СОЗАҚ: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА САЛЫНЫП ЖАТҚАН 900 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА

0
56

«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстарының барысы бақылауда. Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, ең алдымен құрылыс сапасына қатысты талаптарды қатаң сақтап, әрбір жобаға мұқият болуды ескертті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта нысанның ішкі жұмыстарымен қатар, сыртқы фасадын травертинмен қаптау жұмыстары жүруде. Құрылысқа 150-ге тарта адам жұмылдырылып, жұмыс қарқыны өндірістік кестеге сай өрбуде. Жаңа мектептің техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғайтылып, робототехника кабинеттері, зертханалар, хореография залдары қарастырылмақ. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады. Жайлылық пен тиімділікті қаматамасыз етіп, мектепішілік кеңістік ыңғайлы болу мақсатында бастауыш сыныптар, орта, жоғары буын оқушылары үшін жеке блок жасалады.

Түркістан облысында демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты оқушы орындарының тапшылығы сезілуде. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ең көп оқу ошағы осы өлкеде тұрғызылады.
Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы биыл қолданысқа берілмек, олардың 19-ы есіктерін қыркүйектің бірінде айқара ашпақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады.

Жалпы Түркістан облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. Мектептердің жобалық қуаттылығы – 49 000 орын, 2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін әкімдіктің жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізбек. Мәселе тұрақты бақылауға алынған.

Leave a reply