Тазалық бәрінен бұрын өзімізге керек
Әдемілікке әуестенбейтін адам жоқ. Мәселен, көше бойынан, жол жиегінен әдемі гүл көре қалсақ, міндетті түрде мойын бұрып қараймыз. Бұталары қырқылып, жан-жағы жып-жинақы болып тұрған жасыл желекке де еріксіз назар аударамыз. Бір сөзбен айтқанда, сұлулыққа сүйсінбейтін, тазалыққа тамсанбайтын адам кемде-кем.
Рас, айналадағы әсем көріністер адамды ерекше әсерге бөлейді. Тәулік бойғы көңіл-күйіңнің қандай болмағына да көз алдыңдағы көріністің әсері зор. Жаздың аптап ыстығында жасыл желекті көрсең жаның жай тауып, тынысың кеңіп сала береді. Демек, бұл баланың эстетикалық талғамын қалыптастырып, тәрбиесіне де оң әсер етеді деген сөз. Бірақ, бір өкініштісі, өмірімізде ерекше маңызға ие тазалықты сақтауға келгенде көбіміз салғырттық танытып жатамыз. Мұны өз ауласын мұнтаздай таза ұстау үшін таңалакеуімнен тұрып, есік алдына су сеуіп жүретін Мәдина апай да жоққа шығармайды. Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесіндегі №8-А үйдің 9-пәтерінде тұратын Мәдина апайдың айтуынша, тұрғындарды тазалыққа үйрету үшін біраз тер төккенге ұқсайды. «Ауланың тазалығы адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Сол үшін таңертең ерте тұрып, ауланы тазалаймын, гүлдерге су құямын. Осындағы тұрғындарды ұйымдастырып, сенбілік жасадық. Орындықтарды сырлап, ағаштардың түбін ағарттық. Ауламыздың сәні кіріп қалған соң осында келіп дем алғысы келетіндердің қатары көбейді. Көзден сәл таса қалдырсаң отырған жеріне шемішке шағып, бүлдіріп кететіндер бар. Сол үшін балконнан қарап, аулада жүргендерге тазалық сақтауды ескертіп қоямын. Алғашқыдағыдай емес, қазір адамдар тазалыққа үйренді. Ең бастысы, көршілер де еңбегімізді бағалап, құрмет тұтады» деді ол.
Иә, жекелеген жер үйлерді таза ұстау аса қиын емес. Ал, көпшілік шоғырланған көпқабатты үйлердің ауласын таза ұстау үшін Мәдина апай сияқты белсенді болу керек. Бірақ, мұндай белсенділер әр ауылдан, әр ауладан табыла бермейді. Тіпті, тазалық сақтауды, тәртіп орнатуды жергілікті әкімдерге басыбайлы жүктеп қойғысы келетіндер де жоқ емес. Таяуда Келес ауданына барғанымызда азық-түлік сататын дүкеннің алдын арамшөп басып кеткен сатушыны сөзге тарттық. «Көше тазалығына жауапты мекемелер бар. Біз дүкен ашып, сауда жасап отырсақ, тиісті салығымызды төлеп отырмыз. Сол салықтан олар айлық алады. Сол үшін тазалық пен тәртіпке де жауап берулері керек» деген сатушы келіншекпен сөз таластыруға құлқымыз болмады.
Сенбілік ұйымдастырып, жұмыстан шеттетілген
Сенбілік ұйымдастырған облыстағы бір мектеп директорының жұмыстан шеттетілгенін елдің біразы біледі…
Шындығына келгенде, бұл міндетті бір мекемеге жүктеп қойып, олар тазалап кеткенше шөп басын сындырмай, қол қусырып қарап отыра беруге де болады. Бірақ, тазалық пен тәртіп ең алдымен өзімізге керек емес пе?! Ендеше, төңірегіміз бен тұрған жеріміздің таза болуына неге өзіміз де атсалыспаймыз? Әйткенмен, жаңағыдай «біртүрлілеу» көзқарастағы адамдар барда, тазалықты талап еткенің үшін «істі» болып кетуің де ғажап емес. Жаңа да айттық, енді таратыңқырап айтайық, осыдан бірер ай бұрын Сары-ағаш ауданындағы бір мектеп директоры сенбілік ұйымдастырып, соңы оқушылар мен мұғалімдердің бояудан жаппай улануына ұласып, біраз адамның басы дауға қалды емес пе?! Осыны көріп-біліп отырып, мұндай тәуекелге кім бара қойсын?! Бір ғажабы, сол оқиғадан кейін көп ұзамай елімізде «Таза Қазақстан» акциясы қолға алынып, әр апта сайын жер-жерде жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырыла бастады. Оған шенді-шенеуніктер де, мектеп мұғалімдерінен бастап оқушыларына дейін атсалысып жүр. Нәтижесі жаман емес, ауыл-аймақ көптен бері үйіліп қалған күл-қоқыстан арылып, тынысы кеңіп қалды. Көше бойларына көшет егіліп, аулаларда алқызыл гүлдер қаптады. Мұның өзі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған іс-шараның оңтайлы жүзеге асырылып жатқанын аңғартады.
«Әкімнің міндеті аула сыпыру емес»
Рас, әкімнің жұмысы аула сыпыру емес. Бірақ, елді тазалық пен тәртіпке шақыру үшін өзі де бел шеше іске кірісетін кездер болады. Яғни басшы өзі бастап елді ұйымдастыра білгенде ғана әрекет нәтижелі болмақ.
Неге екенін, тазалық, тәртіп, сенбілік туралы сөз қозғалса көз алдымызға айналасына бес-алты нөкерін ертіп, көше аралап жүрген әкімдер елестейді. Әр қадамын суретке түсіретін «прессектерінің» әбжіл әрекетімен ол әйдік кадрлар бірінен соң бірі әлеуметтік желілерде жарияланып, ақпараттық сайттарда қаптап кетеді. Аудандағы «ақ үйге» барып, жұмысы бітпей қайтқан шаруа оған қарап отырып ашуланады. Өткенде бір ауданға барғанымызда қолтығына папка қыстырып алған кісінің: «Әкімнің негізгі міндеті ауданға инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу емес пе?! Елдің әлеуметтік жағдайын түзеу үшін екі қолға бір жұмыс тауып беруіміз керек. Жерінің біраз бөлігі игерілмей, өндіріс орындары тоқырап қалған ауданның ертеңі не болмақ? Обалы не керек, орталық көшелерді сырлап, әктеп, сәндеп, біздің әкім жалындап-ақ тұр. Уақытпен санаспай жұмыс істейтінін де білеміз. Бірақ, көшенің тазалығын «айналдыра» бермей, бір мезгіл ауыл шаруашылығы, өндіріс саласына да мойын бұрса дұрыс болар еді» деп бара жатқанын құлағымыз шалып қалған болатын. Мұны іскер әкімнің «адресіне» айтылған ілтипат деп те, керісінше, ертелі-кеш арзан ұпай үшін көше аралап жүруден басқаға бет бұрмаған икемсіз басшыға жасалған базына деп те қабылдауға болады. Қалай айтқанда да, құлағымыз шалған бұл сөзден де бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін аңғаруға болатындай.
Иә, тазалықты иманның жартысына балап жатамыз. Жоғарыда айтқанымыздай, береке-бірліктің бастауы да осынау тазалық пен тәртіптен басталатынын жоққа шығаруға болмас. Бірақ, оны әлдекімдерге міндеттеп қоймай, тазалықтың сақталуы, тәртіптің салтанат құруына әрқайсысымыз өзіміздің қал-қадерімізше үлес қоссақ, тіпті жақсы болар еді.