«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АРЫСТА ДЕНДРОСАЯБАҚҚА АВТОМАТТЫ СУҒАРУ ЖҮЙЕСІ ОРНАТЫЛДЫ

0
78

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Арыс қаласында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тазалық жұмыстар қала әкімінің жіті бақылауында. Бүгінде Арыс қаласына кіреберісте орналасқан «Дендросаябаққа» жаңадан автоматты суғару жүйелері орнатылды. Аталған жұмыстарды «Kazakh Real Stroy» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырды.
Алдымен мұнда арамшөптерді ору жұмыстары жүргізіліп, саябақ ішіне санитарлық тазалық жұмыстары атқырылды. Енді міне, автоматты суару жүйелері іске қосылды.
Аумағы 12 гектарды құрайтын әсем саябақ алдағы уақытта қала тұрғындарының саялы демалыс аумағына айналмақ.

Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал, таза көше мен көгал саябақтар елдің айнасы іспетті. Қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Осындай мысалдарға толы «тазалық» сөзінің мағынасы терең. Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние. Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Алғашқы аптаға – «Таза өлке» деген атау берілген. Бұл апта жалпы республикалық сенбілікпен байланысты. Әр өңірдегі мекемелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғындар өздері тұрған аумақты қоқыстан тазартты.

Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.

Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!

Leave a reply