“ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” ШАРАСЫ АЯСЫНДА САУРАНДА 55 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ
Бүгін Сауран ауданында «Таза Қазақстан» республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Ауданда тазалық аптасы тұрақты жүргізіліп келеді. Тазалықты жанына серік еткен саурандықтар тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.
Сенбілік жұмыстары «Түркістан-Шымкент», «Түркістан-Кентау» бағыттарындағы автомобиль жолдарының бойлары мен индустриалды аймақта және 12 ауылдық округтерінде ұйымдастырылды. Қызу тазалық жұмыстарына 300-ге жуық азамат қатысты. Әр ауылдық округ өздеріне бөлінген көше бойларындағы арам шөптерін шауып, жаяу жүргіншілер жүретін жолдың шеттерін әктеді. Сонымен қатар, автомобиль жолдарының бойындағы қураған ағаштар, бей берекет өскен шөптер шабылып, нәтижесінде 55 тонна қоқыс шығарылды. Оған 11 техника жұмылдырылды.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар жүйелене түсті. Облыс бойынша тазалық және абаттандыру жоспары бекітіліп, әр сала өкілдері ретімен тұрақты түрде сенбіліктерге шығуда.
Сенбілікте елді мекендер мен автомобиль жолдарының бойлары мен айналасын тазартып, ағаштардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтау, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту шаралары кеңінен қолға алынды. Аудан көлемінде тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіліп келеді.
Осыған дейін облыс әкімі өз сөзінде, өңірдегі елді мекендердегі кешелер мен бюджеттік мекеме ғимараттары, тұрғын үйлердің, аулалардың тазалығын назарда ұстаңыздар. Нысандарды әктеу, сырлау, жөндеу жұмыстары тұрақты жүргізілсін. Спорт, білім, мәдениет және өзге де мекемелер, мешіттер таза әрі сәнді болып, жан-жағы көгалдандырылуы тиіс. Гүлдер егілсін. Әр мекемеге жауапты басшы осы жұмысты үйлестірсін. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары аймақтарға тұрақты түрде мониторинг жасаңыздар. Ретсіз шашылған қоқыс болмауы керек. Абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүйелей түскен жөн. Полицейлер тарапынан да осы саладағы тәртіпті сақтауға қадағалау күшейтілгені дұрыс, – деген болатын. Сонымен бірге облыс әкімі тарапынан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына және жоғарыда аталған нысандардың басшыларына тазалық, абаттандыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.