ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТҮРКІСТАН

0
78

Күллі түркі әлеміне танымал Түркістан – киелі қала.Түркістан дегенде әрбір мұсылманның жүрегінде өзгеше сезім елес беретіндей. Ең әуелі атаудың өзін ашалсақ, түрік – ел, ыстан – орын деген сөз. Сонда ол тұтас түрік орны болғаны және түріктердің ежелгі жұртының жүрегінде тұр. Түркістан қаласы бой көтерген тұстан сәл кейінірек әлемге ислам діні де жайыла бастаған. Сар даладағы сәби қазақтың көкірегіне ең алғаш иман ұялап, ауызына Алла оралған жер де осы Түркістан.

Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда керуендеріне жәрмеңкелік әрі айырбас сауданың тірек орталығы болған Сыр бойы қалаларына, оның ішінде Әзіретті Түркістанға көрші алпауыт елдердің көз тігуі ықылым замандардан бері еді. Түркістан қаласының соңғы бірнеше ғасыр ішіндегі жалпы жағдайынан бастап, 19 ғасырдың 60-жылдарына дейінгі халіне бірсыпыра қанықтыратын зерттеу А.И.Добромысловтың «Города Сыр-Дарьинской области» (1912) деген еңбегі. Автор Түркістанның 10 ғасырға дейін Иасы аталып келгенін, 12 ғасырдан қаланың даңқы өсе бастағанын, Қожа Ахмет Ясауидың қайтыс болғаннан кейін ақын қабірі зиярат ету орнына айналғанын мәлімдейді. Кішкене кент бірте-бірте шаһарға айналады. Қожа Ахметтің әулие даңқы ел билеушілерді де тартады. Ұлы қолбасшы Әмір Темір 1397 жылы Түркістанда болғанын, Ахмет Ясауи зиратының басына кесене орнатуға пәрмен етеді.

Орта Азия жеріндегі ең үлкен архитектуралық ескерткішті соқтыруға терең оймен, есеппен барған. Халықтың Ясауи зиратын әулие тұтатынын және шайрдың өлең ғибраттары ел арасында аса әйгілі екенін ұққан Әмір Темір дәл осы жағдайды өзінің алысты болжаған саясатына құрал етіп пайдалануды көздеген, бұл өнірдің халқын мұсылман дініне берілгендік рухында тәрбиелеу бір есебі болса, сахараның елін билеп – төстеуге қолайлы бір орталық тұрғызу арқылы үлкен тірек орда орнатуды мақсат еткен. Көп ұзамай, қаладығы зәулім биік әрі қиял жетпестей әсем әрі берік кесене алыс- жақын елдердің құлшылық етіп табынатын мекеніне айналды.

Шаһардың осындай саяси әрі діни-мәдени орнына қызыққан хандар мен әмірлер оны өздерінің қоластында ұстауға тырысады, қала замандар бойында түрлі билеушілердің қолына кезек көшіп отырады. 1495 жылы Темір әулетінің ақырғы өкілі Махмұт сұлтаннан қаланы Шейбани тартып алады. Ал 1582 жылы Бұхардың жауынгер ханы Абдулла Түркістанды иеленіп, қаланың билеушілерін өз қолымен өзгертіп отыратын болады. Кесененің Әмір Темірдің өліміне байланысты бітпей калған жұмыстарының біразы осы Абдулла хан кезінде қайтадан қолға алынады. 17 ғасырдың басынан Түркістан қазақ хандығының астанасына айналады. Алғаш осында хандық байтағын тұрғызған Шығайұлы Есім болады. Хиуа ханы Абылғазы мұнда үш рет болып, көп тарихи мағлұмат жинаған. Абылғазы өзінің жазбаларында Есім ханның Ташкент билеушісі Тұрсынды кектесіп, шауып өлтіргенін айтады. Есім ханнан кейін Түркістанды Жәңгір ханнан соң Батыр хан, сонан кейінгі жерде Тәуке хан билейді. Тәукенің кезінде «Жеті жарғы» аталатын аса маңызды заңдар қабылданғаны мәлім. «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол» деген сөздерде де сол хандардың заманында қалыптасқан кәделі дәстүрлерді әйгілейтін терең сырлар жатыр еді. Түркістанды байтақ астана еткен ең соңғы даңқты хан Абылай болады. Қожа Ахмет кесенесі қазақ хандары мен аса беделді билер, елдің ең ардақты адамдары жерленетін орынға – пантеонға айналған. Мұнда көшпелі өзбек, қазақтар ханы Әбілхайыр 1460 жылы қайтыс болған.

Жоңғар жаулаушылығы кезінде астана қала Түркістан 25 жыл бойына жаудың қарауында болды. Түркістанның жау қолында қалып қоюы елдің жанына ауыр батқан. Халық ақындары шығарған дастандарда осы ахуал өте әсерлі жырланған. Сол замандағы халықтың бастан кешкен қасіретті хәлінің суреті «Қаратаудың басынан көш келеді» деген исі қазақ баласына мәлім тарихи өлеңнен көрінеді. Жоңғар алапатының ақыры қазақтардың Ресеймен одақтастық іздеуіне, патшалық қарауына өтуіне ұласканы белгілі. 1800 жылы Поспелов пен Бурнашев Павел 1 патшаның тапсырысымен Ташкент уәлаятында болғанда Түркістан жөнінде көп мағлұмат алып қайтыпты. Олардың айтуынша, Сырдарияның оң қанатындағы бұл өңір кең де келісті жасыл жазық. Түркістан төңірегіне қарай Қаратаудан көп өзен, бұлақ ағады. Әйгілі бұл қала көп соғыстардан сан рет қираған. Бұл кала көп уақыт қазақтар қарауында болған Одан кейін Бұхар хандығына бағынған, 1799 жылы Ташкент иелігіне өткен. 1819 жылы қаланы Қоқан ханы Омар басып алды, содан 1864 жылға дейін қоқандар бодандығында болады.

Ресей әскерлерінің Түркістанды алу тарихы жеке тоқталуды керек етеді. Орынбор қарауындағы әскерден алынған үлкен жасақты бастап полковник Н.И.Верёвкин Перовскі (Қызылорда) қаласынан 1864 ж. 22 мамырда шығып, Түркістанға беттейді. Оның қол астында бес рота жаяу әскер, 200 атты қазақ – орыс, 10 зеңбірек, 5 мортир болған. Патша қосынында 44 офицер және 1593 солдат бар еді. Солдаттар Қоқан сарбаздарын ысыра отырып, 8 маусымда Қарашыққа жетеді, арада бір күн өтпей-ақ гүл жайнаған қаланың түбіне келеді. Түркістан барлық жағынан да қалындығы 3 метрлік қалың дуалмен қоршалған еді. Қоқандықтар патша әскеріне оқ төгіп қарсы алады. Патша әскерінің зеңбірек оқтары қамалдың дуалдарын бұзып өтеді. 1864 жылдың 12 маусымы күні орыс әскерлері Түркістанды қоқандықтардан азат етеді. Патшалық Ресейдің қарамағында (1864-1917) жарты ғасыр өткізген болатын

Түркістан шаһары. Түркістан қаласы Қазан революциясы қарсаңында бүкіл Ресей өміріндегі саяси процестер мен қозғаушы күштердің демімен тыныстап, өз тарапынан үн қосып отырды. Түркістан стансасында 1915-жылы социал-демократтардың жасырын тобы темір жол мастерлері мен мақта тазартатын зауыттың жұмысшыларынан құрылып, стансадағы темір жол училищесінің кейбір мұғалімдері мен оқушылары да қатыса бастады. Олар Арыс-Түркістан-Шиелі учаскесінде жұмысшылардың арасында революциялық жұмыс жүргізуге көмектесті, үнқағаздар (листовка) мен әдебиеттерді жасырын таратты. Түркістан қаласының мәдени-әлеуметтік жағдайының, сол кездегі өзге аудан, қалалардан біршама дұрыс болуы, біріншіден, Орынбор-Ташкент темір жолының Түркістан арқылы өтуі еді. Соның арқасында үлкен локомотив депосы салынып, онда 1000-ға тарта адам еңбек етті.

20 ғасырдың бас кезіндегі Түркістан қаласының ауқымын үшке бөліп қарау керек: Біріншісі-ескі қаланың орны-қазіргі Күлтөбе аумағы. Екіншісі-жаңа қала, кесенеден шығысқа қарай түскен орамдар. Үшіншісі-Борисовка қалашығы. Бұл-теміржол вокзалының солтүстік жақ беті. 20 ғасырдың 60-70 жылдарында қалада өндіріс, өнер кәсіп орындары күрт өсті. Өткен 74 жылдың ішінде мәдениет саласында да оң өзгерістер, жетістіктер болды. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында қызыл отау жұмыс істеді. 20-30 жылдары мәдениет клубтары ашылып, мылқау кинолар көрсетіле бастады. Тарих сахнасында ерекше ойып орын алған киелі шаһардың рухы сынған емес, басыннан талай қиын күндер кешседе, халқы ерлікпен жауды қарсалды, сағы сынған жоқ, өйткені келешектен зор үміт күтті, арман ақталды, қала жоғары деңгейде шарықтады. 2018 жылдың 19 маусым айынан бастап облыс орталығына айналды.

Ардақ БЕЙСЕНОВА,
«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени-қорық музейінің экскурсоводы.

Leave a reply