“ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” НАУҚАНЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛІП КЕЛЕДІ
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясына белсене қатысқан Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғындары санитарлық жұмыстарын жыл соңына дейін үздіксіз жалғастыратынын айтады.
Округке қарасты Мырзашөл елді мекенінде өткен бүгінгі сенбілік жұмыстарына 300-ге тарта адам мен 7 техника жұмылдырылып, жол бойлары мен гүлзарлар, тарихи ескерткіштердің аумағы шөптерден, қураған ағаштардан тазаланып, көшелер мен арық-атыздардан 30 тонна күл-қоқыс шығарылды.
«Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы. Осы орайда, ауданның барлық тұрғындарын тазалықты сақтауға және табиғатты қорғауға өз үлестерін қосуға шақырамыз. Сенбілік тек белгіленген күндері ғана емес, күнделікті жүргізіліп тұруы керек. Ол үшін әрбіріміз өз ауламызды, үйіргелік жерлерімізді таза ұстауымыз керек» дейді Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Қаршыға Ақтөреева.
Мырзашөл елді мекенінде өткен бүгінгі туған жерді түрлендіріп-көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау ісіне тек мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар ғана емес, округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары мен шекара шебін күзеткен сарбаздар да белсене қатысты.
«Туған елді, жерді түлету – тапсырма емес, жүрегі елім деп соғатын әрбір азаматтың ортақ міндеті, парызы екенін ұмытпағанымыз абзал» дейді халық қалаулылары.
Бұған дейін де қала, кент, барлық ауылдық округтердегі шешімін толық таппай келе жатқан тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен мөлтек аудан билерінің, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Одан бөлек, көпшілік орындар мен адамдар жиі жүретін жерлерге тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар да ілінген.
Бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық жұмыстарын сақтауға, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпал ететін санитарлық тазалық жұмыстары барысында 32 тонна қоқыс шығарылып, 13 техника жұмылдырылған.