СОЗАҚТЫҚ ШАРУА ҚЫМЫРАН САТЫП, ТҮЙЕ ТҮЛІГІН 500-ГЕ ЖЕТКІЗІП ОТЫР

0
83

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін айтқан болатын.

«Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», – деген еді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Созақ ауылының тумасы Нұрбол Бейсүгіров ауылдан 20 шақырым қашықтықта түйе шаруашылығымен айналысады. 1970 жылдары негізі қаланған шаруашылықты дамыту мақсатында 2004 жылы «Нұрбол» шаруа қожалығын құрған.

Бұл – үш ұрпақтан жалғасып келе жатқан ата кәсіп. Созақтық шаруа бүгінде түйе басын көбейтіп, аудан халқын сапалы қымыранмен қамтып отырғандардың бірі. Бүгінде шаруашылықтың негізгі бағыты – айыр өркешті «Вactriаnus» түйесінің санын арттыру. Шаруа қожалық 156,69 гектар аумақты қамтып отыр. Оның ішінде 150 га – жайылымдық, 3,19 га – шабындық, 3,5 га – суармалы жер. 8 адам жұмыспен қамтылып, қолайлы жағдай қарастырылған. Баспана және шаруаға қажетті техникалармен жабдықталған. Қазіргі таңда 30-дан астам түйені екі мезгілден сауып, тұрғындарды сапалы қымыранмен қамтып отыр.
– Шаруашылықтың ішіндегі тиімді бағыттарының бірі – түйе түлігін асырау. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағуды, күтімді, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімді. Сонымен қатар, түйе еті мен сүті күнделікті сұранысқа ие өнімдер. Бұл кәсіппен ең алғаш атамыз айналысты. Содан бері бұл ата кәсіпті жалғастырып келеміз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Нұрбол Бейсүгіров.

Қожалық иесі 2009 жылы айыр өркешті «Вactriаnus» түйе кәсібін дамыту бойынша мемлекет тарапынан субсидия алған. Бүгінгі таңда мұнда 500-ге тарта түйе, 100-ден астам жылқы бар. Алдағы уақытта республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсібін жандандыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде қымыран өндірумен ғана шектелмей, ет өнімдерімен де айналысады.

Leave a reply