“ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” АКЦИЯСЫНА БӘЙДІБЕКТІК ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНЕ КІРІСКЕН

0
82

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында тазалық жұмыстары жалғасуда. Аудан орталығы Шаяндағы көшелер, өзен жағалауы, ғимарат аулаларына сенбіліктер өтуде. Әкімдік қызметкерлері ретсіз өскен шөптерді ору, талдардың түптерін әктеу, қопсыту, қоқыстарды тазалау жұмыстарын атқаруда. Тазаланған қоқыстар арнайы орындарға техникалармен шығарылды.

Экологиялық акцияға аудандағы елді мекен тұрғындары да белсене қатысып жатыр. Ауылдық округтердегі мекеме аулаларына тазалық жұмыстары жүргізіліп, ғимараттар мен шарбақтарды әктеу және сырлау, көше бойларындағы қоқыстарды тазалау жұмыстары атқарылуда. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары алдағы күндері жалғасын табатын болады.

Бұл бағытта қала көлемінде де атқарылып жатқан жұмыстар легі жетерлік. Мәселен Түркістан қаласында бүгінгі күні саябақтар саны 32-ге жетті. Бұл саялы орындардың жалпы аумағы 318 гектарды құрайды. Сонымен қатар 15 жасыл алаң, 32 аллея мен гүлзарлар мен гүл өсетін аумақтар рухани астананың ажарын ашып тұр. Бүгінде қалада саябақтар мен скверлер саны артып келеді. Соның бірі – «Бекзат» мөлтек ауданындағы Жаров көшесі бойында жаңа саябақтың құрылысы басталды.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков құрылысы басталған саябаққа барып, жұмыс барысын бақылады.
Саябақ 3 гектарға орналасады, көгалдандыру аумағы 19 460 шаршы метрді құрайды деп жоспарланған. Қазір мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, балалар алаңшасы мен стрит воркауттың негізі қалануда. Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында мұнда жүгіру жолағы, шағын сахна және автотұрақ қарастырылған.

Сондай-ақ «Бекзат» аумағында 2023 жылы құрылысы басталған А.Навои және Жәңгір хан көшелеріндегі жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы қарқынды жүруде. Қалаби көшесін 4 жолақты жолға кеңейту жүзеге асырылуда.
«Бекзат» секторында 118 көше, 5 мектеп, 8 балабақша, 1 аурухана, 84 кәсіпкерлік нысан бар. Тұрғын саны 47 мыңнан асады.

Leave a reply