлгідегі тың жоба, озық технологиялармен таныстыру.
Ұлағатты ұстаз-профессор, атақты театр сыншысы Әшірбек Сығай мектебі ең алғашқы оқушыларын 2021-2022-ші оқу жылы қабылдаған еді. Осы іргетасы қаланғанына небәрі екі- үш жылдың жүзі ғана болған, елімізді әлемге танытар ұрпақ өсіп келе жатқан киелі орданың көңілге тоқ санайтын ерекшелігі бірден көзге ұрып тұр. Барлығы жап-жаңа, заманауи. Қай жағыңызға қарасаңыз да, нақты жетістік пен ізденістің иісі аңқып тұр.
Бұл туралы өзін осы азғана уақыттың ішінде іскер басшы ретінде таныта білген, ұлағатты ұстаздықты бойына ұшқан ұядан, әке өнегесінен сіңірген Мереке Кенжетайқызы Алиеваның жасаған баяндамасында да жан-жақты айтылды.
«Биылғы оқу жылында Сауран ауданы бойынша алғаш рет Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұсынысымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қолдауымен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» әлеуметтік жобасына қатысушы мектептер тізіміне енді. Жоба ДББҰ «Тұрақты Даму Қоры» қоғамдық және «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп іске асырылуда. Аталмыш қордан мектепке 250 млн. тг көлемінде материалдық-техникалық базаны жаңартуға ұсыныс жасалып, өздеріңіз көргендей мектеп түгел жабдықталды. Бұл жобаға енудегі мақсаты: «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасын іске асыру, еліміздегі ең үздік мектептермен тығыз серіктестікте ауыл мектептерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ кәсіби білім беру саласында тең жағдай жасау арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға көмектесу, педагогтердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылығын арттыру, мұғалімдерді дамыту және ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жабдықтау болатын», – деді Мереке Кенжетайқызы.
Керемет жиһаздармен, тіпті кейбірінде бұрын көрмеген технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап көрген жиынға қатысушылар шын мәнінде таң-тамаша қалды. Алғашқы әскери дайындық кабинетінде 10-сынып оқушысы Д. Рысбаеваның автомат- қаруды отыз үш секунд ішінде шашып- қайта құрастырғанына куә болып, келешекте ару қыздарымыздың бұл салада да биіктен көрінетініне тәнті болдық.
Мектеп психологтары С.Атабаева мен М.Ақжігітованың ата-аналармен өткізген «Сіз балаңыздың қандай жетістікке жеткенін қалайсыз?» – деген тақырыптағы тренингі де «мектеп – бала – ата-ана» байланысындағы көптеген жайттарды білуге, өзара түсінісуге, келешекке жоспарлы жобаны қауымдаса, ақылдаса отырып жүргізуге бағытталған үлкен жолдың бастауы болды.
Аталған тренинг кезінде аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен жас ана, осы білім ордасында үш бірдей перзенті оқып жүрген Құралай Рахимбергенова да жалпы ұстаздар қауымына, балаларының осындай келбетті мектепте білім алуына мемлекет тарапынан жағдай жасалғанына ризашылығын білдірді.
Осы орайда шығармашылық ізденісті мұрат тұтқан ұстаздар ұжымының «Ашық есік» күніне тиянақты дайындығының белгісіндей, «Ең қамқор әке», «Ең керемет ана» номинациялары бойынша мектептің қоғамдық өміріне, балалардың оқу-тәрбиесіне белсене араласқан бір қатар ата-аналар марапатталды. Солардың арасында үлгілі оқушы бала тәрбиелеп отырған ана Ахаева Ұлжан Тұрдықұлқызы да «Алғыс хатта» жазылған: «Сіздің отбасыңызда мақсаты айқын,өмірлік ұстанымы берік, еңбекқор азаматтар өсіп келеді..»- деген сөздерді оқып, марқайып тұрды сол жерде.
Сахналық-мерекелік іс-шара барысында көпшілік назарына «Жаңа бағыттағы заманауи мектеп жетістіктері» туралы толыққанды мағлұматты бейне таныстырылымы ұсынылды.
Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Сауран аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, Шаға ауыл округінің әкімі Ырысғалы Жұманов, Сауран аудандық мәслихатының депутаты Ерсұлтан Елеуов, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алишер Абдукаримов, Ә.Сығай атындағы мектептің қамқор да ардақты ұстаз анасы Гүлнар Иманбердиева, сондай- ақ ауылдың «ақылды қария – ағынды дария» қазына – қарттары, ауыл ақсақалдары сөз сөйледі. Тілектерін айтты. Толғандырған ой- пікірлерін ортаға салды. Келушілер «Жаңа идея, жаңа жоба, жаңа Қазақстан» ғылыми жобалар көрмесінен де мол мағлұмат алды.
2. «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын!»
Театртанудың «тірі шежіресі», арғы- бергі тарихты таразылаған танымы талайға таңдай қақтырған заңғар білім иесі, драматург, көрнекті театр сыншысы, зерттеушісі Әшірбек Төребайұлы Сығайдың осы бір ауыз сөзінен халқының хас өнеріне бүкіл ғұмырын арнаған біртуар перзентінің бүкіл болмысы, мақсаты, өмірінің мәні айқындалып тұр. Сондықтан да, осы жолда аянбай еңбек еткен аяулы азамат, халқының сүйікті перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атындағы білім ордасынан «Әшірбек Сығай» залының ашылуы – өмірдің талабы, халықтың қалауы. Бұл – елім деген азаматқа көрсетілген құрметтің бір ғана тамшысы.
«Жақсы бала – ата-ана қуанышы, мектеп мақтанышы» тақырыбында өткен «Ашық есік» күні аясында «Әшірбек Сығай» залының ресми түрде ашылу салтанаты да өткізіліп, өнер иесінің үлкен ұлы, атақты продюсер Қанат Төребай арнайы келіп қатысып, сөз сөйлеп, әке мұрағатынан әкелген бірнеше кітабын мектеп кітапханасына сыйға тартты. «Естелік- тілектер» кітабына қолтаңбасын қалдырды. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, ғалым, ұстаз , сазгер, талант иесінің жақын туысы Бекжігіт Сердәлі, Әшірбек ағамыздың тай- құлындай тебісіп, бірге өскен бала күнгі досы Сейдулла Адыршаев және тағы басқа көз көрген ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері лента қию рәсімін жасады. Көл- көсір естеліктерімен бөлісті. Ел ардағына жасалған құрметке алғыс сезімдерін білдірді.
«Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық етуге арнап, көп шәкірт тәрбиелеген профессор-ұстаз, менің әкем – Әшірбек Сығайдың аты осы мектепке берілгеніне қуаныштымыз! Сүйінші жаңалықты естіп, «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген ғибратты сөз бекер айтылмағанына тағы да көз жеткіздік. Мен өз отбасымыздың атынан әкеміздің есімін жаңғыртып отырғаны үшін, Түркістан облысы мен Сауран ауданы басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Әшірбек Сығай атындағы мектепке тілейтінім – білімді, талапты, талантты оқушыларыңыз көп болсын»,- деді Қанат Әшірбекұлы сөйлеген сөзінде.
Сондай- ақ, ол «Әшірбек Төребайұлының қазақ театрын дамытудағы рөлі» атты ғылыми жобаны қорғаған 9-сынып оқушысы Еркебұлан Аманкелді (ғылыми жетекшісі (Алиева Мереке Кенжетайқызы) мен «Ел мақтанышы – Әшірбек Сығай» тақырыбында ғылыми жұмыс қорғаған 4-сынып оқушысы Мақсат Нұрисламның (ғылыми жетекшісі – Мұрат Жібек Бекжігітқызы) жан-жақты ізденген білімдеріне қызығушылық танытып, сауал қойып, өте риза болды.
Бір сөзбен айтқанда, Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін орта мектепте өткен бұл күнгі іс-шараның тағылымдық мәні де, берері де, алдағы уақытқа артар жүгі де мол.
Бұл күні атқарылған іс-шараның өн бойы мектеп оқушыларының күшімен топтастырылған ән-бимен, білім ордасының мақтанышы – «Назқоңыр» ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы күйлермен өрнектеліп, келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сөз соңында, біз де өз тарапымыздан, жаңа заман ағымына сай жаңа жобамен жұмыс істеп жатқан білім ордасынан білімді, өнерлі, саналы ұрпақ қанаттанып, ұша берсін деп тілейік.
Жиын соңында ата-аналар кері байланысқа шығып, «Арман» бәйтерегіне ұсыныс-пікірлерін, ізгі лебіздерін жазып қалдырды.
Серікбай ӘМЕТОВ.