СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР
Ауыз су мәселесі халық тұрмысындағы өзекті саланың бірі. Тұрғындардың сапалы ауыз су тұтынуын қамтамасыз етуде елеулі жұмыстар жасалатыны мәлім. Халық денсаулығы мен жарқын өмір үшін маңызды қызметтер санатындағы су мәселесі Түркістан қаласында да жиі қозғалатын тақырып. 2025 жылға қарай мемлекет халықты сумен жабдықтау қызмет-терімен 100% қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Осы бағыттар бойынша бүгінде Түркістан қаласының халқын 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету іске асырылуда. Қара судың қадірі қалалықтар үшін аса маңызды. Әсіресе көпқабатты үйлерде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен тұрғындардың суды орынсыз пайдаланып, ысырапшылдыққа жол беруінің кесірінен су жетіспеушілігі орын алатын жағдайлар да аз емес. Ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар жаңалықтар бар ма? Соған тоқтала кетсек.
Түркістан қаласын сумен жабдықтау қызметін көрсететін «Түркістан-Су» МКК 24 сағат тоқтаусыз, яғни, тәулік бойы 39 180 тұрғын және 629 әлеуметтік нысандарды таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Кәсіпорын басшысы Кеңесбек Снабаевтың айтуынша, шаһардағы таза ауыз су Кентау қаласынан «Шобанақ» су қоймасындағы 40 000 м3 су жинағыш қоймасы арқылы 800 мм, 2 су құбырымен тасымалданады. Атап айтсақ, таза ауыз су әкімшілік іскерлік орталықтағы көпқабатты үйлердің тұрғындары және әлеуметтік нысандар үшін су жинағыш қоймасына құйылып, 2-ші көтерімдік насостары арқылы пайдалануға беріледі. Бүгінде қаладағы су тарифтеріне қосымша сарқынды су тарифтері біріктіріліп, тұрғындарға тиімді баға ұсынылған.
– 2022 жылдың 1 қаңтарына «Түркістан-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсететін жалпы су құбырлары қала ішінде 1738,5 шақырымды құрап отыр. Жалпы, су құбырлар желісінің 1965 – 1982 жылдары салынған 143,2 шақырымы 80% тозығы жеткен құбырлар. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары қалалық бюджеттің есебінен алмастыруда. Жаз мезгілінде күн қатты ысығанда судың деңгейі біршама азайып, су жетпей қалып жатады. Онымен қоса тұрғындар ауыз сумен бау-бақша суарады, құрылыс жүргізеді. Осыған орай ескертетініміз, ауыз суды тек ішуге ғана қолдану қажет, – дейді кәсіпорын басшысы К.Зұлпықарұлы.
Кешенді жоспар бойынша жасалынып жатқан жұмыстар да жетерлік. Қаладағы маңызды мәселеге айналған кәріз жүйелері де аталған кәсіпорын меншігіндегі жұмыстарға жатады. Тұрғындар мен жауапты сала мамандарының бақылауындағы сарқынды су жүйесі де бүгінде оң бағытта жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, 2021-2022 жылдары қалалық бюджетінің есебінен 27 430 тұрғынға кәріз жүйелері толығымен жүргізіліп, пайдалануға тапсырылғаннан кейін кәріз жүйесіне қосылған тұрғындар саны 37 173-ке артқан. Бұл жалпы жұмыстың 94,8%-ын құрайды.
Бұдан бөлек қалада 18 дана су ұңғысы және 3 топтамалы су қоймасы бар, олардың бәрі ЭЦВ – 10, 8, 6 насостарымен жабдықталған. «Сельмаг» топтамалы су қоймасындағы аумақты көріктендіру, көгалдандыру мақсатында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «Түркістан-Су» МКК теңгерілімінен алынған су ұңғылары тоқтап тұрғанын да айта кеткен жөн. Осыған орай, облыс әкімінің қолдауы бойынша 4 су ұңғымасына қосымша резервуар салынып, құрылыс тексеруден өткізілген. Ал Түркістанның қақ ортасында орналасқан «Тельман» топтамалы су қоймасында 2 дана су ұңғымасы бар. Сыйымдылығы 25м³- ты құрайтын су мұнарасына қазіргі уақытта «шолу мұнарасы» жасалуына байланысты алынып тасталған болатын. Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-Су» МКК-нан толық ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Қаламыздағы бүгінгі ахуал қалыпты десе болады. Алайда, «судың да сұрауы бар» дегендей, жерүйлерде тұратын тұтынушылардың бақша өнімдеріне ауызсуды пайдалану салдарынан бүгінде тұрғын үйлердегі тұрғындарға су жетіспеушілігі орын алатын жағдайлар бар.
Таза су учаске басшысы Болат Мусреповтің айтуынша, жаз мезгілінде ауыз су көп пайдаланылады. Себебі, қыстың бірнеше айында берілетін ауыз су көрсеткіші үшін жаз мезгілінің он күні де жетіп жатыр.
– Біздің жұмысымыз 24 сағат бойы үздіксіз жүреді. Қазіргі жаз айларында тұтынушылар көп болғандықтан, су тапшылығының алдын алуда үнемі қызу жұмыстар атқарамыз. Одан бөлек құбырлар жарылған уақытта жедел әрекет етпеген жағдайлар апатқа әкеп соғады. Осыған орай, түнде құбырларды жөндеуге бірнеше кезекші мамандар көмекке келеді. Ал апатты жағдайлар болса, таңғы 8-де жұмысшы топ келіп, арнайы техникалардың көмегімен іске кірісіп жататын күндер болады. Түркістан қаласындағы ауыз су бойынша тұрғындардың барлық арыз-шағымдарын ескеріп, қызмет көрсетуде жұмысшылар жауапты әрі жедел жұмылады деп айта аламын. Дегенмен тұтынушылардың арасында суды бей-берекетсіз шашатындары да бар. Осыған байланысты қала тұрғындары алдағы уақытта барынша суды үнемдесе деген тілегіміз бар, – дейді Б.Мусрепов.
Сондай-ақ, қазіргі таңда су желілеріндегі құдықшалардың беті ашық қалатын жағдайлар да кездесіп жатады. Мамандар кейбір тұрғындардың су қақпақшаларын ашық қалдыратынын да жасырмады. Айта кетейік, қаладағы құдықшалар саны 2022 жылдың 1 қаңтарында 10 960 болса, оның ішінде – 9 330 таза су, 1 627 сарқынды су желілерінде орналасқан. Алдағы уақыттарда сақтық шаралары күшейтіліп, қаладағы су қақпақтары тексеріліп, адамдар жиі шоғырланған аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. «Республика бойынша жиі қайталанатын апаттық жағдайдың алдын алуға түркістандықтар да өз үлесін қосып, бей-жай қарамағаны жөн» дейді мамандар. Қала халқының саны өскен сайын су тапшылығы ұлғая береді. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алып, судың ысырабына жол бермей, ұқыпты пайдалану шарт.
Дәурен ТІЛЕУХАН.