СОЗАҚ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЖОЛҒА ҚОЙҒАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САНЫ АРТУДА
Созақ ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың саны артып келеді.
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған кәсіпкерлердің шаруашылығымен танысып, кәсіп иелерімен пікір алмасты.
Бүгінде Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Өткен жылдың қараша айында 850 келі толстолоб балығын салып, қазіргі уақытта өнімін сатуға дайындауда. Шабақ күйінде жіберілген балықтар 2-3 келіге дейін ет жинаған.
Сонымен қатар, шаруашылықты жолға қойған кәсіпкердің қатарында Амангелді Әділжан да бар. 8,3 млн теңге жеңілдетілген несие алып, өткен түні 10 000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Тоғанның аумағы 15 сотық, тереңдігі 2 метрге дейін барады. Бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер келешекте қосымша 3 тоған қазып, шаруашылығын арттыруды жоспарлауда.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 7 азамат 56,6 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамытушы кәсіп иелері 25 000 форель, 30 000 сазан, 4 000 толстолоб, барлығы 59 000 балық өсіруде.
Бұған қоса, 3 азамат ауыл шаруашылығы жайылым жерлерінің мақсатын балық шалуашылығына өзгерту жөнінде өтініш қалдырған. Бұл азаматтар алдағы уақытта өз қаражаты есебінен кәсібін ашуды жоспарлауда.