Thursday, November 21

Солтүстікке қоныс аударушыларға қандай материалдық көмектер көрсетіледі?

0
119

Жыл басында 2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасы әзірленді. Биыл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған бағдарлама бойынша Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар үшін 6587 отбасыға квота белгіленіп отыр.

«AMANAT» партиясының Түркістан облысына қарасты филиалдары бағдарламаны кеңінен насихаттау, еңбек күшінің ұтқырлығын арттыру және ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысып келеді. Жанданған жобаны түсіндіру мақсатында Сайрам ауданында тұрғындармен кездесу өтті.

Жаңадан құрылған Абай облысының делегаттары Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғындарымен кездесу үшін арнайы келді. Манкент ауылдық округінде өткен жиынға Бородулиха аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Байболова, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» маманы Е.Хусайнова, Бородулиха ауданына қарасты Степной ауылдық округінің әкімі Ә.Жүнісов, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы А.Әбдіқадыров, Манкент ауылдық округ әкімі А.Сайтмуратов қатысты.

Кездесуде жергілікті тұрғындарға бағдарламаның жаңа тәсілдері, қоныс аударған азаматтарға қарастырылған мүмкіндіктер түсіндірілді. Атап айтқанда баспанамен қамту, жұмыс орындары, мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай және кәсіпкерлік қолдау түрлері айтылды. Енді әлеуметтік келісімшарт бойынша қоныс аударушылар өңірде 5 жыл тұрақтауы тиіс. Яғни 1 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды. Бұл да өзгерістердің қатарында. Делегаттардың хабарлауынша, Үкімет тарапынан қоныс аударушыларды қолдау бойынша атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайту да қарастырылуда.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан қызығушылық танытқандар табылып, 13 отбасы көшуге ниет білдірді. Түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілсе, бұл көрсеткіш артады деп күтілуде. Өйткені, былтыр тиімді ұйымдастырудың нәтижесінде Сайрам ауданынан 42 отбасы құрамында 141 адам қоныс аударған. Ал облыс көлемінде 2022 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша 112 отбасы, яғни 354 адам Солтүстікке көшкен.

1.Қоныс аударушыларға көрсетілетін материалдық көмектер:
– әрбір отбасы мүшелеріне 214 410 теңге (70 АЕК);
2.Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге субсидия қалалық жерлерге:
– 1 адам үшін 61 260 теңге (20 АЕК);
– адам саны 2-4 дейін 76 575 теңге (25 АЕК);
– адам саны 5 және одан көп 91 890 теңге (30 АЕК) төленеді;
Ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін 45 945 теңге (15 АЕК);
– адам саны 2-4 дейін 55 134 теңге (18 АЕК);
– адам саны 5 және одан көп 64 323 теңге (21 АЕК) төленеді;
3. Ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үй салу (100 кв.м) шығыстарын 50%- ға дейін субсидиялау;
4. Бау-бақша өсіруге 1 гектар жер қарастырылады.

Leave a reply