ТАЙҚАЗАННЫҢ ТҰҒЫРЫНА ҚАЙТА ҚОНУ ТАРИХЫ

0
109

Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасына айналып келеді. Сан ғасырлар бойы қаншама қиындықтарды басынан өткерген Иасауи мұражайының өзі де осы жердегі тұрғылықты халық көрген небір сұмдық оқиғаларды бастан кешті. Келмеске кеткен Кеңес дәуірінің кезінде дінсіздердің демеуімен мал қораға айналған кезеңі де бастан өтті. Түркістандық атпал азаматтардың арқасында Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста араға 54 жыл салып, Эрмитаждан киелі шаһарға оралған Тайқазанның тағдырын біреу білсе, біреу білмес. Ендеше осы Тайқазанның оралуына жан-тәнін салып кіріскен Нұрмахан Назаров ағамыз арамызда жүр.

Облыс, республиканы қойып Мәскеуге, Одақ басшылығына жеделхат салып, Ленинградтағы Эрмитаждан Тайқазанды қайтаруды сұраған қайсар жан туралы айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков: «Біз білер өмірде екі Нұрағаң бар, Олардың екеуі де ұлы адамдар. Бірі оның Нұрмахан Назаров қой, Екіншісі кім еді деп сұрамаңдар» деп төбесіне көтере жырлаған еді.

Ахмет Ясауи мүзейі директорының барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, жеделхатты жеке өз атынан жолдауы ол заманда ақырған арыстанның аузына өзі кіргенмен тең ерлікке пара-пар еді. Жариялылықтың алғашқы жылдарында Түркістан азаматтары түрлі деңгейде музейге Тайқазанды қайтару туралы мәселе көтеріп жүргенді. Сол кезде Кремльге, Кеңес Одағы мен Қазақ Республикасының басшылығына жіберген мына екі хатынан соң, тура 28 күн өткенде бұйрық шығады.

Осылай Ахмет Ясауи мешіт – мұража-йының сол кездегі директоры Нұрмахан Назаров «Тайқазанды» КСРО Мәдениет министрі В.Г. Захаровтың бұйрығымен Эрмитаждан қабылдап алады. Эрмитаж мұражайының директоры, КСРО халық депутаты, КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, академик Б.Б.Пиотровскийдің қазақстандықтарға, түркістандықтарға жолдаған хатын оқып көрелік:

«Қымбатты достар! КСРО Мемлекеттік Эрмитажы Қожа Ахмет Ясауи Мавзолейінің қасиетті қазанын сіздерге шын жүректен қайтарады. Біз оны 54 жыл бойы аялап, күтіп сақтадық. Ленинград қоршауда қалған қатерлі күндерде де мұқият болдық. Енді сіздер де оны халқымыздың ұлы мәдени мұрасы ретінде сақтаңыздар».

Оқиғаның жай жапсарын сол кездегі Қожа Ахмет Ясауи музейінің директоры, қазіргі ардагер, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан НАЗАРОВтан сұраған едік.

– Нұрмахан ата, әңгімені Тай­қазанның Ленинградқа, әлем көз тігетін Эрмитажға қалай барғанынан бастайықшы?

–1935 жылы Иран өнеріне арналған халықаралық конференция Ленинград пен Мәскеуде бірдей өтті. Міне, осы алқалы жиынның көрмесіне уақытша қою үшін деген арнайы мәмілемен Түркістандағы Тайқазан аттай қалап алдыртылған екен. Негізінен сол жылдың 11-16 қыркүйек аралығында Эрмитажда, ал екі қорытынды мәжілісі Мәскеудегі Қызыл Армия үйінде өткен ІІІ Халықаралық конгрестің күн тәр­тібіндегі басты тақырыбы «Иран өне­рі мен археологиясы» еді. Әлемдік ғы­лы­ми қызығушылық тудырған осынау ке­лелі мәселені ой елегінен өткізіп зерде­леуге Австрия, Англия, Ауғанстан, Гер­мания, Голландия, Дания, Иран, Испания, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, КСРО, Түркия, Финляндия, Фран­ция, Чехословакия және Швеция сынды бар­лығы 18 елден 188 ғалым делегаттар жә­не конгрестің 153 мүшесі қатысқан. Эр­митаждың Шығыс бөлімі бойынша ұйым­дастырылған көрме 84 залды толайым толтырып тұрды дейді. Меймандар на­зарына Эрмитаждың өзінің қисапсыз қа­зына жәдігерлерімен қатар Әзербайжан, Ар­мения, Грузия, Қазақстан, Түрікменстан жә­не Украина музейлерінен әкелінген экспонаттар ұсынылады. Алдын ала бел­гі­ленген күн тәртібіне орай 46 ғылыми баян­дама жасалады. Осының ішінде КСРО тарапынан 18 баяндама ортаға салынып, онда академик А.Ю.Якубовский өзінің «Темір дәуіріндегі Орта Азия шеберлері» атты баяндамасының тең жарымын Ақсақ Темірдің Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін жасаттырған қола бұйымдарына арнайды. Айта кетсек, мұндағы қоладан жасалған бұйымдардың саны 11 екен. Яғни, бір қазан, алты шы­рағ­дан және есіктерге орнатылған төрт балға. Тайқазан туралы ғылыми тұр­ғыдағы тұңғыш толғамды сөз осы ха­лықаралық конференцияда айтылған. Тай­қазанның Конгресс көрмесіне қатысуы Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін сол налалы отызыншы жылдарда үлкен жұбаныш еді. Бағзыдан бергі Иран өнерінің құрамдас бөлігі саналған, көлемі жағынан әлемдегі ең үлкен қазанның қазақ мәдениетінің оша­ғынан табылуы да, біле білсек, арқауы үзіл­мес абырой болды.

-Ал енді осы Тайқазанның Қазақстанға 54 жыл оралмауының сыры Кеңес Одағының аз ғана ұлтқа жасалған кеудемсоқ саясатының кесірі еді деп айта аламыз ба?

– Жоқ, мұны енді кей­біреулердің тым әсіре байбалам салып айтып жүргеніндей, әртүрлі себептермен қазанның 54 жыл бойы қайтарылмай келуін кеңестік өкіметтің қазақ халқына жасаған озбырлығы, қасақана қысастығы деп қарау қисынды емес. Біз ол кезде Кеңес Одағы деп аталатын біртұтас мемлекет, бір ел едік. Бәріміздің бір Отанымыз болды. Сол үлкен Отанымызға бұрынғы аға буын да, одан кейінгі біздер де опасыздық жасаған жоқпыз, жасамаймыз да.  Ол – біздің тари­хы­мыз, тағдырымыз. Ал тарихымыз бен тағ­дырымызды жүрегімізден өшіріп тас­тай алмаймыз. Сол сияқты, Тайқазан да ортақ Отанның мүддесіне, жалпымызға қыз­мет етіп, Эрмитажда қала берсе, жарты ғасыр сонда көздің қарашығындай са­қ­талса, достық дәнекеріне айналса, одан зиян шеккен де ешкім жоқ. «Сабыр түбі са­ры алтын», түбі қайырлы болғанын көз­іміз көрді.

– Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізуімен  қатар келген қос қуанышымыздың үлкені осы Тайқазанның тұғырына қонуы болған жоқ па?

– Дұрыс айтасыз. Тарих дөңгелегінің бір сәтті айналымында бізге көп игіліктер тәңір сыйындай тартылды, тіпті, егемендік те келді. Оның бәрі, сайып келгенде, халқымыздың ғасырлар бойғы күресінің өтеуі, ешкімге иілмеген рухының жеңісі деп білсек керек. Нақ осы сабақтастықпен ғажап жәдігеріміз  Тайқазан да туған жеріне оралды. Аға буынның есінде болар, КОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір айындағы пленумы одақтас респуб­ликалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашты. Осы кезде Одақтық үкімет басшыларына Эрмитаждағы қазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттар жөнелтіле бастады. КОКП басшылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне Түркістаннан сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы да өтініш-аманаттар, талап-тілек­тер толассыз тоғытылып тапсырылып жат­ты. Әділетін айтсақ, осы жұмыстардың ба­сында кемел ақылды, қазақи қанды, ұлт­жанды мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков тұрды.

Біз де Өзағаңның қамшылауымен 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжы­мы­ның атынан, темірді қызған кезінде соқ дегендей, КСРО халық депутаттарының съе­зіне жеделхат жолдадық.

Онда былай де­лінген: «Мәскеу. Кремль. Халық де­пут­аттарының съезі. КСРО Жоғарғы Ке­ңесі төрағасының бірінші орынбасары А.И.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының еңбекшілері Ленинград Эрмитажындағы Қазанды өзінің нағыз иесіне, Ахмет Ясауи музейіне қайтару туралы Жоғарғы Кеңестен бірнеше рет өтініп сұраған едік. Мәскеу біздің өтінішімізді қанағаттандырады деп сенеміз. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров».

Осыған қоса тағы бір жеделхат жол­да­дық. Оның да мәтінін келтіре кетейік. «Мәскеу. Кремль. Халық депутат­та­­рының съезі. Қазақ КСР депутатта­ры Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шаха­нов жолдастарға. Түркістан қа­ла­­сы­ның еңбекшілері тоқырау және қай­та құру жылдарында КСРО Жоғарғы Ке­ңесіне Ленинград Эрмитажындағы қа­занды өзінің нағыз иесі – Ахмет Ясауи музей-мавзолейіне қайтару туралы сан рет өтініш жасаған еді. Осыған ықпал етулеріңізді сұраймыз. Осындай жеделхат А.И.Лукьяновқа жолданды. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров». Сол күні-ақ Жоғарғы Кеңес хат­шы­лы­ғын­дағы Воропаев деген кісінің атынан же­дел­хаттарды алдық деген мазмұнда жауап келді.

Сөйтіп Құдай сәтін салды. Осыдан дәл жиырма сегіз күн өткенде КСРО Мә­дениет министрі В.Г.Захаровтың Тай­қа­зан­ды Түркістанға қайтару туралы бұй­рығы шықты. Одан өзім ұшақпен, бір милиционер қосып, екі жүргізуші отыр­ғызып, «КамАЗ» машинасына тиеп, түр­лі өткелектерден өтіп, неше мың ша­қы­рым жол жүріп, сонау Ленинградтан Тай­қаз­ан­ды елге алып келуіміз де ұзақ-сонар қы­зық әңгіме. Сөйтіп, Қазақстанның ең қастерлі ескерткіші, Әзірет Сұлтан кесе­не­сінің бас жәдігері осылайша, 54 жылдан кейін өз еліне, өз ошағына оралды. Сон­да Тайқазан көп кешікпей келетін Тәу­ел­сіздігіміздің қарлығаш хабаршысындай бол­ған екен-ау. Міне, сол кездерде көп жыл­дардан бері орындалмай қапалы еткен халқымыздың аманат-арманын іске асы­руға болашақ Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса зор жәрдем-шарапаты тигенін айрықша атап айтуға тиіспін.

– Мәскеуге, халық депутаттарының съезі­не, нақты Лукьяновтың атына же­дел­­хат жолдау ойыңызға қайдан келіп жүр?

– Бұл енді бір күннің шаруасы емес, әбден толғағы піскен, шер-наласы еттен өтіп сүйекке жеткен мәселе еді ғой. Тайқазанның 1935 жылы Эрмитажға уақытша көрмеге қоюға алынғанын Өзбекәлі Жәнібековтен білген болатынбыз. Аупарткомда нұсқаушы болып жүр­генімде Өзағаңның тапсырмасымен Мәс­кеуге бара жатқан депутаттарға, де­легаттарға Тайқазанды қайтару жөнінде бір­неше рет хаттар да дайындағанмын. Бірақ, ол кезде нәтиже болмады. Сонау 1962 жылы Қазақстан ком­со­молының бірінші хатшысы Ө.Жәнібеков Бү­кіло­дақтық ком-сомолдың екінші хатшы­сы Е.Тяжель-никовті Түркістанға арнайы ертіп әкеліп, сонда тек діндарларға қыз­мет етіп тұрған Әзірет Сұлтан ке­се­­несін аралатқаны, Тайқазанның бұ­рын қай жерде тұрғанын көрсетіп әңгі­ме айтқаны есімде. Сол әңгімеге жас ком­сомол қызметкері ретінде мен де қа­тыс­қам. Тайқазанды қайтару Өзбекәлі аға­ның өмірлік мақсаты еді. Осы мақ­сат орын­далғанша әрекет-күресін де тоқ­тат­­пады. Аға­ның мақсаткерлігі менің де ойы­ма шуақ, бойыма қуат беріп батыл қа­дамға жі­герлендіргені анық. Осы еңбегі үшін асыл азаматқа Түркістанда ескерткіш қой­ыл­са екен деген тілегімді әрқашан айтып жү­ремін.

Тайқазан оралғанда Түркістан хал­қы­ның қуанышында шек болмады. Талай митинг, жиындар болды. Соның бірінде академик Зейнолла Қабдолов, түркістандық Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов толғана сөйлегені көз алдымда. Өзағам екі жарым ай шамасында келіп құшағына алды Тайқазанды. «Тарих – баян, сыр қылып, Айтып келем, Тайқазан! Елу төрт жыл қыдырып. Қайтып келген, Тайқазан!.. Әмір Темір кезінде Сыйға тартқан Тайқазан. Таусылмайтын несібе, Ғимаратқа, Тайқазан!» деп, қуанғаннан менің де жүрегім жырлап қоя берген. Бірақ, осы орайдағы ең бір аталы сөзді академик Өмірзақ Айтбаев айтты. «Қазақ ырымшыл халық. Тайқазанның оралуы арқылы біздің еліміздің ырысы, дәулеті қайта келді. Сонымен бірге, қазақтың бүкіл қасиеті қайтып келген сияқты. Мен Өзбекәлі Жәнібековтің ең ұлы істерінің бірі осы деп есептеймін» деді ол.

Сол айт­қандай, кенен тарихты Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болған кезеңде қасиетті Тайқазанымыздың да мәртебесі биіктеп, оны ошағына қон­дыр­ған азамат рухы да ұлықталып, ұмытылмас бей­несі шаһарымыздың бір шамшырағы бо­лар деп ойлаймын!

– Бұл әрине тарихи да тағылымдық істердің  бастауында тұрған ең күрделі әрекет болған екен. Әңгімеңізге үлкен рахмет.

Ескендір ЕРТАЙ.

 

Leave a reply