Тазалық сақшылары Түркістанның түлеуіне үлес қосуда
Түркістан қаласы аумағы 6 тұрғын алабына (сектор) бөлінген. Осы тәртіппен әрбір тұрғын секторда жеке кәсіпкерлер қосалқы мердігер ретінде тартылып, қала көшелерін тазарту, қоқыс алу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, Түркістанның санитарлық тазалық жұмыстарымен «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС мен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС айналысады.
2006 жылы іргесі қаланған «Шымкент Спец Комплекс» ЖШС-і 17 жылдан бері Шымкент қаласының санитарлық тазалығымен айналысатын нарықта өзіндік орны бар мекеме. Біздің компания - қоқыс шығару және абаттандыру жұмыстарын қолға алып, жемісті жүргізіп келе жатқан мекеме. Бүгінде біздің мекемеде 1000-нан астам қызметкер жұмыс істейтін білікті команда қалыптасқан. Сонымен қатар, қаладағы ең үлкен техникалық базамен қамтамасыз етілген, яғни 400-ден астам арнайы техникасы бар компания.
Қазір мегаполистің жалпы аумағының 70% -ында біздің компания жұмыс істейді. Біздің компания тек тазалықпен ғана емес, қаланы абаттандыру-көріктендіру жұмыстарымен де айналысады. Қала ландшафтын жақсартуда жемісті жұмыстар атқарып келеміз. Жұмыстарымыз әкімдіктің көңілінен шығып, тұрғындардың да ризашылығына бөленіп жүрген жайымыз бар. Біздің агроном-дизайнерлер қалада көпжылдық гүлдерден бастап біржылдық, екі жылдық гүлдерге дейін егіп, қаланың көркін келтіруде. Шымшаһардағы гүлді композициялар мен флористика қалалық ландшафттың ажырамас бөлігіне айналды. Кішкентай гүлзарлардан бастап керемет саябақтарға дейін қаламыздың әр орамына, әрбір бұрыштарына сұлулық пен өмірге жаңа леп әкелді десек те болады. Жалпы, біздің жұмыстарымыздың нәтижесін оқырмандар Shym_speckompleks парақшасынан толық көре алады.
Біз осы бай тәжірибемізді облыс орталығы мәртебесі беріліп, еліміздің ірі туристік һәм рухани орталығына айналуды алдына мақсат етіп қойған киелі Түркістан қаласына алып бардық. Жалпы, біздің мекеме жәдігер шаһар Түркістанның 744 көшесінің тазалығына жауапты. Бүгінде қарқынды жұмыстар Отырар, Шавгар, Яссы, Бірлік, Сауран, Бекзат аудандарында жүргізіледі. Оның ішінде санитарлық тазалау, арықтарды тазалау, жаяу жүргіншілер жолын механикалық тазалау және жуу қызметтері біздің міндетіміз. Жаңа қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын тазалау, қоқыс жәшіктерін тазалау, қоқыс шығару сияқты жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда біздің Түркістандағы базада 200-ден астам қызметкер бар. Жалпы, техникалық база толық қамтамасыз етілген, алдағы уақытта біздің мекеме техниканың санын арттыруды жоспарлап отыр. Бүгінде қала бойынша 68 көше механикалық жолмен тазартылуда.Алдағы уақыттарда оның санын арттырып, механикаландыруды жетілдіру жағын қарастырып жатырмыз. Мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңіп алған соң, келісімшарт негізінде қаладағы өзімізге тиесілі аумақта көшелерді сыпырып, лотоктың ішіне толған, аяқжолдарда жатқан қоқыстарды тазалаумен айналысудамыз. Қаладағы скверлер мен аллеяларды, көшелерді тазалау негізгі міндетіміз. Әрбір көшеден алынатын қоқыстарға жұмыс кестесі түзілген. Бұл жөнінде күнделікті атқарылған жұмыстар бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына мәлімет жолданады. Үйлерден белгіленген кесте бойынша белгіленген күндері ғана қоқыс алынады. Алайда, тұрғындар кестеге қарамайды екен. Кез-келген күні қақпасының сыртына қоқысты шығарып қойып, қала тазалығына нұқсан келтіруде. Сонымен қатар, контейнерге, арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс тастай салады. Түркістанда қоқыс тастамайтын қоғам әлі де қалыптаспай жатыр. Бірақ онымен күресіп жатырмыз. Мәселен, ақпараттық жұмыс жүргіземіз. Бүгінде, цифрлық технология заманында әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар, онда біз жүйелі түрде «Қоқысты тастамаңыз!» сынды бейнероликтер шығарамыз. Сонымен қатар, қоқысты арнайы орындарға тастамайтындарға 102 қызметіне жүгініп, полиция қызметкерлері арқылы айыппұл салдыртып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз.
Қала тазалығын сақтау қоқыстарды жинау мен жинаудың тиімді жүйесі, сондай-ақ тұрғындармен және ұйымдармен қоғамдық орындарды пайдалану ережелері мен тазалық пен тәртіпті сақтау жауапкершілігі туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыру көп ақпараттық жұмысты талап етеді. Біз осы ретте өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызда арнайы бейнероликтер дайындап ақпараттық жұмыстар жүргізіп келеміз. Бірақ, біздің үніміз қоғамға толық жетпейтіндей. Тұрғындар тарапынан әлі де болса түсініп, саналы әрекет ету жағы кемшін. Қала тұрғындары тазалық мекемелері тек көшенің және қоғамдық орындардың тазалығымен айналысатынын ұғуы керек. Тұрғындар аула сыртына тек қатты тұрмыстық қалдықты (белгіленген нормативі бар) норматив бойынша адам басына 0,5 кубтен артық емес көлемде және кесте бойынша қоқысты алып кететін күні ғана шығарып қоюы керек. Алайда, түркістандықтар тұрмыстық қалдықпен құрылыстан шыққан қалдықты бірге тастайды. Сонымен қатар, малдың қиын да тастайды қап-қап қылып жинап қояды көше бойына. Үйінен шығатын мұндай нормативтен тыс, артық қоқысты тұрғынның өзі ақша төлеп шығаруы керек. Ол тұрмақ, кейбір тұрғындар, тіпті біздің заңды қызметімізге төлемейтіндері де бар. Әрине, мұның барлығы белгілі бір қиындықтарды тудырады. Біздің қызметіміздің өзіндік шығындары бар: техниканың май-суы, кеткен ақауларын жөндету т.б. шығындарды айтпағанның өзінде қоқыс полигондарын пайдаланғанымыз үшін, қоршаған ортаға эмиссиялары үшін миллиондаған қаржы төлейміз. Дейтұрғанымен, саналы адамдар да бар. Біздің жұмысымызды бағалап, ақысын уақтылы төлеп, тазалықшыларға құрметпен қарайтындар да бар. Бұл әрине, бізді қуантады. Тазалық сақшылары таңмен таласа тұрып, қаламызды таза қалаға, туристер тамашалап тамсанатындай көзтартарлық, әсем қалаға айналдыру үшін бар күш-жігерін жұмсап еңбек етуде.
Қаланың тазалығы тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін, сонымен қатар туристер мен инвесторларды тартудың маңызды факторы бо-лып табылады. Бұл сонымен қатар қоршаған орта-ны сақтауға және қалалық қызметтің экожүйеге кері әсерін азайтуға көмектеседі. Түркістан тұрғындары осы жағына түсіністікпен қараса дейміз. Бұл мәселенің шешімі тек ақыл ой мен санаға және ақпараттық жұмыстарға байланысты деп ойлаймын. Сол себепті, сіз болып, біз болып Түркістанды таза қалаға айналдыруды халықтың санасына сіңіруіміз керек деп есептеймін.
Абдиманап Рысқұлов,
«Шымкент Спец Комплекс» ЖШС директорының орынбасары.