СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында тау бөктеріндегі ағын судан қуат өндіретін станцияның құрылысы аяқталуға жақын. Қуаттылығы сағатына 1,5 МВт электр энергиясын өндіретін станция чехиялық қондырғылармен жабдықталған. 2 гектар жерге орналасқан нысан инвесторлардың қаржысына салынған. Жоба құны 700 млн теңге. Станция іске қосылған кезде 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба директоры Бақберген Қалыбековтың айтуынша, мұнда су “Зақ Келес» өзенінен арнайы тартылған құбыр арқылы жоғары қысыммен келеді.
“Клапын мен трубиналарды су қысымен айналырады. Трубина бальды айналдырады. Баль келіп, электр қуатын береді. Елімізде электр қуаты тапшы екені баршаға мәлім. Бүкіл Қазақстанға қуат көзімен қамтымасақ та осы төңіректегі ауылдарды электр энергиясымен қамту жоспарымызда бар”,-дейді.
Түркістан облысы аумағында жаңартылған энергия көздерін дамытудың арнайы жоспары әзірленген. 2014-2021 жылдары аралығында өңірде жалпы қуаты 220 МВт болатын 20 жоба іске асырылды. Нәтижесінде өткен жылы жаңартылатын энергия көздері нысандарынан өндірілген электр энергиясының көлемі 357 млн кВт сағатты құрады. Биылғы жоспар 401 млн кВт сағатты құрап отыр. Бұдан бөлек Қазығұрт ауданында ірі және шағын жобаларды іске асыру үшін инвестиция тарту жұмыстары қолға алынған.
“Барлық жобаларымызды қосқанда 5 млрдқа жуық инвестиция тарту биыл жоспарға қойылды. 27 гектар индустриялдық аймақ жұмыс істейді. Қазір онда 5 жоба жұмыс істеп тұр. 11 гектарын алып отырсақ, қалған 20 гектары бос. Соған инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр”,-дейді Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Бекет Өсербаев.
Оның айтуынша, биыл Қазығұрт ауданында 65 жобаны іске асыру көзделген. Одан бөлек аудан көлемінде 15 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған 10 мыңға кәсіпкерлік нысан бар.